» Материалы за Тамыз 2019 жылы

«Жәрдем» медициналық пойызын қаржыландыру үшін 120 миллионнан астам теңге бөлінді

Kyzylorda-news.kz. Пойыз 24 желтоқсанға дейін Қазақстанның оңтүстік-батысын аралайтын болады.


 Бұл - Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының аумағын қамтуға бағытталған қосымша медициналық пойыз. Пойыз жұмысына ҚР ДСМ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 127,6 миллион теңгеден астам қаражат бөлген.

Ағымдағы жылдың 29 сәуірінде жолға шыққан «Денсаулық» медициналық эшалоны да 2019 жылдың 20 желтоқсанына дейін өз жұмысын жалғастыра береді. Бүгінге дейін жеті облысты аралап үлгерген пойыз қызметінен 15 мыңдай жергілікті тұрғын қажетті кеңес алып, ем-дом қабылдаған.

Еске сала кетейік, Қазақстанда 2010 жылдан бері елдің түкпір-түкпіріндегі елді мекен тұрғындарына медициналық көмек көрсететін ірі жоба жүзеге асырылып келеді. Тұрғылықты жердің шалғай орналасуына байланысты осы азаматтар, көп жағдайда, кәсіби медициналық көмек ала алмайды.

Бүгінде диагностикалық және емдік құралдармен жабдықталған және түрлі саладағы дәрігерлер тобы жасақталған арнайы теміржол құрамдары елді аралауда. Пойыздың жұмыс режимі дәрігерлердің тұрғындарды күнұзақ қабылдауына қарай құрылған. Диагностика және емдеу шаралары тегін жүргізіледі. Бұдан бөлек, елді мекен тұрғындарына 2020 жылдан бастап қолданысқа енгізілетін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі, оның негізгі қызметі туралы ақпарат берілуде.

Медициналық пойыздар – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ортақ жобасы.

https://syr-media.kz/news/11696-zhrdem-medicinaly-poyyzyn-arzhylandyru-shn-120-millionnan-astam-tege-blnd.html

29-08-2019, 17:04

Алтын қолды дәрігер

Сағымбай Қарақұлұлы өзінің саналы ғұмырында облыстың хирургия саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол облыс халқының денсаулығын қорғауда аянбай еңбек етіп, талай жанға екінші өмір сыйлаған алтын қолды дәрігер.  Мыңдаған шәкірт дайындаған абыз ұстаз.

Жоғары біліктілік санаттағы дәрігер хирург «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен, «Еңбек қызыл ту» орденімен марапатталып,  «Алтын дәрігер» атағына ие болды. Облыстық медицина орталығының «Құрмет кітабына» енгізілді, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен, денсаулық сақтау саласының Алғыс хатымен, «Облыстық медицина орталығының дамуына қосқан үлесі» үшін медалімен,  «Құрмет» орденімен марапатталды.

Жетпісінші жылдардың орта тұсы. Алматы медициналық институтын бітіріп, облыстық ауруханаға ординатор-дәрігер болып орналастым. Жас болсам да, «Құлсартов» тегі маған да таныс. Кешегі сыртынан бақылайтын дәрігердің қол астына келіп, еңбек жолымды бастадым.

Сағымбай Қарақұлұлының шәкірт тәрбиелеудегі өзіндік жолы болыпты. Әрине, ол жолды жылдар өте келе түсіндім. Оқуды жаңа аяқтаған жаспын, бұрыннан келе жатқан хирургтарға қараймын.  Әсіресе, Сағымбай Қарақұлұлының қасына жақындап, ота үстелінде қатар тұру – бір бақыт.

Ол 55 жыл бойы облыстық аурухананың хирург дәрігері, хирургия бөлімінің меңгерушісі, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бас хирург маманы, хирургтардың облыстық қоғамының төрағасы, ҚР хирургтар ассоциациясы Қызылорда филиалының директоры қызметтерін атқарды.

Ол кісі аса талапшыл еді.  Аптасына төрт күн жоспарлы түрде ота жасайды да, одан кейінгі күндерде сенің ойлануыңа мүмкіндік туғызады. Жас болсам да үлкен жауапкершілік артты ма, әлде  шәкірт тәрбиелеудің бір түрі ме, әйтеуір, сол кездегі Сағымбай Қарақұлұлы бастаған ұстаздарым ота жасалған науқастарға медициналық қайта қарауды (обход), олардың қағаз бетіне түсірілетін жазбаларын тастап кететін еді. Ота жасаймын, күніге 50-60 науқасқа обход жасап, соңында түн жарымына дейін, қағаз толтырамын. Жаспыз ба, әлде үлкенге деген құрмет пе, шаршауды білмедік.

