» Материалы за Қазан 2019 жылы

Жүрегі жылы, емі шипалы

Бұрынғы аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының көрегендігі, іскерлігі және тынымсыз еңбегінің арқасында қаражат көздері іздестіріліп, Қазалы ауданында жаңа аурухана салынып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ондағы Ангиограф аппараты Қазалымен бірге Арал, Қармақшы аудандары және Байқоңыр қаласы тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Денсаулық сақтау ордасындағы кардиология бөлімінің меңгерушісі, кардиолог дәрігер Ләззат Жұбанова жаңадан құрылған ұжымды ортақ іске жұдырықтай жұмылдырып, науқастардың жағдайын жасауға күш салып келеді.


Жетпістің желкенін көрген тұста жүрек қыспасына ұшырап, аталған ауданаралық Орталық ауруханасына жедел жәрдем көмегімен келіп түстім. Мені қара торы, жүзі жарқын, сөзі майда дәрігер қабылдап, өзінің аты-жөні мен қызметін айтты. «Жақсы сөз – жан семіртеді» – дегендей, дәрігер Ләззаттың жылы сөзі, ауруымды сейілткендей болды. Палатаға жатқызып, толық тексеруден өткізіп, каронография жасауға рұқсат берді. Әрине жүрекке ота жасайтын жерде облыстық медицина орталығының рентген-эндоваскулярлы хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Исмайыловтың жетекшілігімен жоспарлы емдеу шаралары жүргізіліп, қасында жергілікті аурухананың дәрігерлері Кенесары Қоспаев, Аян Қазиұлы, фельдшер Қасқырбай Молдабаев, мейіркеш Әлия Сүлейменова, рентген лаборант Ғалымжан Жайылқановтар болды. Білікті дәрігерлердің арқасында ота жеңіл өтті. Бұрын да облыстық ауруханада Нұрлан Тоқтағұлұлы маған екі рет ота істеген. Бұдан кейінгі ахуалды қолына алған Ләззат ақауы бар жүректі емдей бастады.

Біздей қариялардың еркелеген баласындай, өзінен кейінгі жастарға ақылшы анасындай болып жүреді. Әрине бұндай биязы мінез, тұла бойындағы тектілік бір өзіне жарасып-ақ тұрады. Өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі жоғары маман расында үлкен құрметке лайық. 

Аурудың беті қайтып, сауыққаннан кейін Ләззаттан өмірдерегі жайлы сұрағанымда 1979 жылы 14 сәуірде Қазалы ауданында дүниеге келгенін білдім. 1996 жылы Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектепті үздік бітіріп, Ақтөбе қаласындағы медицина институтына түсіп, 2004 жылы ойдағыдай бітіргеннен кейін, Жетес би ауылдық емханасына учаскелік дәрігер болып орналасады. Жаңадан келген жас маманға учаскелік дәрігер болып жұмыс істеу біраз қиыншылықтар туғызады. 

Аудандық емханаға кардиолог дәрігері болып ауысып, 4 ай Алматы қаласында УЗИ жүрек мамандығы бойынша оқып келіп, 2018 жылы сәуір айында аудандық аурухананың терапия бөлімінде терапевт дәрігер қызметін атқарады. Сол жылы Облыстық кардиология орталығында тәжірибеден өтеді. Ізденімпаздығымен танылған жанға тиісті орындар ауданаралық ауруханадағы жаңадан ашылған кардиология бөлімі меңгерушілігі қызметін сеніп тапсырған. 

Ауруханадан шығар кезімде менің палатама келген науқас Бердібай Тілеков: «1952 жылғымын, Арал қаласында тұрамын, бұрын ауырмағанмын. Түн ортасында ауа жетпей кеудем қысып жатыр екен. Шұғыл жедел жәрдем шақырттым, кардиолог дәрігер Лайық Бижанова көмегін көрсетіп, осы ауруханаға жедел жәрдеммен әкелді. Бұнда келгеннен кейін Ләззат қызым күтіп алып, тексеруден өткізді. Жүрек тамырым 98% бітіп қалыпты, бір ажалдан қалдым. Екі күн жансақтау бөлімінде емдеді, міне палатаға шықтым, Ләззатқа айтар алғысым шексіз» – деп риясыз пейілін ақтарыла ортаға салды.