Сағымбай Қарақұлұлы  апта сайын хирургиялық лездеме өткізеді. Сол жерде хирургиялық жаңашылдықты енгізу, жасалған оталардың қателіктері,  жетілдіру түрлері, клиникалық ойлау, күту процестері туралы талдау жасайтын.  Лездемеден соң, барлығымызды жанына ертіп, жақсылап шай ішетін орынға апаратын.

Иә күндер мен жылдар өз кезегінде кетті. Қазір ойланып отырсам, сол кездегі Сағымбай Қарақұлұлының атағының шығуын  «торнадо» дауылымен салыстыруға келетін еді. Себебі, ол кісіде хирургиялық шеберлікпен бірге, клиникалық сұңғыла ойлау қабілеті қатты дамыған еді. Әрбір салған тігісінің өзі шебер суреттің графикасындай сызылатын. Бұл да бір табиғаттың пендесіне берген үлкен сыйы болса керек. Ал сол дарынды ұстазым өзі ғана иемденбей, жапырақ жайып, тамырлауына, бүршік атуына жағдай жасады.  Ол жылдары дәрігердің басты құралы – басы мен дәрігерлік пайымы болатын. Қазіргідей диагнозды қойып беретін қымбат қондырғылар болған жоқ, екі қолыңа, түйсігің мен шешіміңе сүйенетін едің.

Сөз басында айтқанымдай, Сағымбай Қара­құлұлының шәкірт тәрбиелеудегі тактикасы – аптасына үш күн сенімен науқасты бетпе-бет қалдыру, отадан кейін обходтың барысын зерделеу, сауатты диагноз қойып жаза білуді үйрету екен.

Ұстазымның жанында жүру, ой бөлісу, қателікті бірге іздеудің нәтижесінде Сағым­бай Қарақұлұлын өзіміздің арқамызды тірейтін асқар тауымыздай сезініп кеттік.  Уақыт өте келе,  өзімізде де батылдық пайда бола бас­тады. Ұстазымыз жанымызда жоқ болса да,  Қызылорда табанында екенін білсек болды, дербес ота жасай беретін жағдайға жеттік. Өйткені «абайсызда қате кетсем, Сағымбай Қарақұлұлы артымызда» деген сенімділік бар еді.

Қазір мен де сол үрдісті ұстанып келем. Ізімнен ерген қаншама шәкірттерім бар. Сол кезеңдегі менің ұстазыма деген ілтипатымды, қазір маған шәкірттерім көрсетіп жүр. Тамыры тереңге кеткен дарақтың  жапырақ жаюы ерекше болатыны хақ дүние.    Халқымызда «көзден кетсе де, көңілден кетпейді»  деген әдемі тіркес бар. Үнемі жүректе сақталатын ұстаздың орны ерекше.

Абдулла ШҮЛЕНБАЕВ,

Денсаулық сақтау ісінің үздігі.

https://syrboyi.kz/tagilim/32433-altyn-oldy-drger.html

27-08-2019, 13:14

Медицинадағы инфрақұрылым жаңарып келеді

Kyzylorda-news.kz. 2026 жылға дейін облыстың денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытуда ерекше көңіл бөлініп отыр. Ол үшін бюджет есебінен және жеке инвестицияны тарту мақсатында 81 миллард теңгеге 107 нысанның құрылысын салу мен жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды.


 Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Жақсылық Абдусаметов баяндады.

"2019 жылы өңірлік перспективалық жоспар аясында 8,3 млрд. теңгеге инвестиция тартуға 21 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның ішінде, жалпы құны 9,4 млрд. теңгені құрайтын екі аудандық аурухана, 17 алғашқы медициналық көмек нысандары бар.

Мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында, құны 1,1 млрд. теңгеге құрайтын, екі ірі медициналық құрал-жабдық сатып алынуда. Олар облыстық көпбейінді ауруханасына және Қазалы ауданаралық ауруханаларына қойылған ангиографиялық қондырғылар. Бұл қондырғылардың көмегімен жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға, дер кезінде медициналық көмек алуға жағдай туғызу", - деді аймақтың бас дәрігері.

https://syr-media.kz/news/11542-medicinaday-infrarylym-zhaaryp-keled.html 

21-08-2019, 13:31