Жүрегі жылы, емі шипалы жандардың басын қосқан Қазалы ауданаралық ауруханасының кардиология бөлімі ұжымының қалтқысыз қызметіне көпшілік дән риза.


Сердалы ШАЛБАЕВ,

КСРО Денсаулық сақтау саласының үздігі,

Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер 

кеңесінің төрағасы

https://qazaly.kz/kogam/11834-zhreg-zhyly-em-shipaly.html 

26-10-2019, 16:09

ДӘРІГЕРГЕ МЫҢ АЛҒЫС

Əкем небəрі 46 жасында қан қысымынан қайтты. Не болғанын бағамдап та үлгірмедік. Қазір екінің бірінің шаужайына жармасқан бұл кесел анамды да айналып өтпеді. Үнемі жоғары қысымда жүруі қорқыныш еді мен үшін. Тамыздың 17 де қорқынышымыздың бекер еместігі білінді, анам инсульт алды. Таңғы 06.30 ұйқылы ояу абдырап қалдық. 

«Жедел жəрдем» күтіп отыратын уақыт жоқ. Жеңіл көлікпен Қазалыға жеткенше асықтық. Кіре берістегі темір жол ауруханасынан нейроинсульт орталығы ашылғанын жеткенде бір-ақ білдім. 

Жансақтау бөліміндегі сегіз күн. Есіктің сыртындағы үміт пен күдік арпалысын басынан өткендер ғана түсінсе керек. Миына қан шашыраған анамның 17 күн дегенде беті бері қарады. Аллаға шүкір!
Қазір осы аурухананың оңалту бөлімінде қалыпқа келтіру ем-домын алып жатыр. Аурухананың қызмет сапасына, мед.персоналдың өз міндеттерін мүлтіксіз орындайтындықтарына риза боласың.

Білікті невропатолог Талғат Жиенқұлов пен реанимация дəрігері Жасұлан Қуанышбаевқа алғысымыз алғаусыз. Талғат Алданұлы анамыз аяққа тұрғанша дəрігерлік уақытын да, тəжірибесін де аямады. 

Қармақшы, Арал, Қазалы аудандарына арналған бұл орталық өте орынды ашылған. Əсіресе осы үш ауданда аталмыш дерт өршіп тұр. Қан қысымының қақпанынан осындай жабдықталған орталық қана құтқарса керек


Үйтолған Жареке

23 қазан күні, сағат 01:46 ·

«Фейсбук» әлеуметтік желісінен 



24-10-2019, 08:32

Екпе алмаған балаларды балабақшаға қабылдағандар жауапқа тартылуы мүмкін

Kyzylorda-news.kz. Екпе алмаған балалар мектепке дейінгі ұйымдарға кіргізілмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары – бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин айтты.

«Мектепке дейінгі ұйымдарға вакцинациядан өтпеген балалар кіргізілмейді. Бұл шектеудің екпеге медициналық тұрғыда қайшылығы бар балаларға қатысы жоқ. Не үшін олай еттік? Себебі, екпе медициналық тұрғыда ағзасына кері әсер ететін балалар да бар. Яғни, оларға екпе жүргізілмейді», - деді Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, туғаннан иммунодефицитпен өмір есігін ашатын балалар бар. Халықтың 95 пайызына екпе жасалса, екпе жасалмауы тиіс адамдар тобын аурудан қорғап қалуға мүмкіндік бар.

Баласы балабақшаға барарда ата-ана учаскелік педиатрға барып, денсаулық паспортын алатынын, онда баланың екпе алғаны туралы мәлімет болуы керек екенін де айтып өтті.

«Баланы балабақшаға апаруға болатыны құжатта жазылады. Егер ондай қорытынды денсаулық паспортында болмаса, мектепке дейінгі ұйым басшысының оны кіргізуге құқығы болмайды. Егер басшы бұл талапты бұзатын болса, тексеріс кезінде бұл фактінің барын білсек, бастабында онымен, баланың ата-анасымен де түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Егер ол ары қарай да бұл шектеуді қабылдамаса, онда басшыға тиісті ұйғарым беріледі. Ұйғарым орындалмаса, іс сотта шешіледі», - деді Жандарбек Бекшин.

https://syr-media.kz/news/12799-ekpe-almaan-balalardy-balabashaa-abyldaandar-zhauapa-tartyluy-mmkn.html 


21-10-2019, 12:55

Қазақстанда электронды денсаулық паспорты іске қосылды

Kyzylorda-news.kz. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық құжаттаманы қағазсыз цифрлық жүйеге көшіру аясында денсаулық сақтау ұйымдарында пациент туралы ақпаратты жинау, сақтау және алмасу үшін электронды паспортты енгізді. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев мәлімдеді.

«Электронды денсаулық паспортының негізгі мақсаты - медицина саласындағы бүкіл мәліметті жинақтау, талқылау және ары қарай қандай шешім қабылдау керектігіне көмектесу»,- дейді вице-министр.

Оның айтуынша, 2018-2019 жылдар аралығында медициналық ұйымдарда 600-ден астам қағаз түріндегі есептік-тіркеу жүргізілген.

«Еліміздегі азаматтар емхана немесе медициналық ұйымдарға барған кезде бұл мәліметтер электронды денсаулық паспортына жазылады. Осылайша сіз Электронды үкімет порталы немесе мобильді қосымша арқылы қай емханаға тіркелгеніңізді, сізді қай дәрігер емдейтінін, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында қандай дәріні тегін алатыныңызды, сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін басқа да медициналық қызмет түрі туралы біле аласыз»,- дейді Олжас Әбішев.

Вице-министр цифрландырудың арқасында медицина саласындағы заңбұзушылықтар анықталғанын айтты.

«Өткен жылы біз 100 мың адамға тегін дәрі-дәрмек берілгені тіралы СМС-хабарлама жіберіп, 8 мың адамнан тегін дәрі-дәрмек алмағаны туралы жауап алдық. Осындай алаяқтық әрекеттер цифрландыру арқылы анықталды», - дейді ол.

https://syr-media.kz/news/12776-azastanda-elektrondy-densauly-pasporty-ske-osyldy.html 

18-10-2019, 13:25

Қазақстандықтарға дәрігерге қаралу үшін ақысы төленетін қосымша 5 күн демалыс беріледі

Kyzylorda-news.kz. Қазақстан азаматтарына скринингтен өту үшін ақысы төленетін қосымша 5 күнге дейін демалыс берілмек. Мұндай норма «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасының жаңа редакциясында қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кодексте жұмыс берушінің жауапкершілігі де қарастырылып отыр. Олар қызметкерлеріне скринингтен өту үшін 5 күнге дейін ақысы төленетін демалыс береді. Барлық азаматтардың белгілі бір скринингтен тегін өтуге мүмкіндіктері бар. Балаларды жыл сайын медициналық тексеруден өткізу де қарастырылған. Жұмыс беруші ақысы төленетін демалыс беруге міндетті. Оны орындамаған жағдайда жұмыс берушіге айыппұл салынады»,- деді Мәжілісте аталған кодекс жобасын таныстырғаннан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Осы орайда министр жұмыс беруші қызметкерін скринингтен өту үшін ақысы төленетін демалысқа жіберсе қайда шағымдануға болатындығын айтты.

«Заң бойынша осындай жауапкершілік енгізілгеннен кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек құқықтарын қорғау, Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметтердің сапасын бақылау салаларындағы комитеттеріне шағымдануға болады», - деді министр.

https://syr-media.kz/news/12750-azastandytara-drgerge-aralu-shn-aysy-tlenetn-osymsha-5-kn-demalys-berled.html 

17-10-2019, 13:33

Енді зейнеткерлер емханаға бір ғана өтінішпен тіркеле алады

Kyzylorda-news.kz. Азаматтардың бірқатар санаты емханаға қағаз жүзінде тіркеле алады.

«Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға бекіту» мемлекеттік қызметін алу кезінде туындаған мәселелерді шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің өкімі бойынша Азаматтардың кейбір санаттарына емханаға тіркелу қағаз жүзінде рұқсат етілген.

«ҚР Денсаулық сақтау вице-министрінің тапсырмасына сәйкес Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін барлық медициналық ұйымдар 2019 жылдың 1 қазанынан бастап НҚА-ға өзгерістер енгізілгенге дейін келесі тұлғалар үшін емханаға бекітуді қағаз түрінде жүзеге асыру қажет: зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала жасынан мүгедек жанға тағайындалған қамқоршылар (бұл санаттағы жеке тұлғалар кәмелетке толған болуы мүмкін), сондай-ақ, қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронаттық тәрбиешілер және ҚР заңнамасына сәйкес қамқорлық көрсету, білім беру, тәрбие беру, баланың құқықтары мен мүдделерін қорғаумен (заңды өкілдер) айналысатын өзге де тұлғалар, жазасын колонияларда өтеп жүрген сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, тіркеуді сенімхатпен ресімдеген сәбилер, жетімдер, қарттар үйлері», - делінген ведомство хабарламасында.

Яғни, енді емханаға тіркелу үшін зейнеткерлер, мүгедектер, қамқоршылар немесе қорғаушылар, патронаттық тәрбиешілер мен балалардың заңды өкілдері, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шетелде туған балалар, сәбилер, жетімдер, қарттар үйлеріндегі балалардың өкілдері, сондай-ақ, сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар және сотталғандар қағаз жүзінде өтініш жаза алады.

Барлық ақпарат fms.kz сайтынан алуға болады.


https://syr-media.kz/news/12721-end-zeynetkerler-emhanaa-br-ana-tnshpen-trkele-alady.html 



16-10-2019, 13:38

Қызылорда облысының тұрғындары қандай ауруларға жиі шағымданады?

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының 12 шалғай станциясының тұрғындары «Жәрдем» медпойызың мамандарынан медициналық кеңес пен алғашқы медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болды.

Қазіргі уақытта медициналық пойыз Ақтөбе облысының шалғай бекеттерін аралауды бастады, ол алдағы жиырма күн бойы облыстың 15 аудан орталығы мен ауылдарына тоқтайды.

Бүгінгі күнге дейін «Жәрдем» пойызы «Денсаулық» медициналық пойызымен бірге еліміздің 35 576 тұрғынын тексерістен өткізді.

«Жәрдем» консультациялық-диагностикалық пойызының мамандары Қызылорда облысының 3 778 тұрғынын қабылдады, оның 708 бала. Барлығы 21 769 дәрігерлік қабылдау тіркелген. 19 шағын хирургиялық операция жасалды. Хирург дәрігердің қабылдауында 1481 адам болған, уролог 1198 адамды қабылдаған.

Тұрғындардың көп бөлігі терапевт дәрігерге жүгінген – 3 778 адам, офтальмолог – 2 513 адам, ЛОР 2 482 пациент қабылдап үлгерген. Барлығы 1 702 ЭКГ, 47 – ФГДС, 1511 – УДЗ (УЗИ), 157 – флюорография жасалған.

«Бұл облыста жиі кездесетін ауруларға қант диабетін, жүрек кан тамырлары ауруларын, урологиялық, гинекологиялық, неврологиялық, ЛОР және офтальмологиялық аураларды жатқызуға болады»,- деп атап өтті бас медбике Дана Сағынбекова.

Естеріңізге сала кетсек, медициналық бригада құрамында терапевт, педиатр, гинеколог, xирург, ЛОР, кардиолог, невропотолог, офтальмолог, уролог, онколог-маммолог, стоматолог сияқты мамандар жұмыс істейді.

Пациенттер медициналық пойыз мамандарынан тұрақты тексерістен өтіп тұрудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Біз медициналық пойызға өте қуаныштымыз, себебі аталмыш пойыз бізге және балаларымызға үлкен көмек көрсетіп жатыр. Бізге, яғни ауыл тұрғындарына қалаға барып, қажетті медициналық көмек алу қиынға соғады»,- деп өз пікірін білдірді пациент Дина Ниязова.

Жылдың аяғына дейін «Жәрдем» медициналық пойызы оңтүстік және батыс Қазақстанның 6 облысының 78 шалғай бекетін қамтуды жоспарлап отыр. Бүгінге дейін ол Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарын аралап үлгерді. Одан әрі пойыз кестесі бойынша Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстары қалды.

Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан Samruk-Kazyna Trust Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және «ҚТЖ» ҰК» АҚ жанындағы Әлеуметтік жобалар қорымен бірге, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ат салысуымен жүзеге асырылып жатыр. Өз кезегінде, Қызылорда облысының әкімдігі шалғайдағы ауылдардың тұрғындарын ақпараттандыруда қолдау көрсетіп, оларды медициналық пойыз жұмыс істейтін станцияларға жеткізуді ұйымдастырды.

Пойыз кестесімен www.medpoezd.kz және www.sk-trust.kz/ru ресми сайттарында таныса аласыздар.

baq.kz



16-10-2019, 13:16

«Медицина – пациент» жобасы: Бірлескен іс нәтиже береді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Президент Жолдауынан туындаған міндеттерді орындау барысында  салада атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтты.

Басқарма басшысының айтуынша, тегін меди­циналық көмектің кепілдік берілген шеңберінде қызмет көрсететін жекеменшік медицина ұйымдарының саны жылдан жылға көбейіп келеді. Биылғы жартыжылдықта олардың үлесі 52,3 процентті құраған. «Қызылорда облы­сының 2019-2026 жыл­дарға арналған өңірлік перс­пективалық жоспары» бекітілді. Онда денсаулық сақтау жүйесінің инфра­құрылымын дамытуда бюджет есебінен және жеке инвестиция тарту арқылы 2026 жылға дейін 81 млрд теңгеге 107 нысанның құрылысын салу мен жөн­деу жоспарланған.

Бүгінде медициналық кө­­мек көрсетуде «Медицина  – пациент» жобасы жү­зе­ге асырылуда. Бұл – нау­қастарды қатыстыру ар­­­қылы жүргізілетін ау­ру­­лар­ды басқару бағдар­ла­масы.

– Жоба негізінде дис­пан­серлік есепте тұра­тын науқас өз ауруына байланысты медицина қыз­меткерінің көмегімен емін бақылауда ұстайды. Қазіргі кезде қант диабетімен, созылмалы жүрек ауруымен және қан қысымымен диспансерлік есепте тұра­тын науқастармен медицина қызметкері арасында әлеуметтік-ынтымақтастық келісімі жасалуда. Медицина қызметкері науқасқа қажетті медициналық тұрғыда көрсетілетін бар­лық көмек, оның ішінде уақытылы тексерілуі, тегін дәрі-дәрмекпен қамтылуы, жоспарлы емделуі, зерт­ханалық тексерулерін қам­та­масыз етеді. Ал науқас өз денсаулығына жауап­кершілікпен қарап, дәрігерлік нұсқауларды бұл­жытпай орындауға тиіс. Қазір жобаға аталған 3 нозология бойынша 19030 пациент қатысып отыр. Қатысуға тілек біл­дірушілер аймақтық дәрігерімен бірлесе жұ­мыс жасай алады,– деді басқарма басшысы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында  ана мен бала денсаулығын нығайту және келер жылдан бас­тап енгізілетін міндетті әлеу­меттік медициналық сақ­тандыруға байланысты тапсырмалар берген болатын.

– Ана мен бала ден­сау­лығын қорғау – Мемлекет басшысының назарында тұрған басым бағыттардың бірі. Жолдауда бұл туралы нақты міндеттер қойылып, тапсырмалар берілді. Жалпы, ана мен сәби саулығын сақтау – саладағы негізгі бағыт. Біздің аймақ республи­када алғашқылардың бірі болып халықаралық ұйым­дармен (ДДСҰ; ЮНИСЕФ) бірлесіп, 2017 жылдан бастап пилоттық режимде, ал былтырдан бастап барлық жүкті әйелдер мен 0-ден 5 жасқа дейінгі балаларға арналған патронаждық қызмет көр­сетудің әмбебап-прогрес­сивті моделін енгізді. Бір­лескен істің нәтижесінде нәресте өлімі себептерінің ішінде үйде қайтыс болу жағдайлары – 24%-ке, жазатайым жағдайлардан қайтыс болу 44,1%-ке азайды,– деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, облыстың аймақтық ерекшелігі ес­керіле отырып, әйелдерді жүктілікпен тіркелген уа­қытында және жүктіліктің 30-аптасында жаппай электро­кардиограммаға тү­сіру міндеттелді. Бұрын білінбеген жүректің туа, жүре пайда болған ақаулары мен жүрек ырғағының түрлі бұзылыстары анық­талған жағдайда әйел­дердің  мамандар кеңесіне жүгінуге және жоғары маман­дан­ды­рылған медициналық көмек алуына мүмкіндік туды.

Брифингте сондай-ақ, келер жылдан бастап енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне дайындық барысы туралы да айтылды. Жаңа жүйенің маңызы мен ерекшелігі, ол бойынша көрсетілетін меди­циналық көмектер, жүйеге қатыстырылатын аза­мат­тар тобы туралы қаншама ақпараттық-на­си­хат­тық жұмыс жүр­гізіл­геніне қарамастан, ай­мақта әлі де 26 мыңнан ас­там азаматтың мәртебесі анықталмаған.


Айнұр БАТТАЛОВА.

https://syrboyi.kz/zedelnews/33502-medicina-pacient-zhobasy-brlesken-s-ntizhe-bered.html 



10-10-2019, 15:03

Дәрігерлерге 30% үстемақы қосылады

Kyzylorda-news.kz. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, құжат қазір Парламентке тапсырылып жатыр, деп жазады Informburo.

"Дәрігерлердің және медициналық қызметкерлердің мәртебесін көтеру бойынша ұсыныстар жаңа кодекс жобасына енгізілді. Кодекс жобасын талқылау барысында соңғы жағдайлар көтерілген. Дәрігерлерден, қоғамдық ұйымдардан ұсыныстар келіп жатыр. Парламентте мәселе әлі талқыланады", – деді министр.

Елжан Біртановтың айтуынша, Үкімет қажетті қаулыны қабылдаған. Осы мәселе бойынша парламенттік жұмыс басталмақ.

Сонымен қатар, денсаулық сақтау министрі келер жылдан бастап жұмыс берушілер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына әр жұмысшының жалақысынан 2 пайыз аударатынын жеткізді. Қазіргі таңда жұмыс берушілер 1,5 пайыз аударып отырғаны белгілі. Нәтижесінде қазір қорға 200 млрд теңге жиналған.

"Бұл ақша 1 қаңтардан бастап тегін медициналық қызметтерді қаржыландыру үшін пайдаланылады. Тегін медициналық қызметтерге жаңа айтылған қаражатпен бірге келесі жылдан бастап әр азамат өзінің жалақысынан 1 пайыз төлейді. Қосымша 1 пайыз өзіміз төлеп, 2 пайызды жұмыс беруші төлесе, 3 пайыздық қаражат қорға жиналып, келесі жылы жалпы медициналық сақтандыруға 600 млрд теңге жұмсалады", – деді Елжан Біртанов.

Министрдің айтуынша, келесі жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына мемлекет тарапынан 1 триллион теңге аударылмақ.

"Осылайша қорда 1,6 трлн теңге жинақталып, бұл қаражат тегін медициналық көмек көрсетуге жұмсалады. Бұл өз кезегінде тегін медициналық көмек түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді. Тарифтерді көтеру негізінде медициналық қызмет берушілердің жағдайы жақсарып, 1 қаңтардан бастап дәрігерлердің айлығына 30 пайыздық үстемеақы қосылады", – деді Елжан Біртанов.

https://syr-media.kz/news/12413-drgerlerge-30-stemay-osylady.html 



2-10-2019, 13:50

Қазақстандықтар медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін анализдерді ақысыз тапсыра алады

2020 жылы міндетті медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін қазақстандықтар ақысыз тапсыратын анализдер тізімі кеңейеді.

«Медициналық сақтандыру аясында біз халықты ақысыз қызметпен, оның ішінде диагностикалық және зертханалық зерттеулермен қамтуды кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бірақ мұнда кемшіліктер де бар. Біз заңнамалық бастамаларымыз аясында медициналық қызметкерлердің қажетсіз зерттеулерді тағайындағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті арттыруды жоспарлап отырмыз», - деді денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Елжан Біртанов.

Министр қажетсіз анализдер үшін дәрігерлердің жазаланатынын түсіндірді.


stan.kz


1-10-2019, 15:13