» Материалы за Желтоқсан 2019 жылы

Ана алғысына бөленген

Редакцияға келген ақ жаулықты ана амандық-саулықтан кейін: «Қызым, газет арқылы алғыс айтайын деп едім», – деп жаныма жақындады. Айтқан әңгімесінен осыдан бірнеше ай бұрын ауыр халде жансақтау бөліміне түсіп, ем-дом қабылдағанын аңғардық. Дертіне дауа іздеп барған шақта жанына жалау болып, үздіксіз шипасын жүргізген «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС-ның реанимация бөлімінің меңгерушісі Жасұлан Қуанышбаев пен нейроинсульт бөлімінің меңгерушісі Талғат Жиенқұловқа кейуананың ризашылығы шексіз.

«Әуелі Алла, содан соң Талғат пен Жасұланның арқасында аман қалдым» деген Бағдагүл Кішкенееваның сөзінен соң оқиғаның мән-жайын дәрігерлердің аузынан естуді жөн көріп, емдеу орнына жол тарттық.

Күнделікті қарбалас жұмыстан қолы қалт ете бермейтін дәрігерлер келген мақсатымызды білген соң: «Ауырып ем іздеп келген жанға қызмет көрсету, біздің басты міндеміз», – деп жылы қабылдады. Төтеннен келген дертпен күресіп, бірнеше ай төсекке таңылған Бағдаүл апа туралы сұрағанымызда: «Иә, есімде қан қысымы қатты жоғарылап, ауыр қалде түсті. Қолдан келгенді аянып қалмадық. Бір апта ішінде ем-дом жүргізіп, облыс орталығындағы ауруханаға жеткізген едік», – деп өткенді еске түсірді Жасұлан Серікұлы. Әріптесін құптай сөйлеген Талғат Жиенқұлов та: «Реанимацияға қандай күйдегі науқастар түсетіні айтпасада белгілі. Соңғы жылдары инсультке ұшыраған жандар қатары артып кетті. Осы орайда 2016 жылдан бері ауруханада ашылған нейроинсульт орталығынан Арал, Қармақшы, Қазалы аудандарының азаматтары ем алуда», – дейді.

Өз ісінің білікті маманы атанған қос дәрігер де көпшіліктің ықыласына бөленіп жүр. Бала күнінен медицина саласына қызығушылығы бар Жасұлан Қуанышбаев мектеп бітірген соң С.Асфендияров атындағы Алматы медицина институтынан хирург мамандығын меңгерген. Оқу бітірген жылы Алматыда қалып, жедел жәрдем қызметінде еңбек еткен ол, 2003 жылы туған жерге оралды. Медицина саласына етене араласып, халық денсаулығын жақсартуға бойындағы қабілеті мен білімін сарп етті. Тәжірибелі маман қазір реанимация бөлімінің меңгерушісі. Ал көптен бері медицина саласында қызмет етіп келе жатқан Талғат Жиенқұлов алғашында Семей мемлекеттік медицина институтының «Емдеу ісі» факультетінде білім алған. Бертін келе неврология мамандығын меңгерді. Еңбек жолында бірнеше сатылардан өтіп, басшылық қызметтерді де атқарды. Қазалы аудандық ауруханасында еңбек етіп жүрген білікті дәрігер 2013 жылы Құбыл Ршымбетовтың шақыртуымен Қазалы теміржол ауруханасына келді. Осы жылдан бастап, 2016 жылға дейін неврология бөлімін басқарды. Бүгінде нейроинсульт бөлімінің меңгерушісі. Нейроинсульт орталығы 20 төсекке арналған. Оның тең жартысы инсульттық, қалған 10-ы ерте оңалтуға бөлінген.

Адам ауруханаға дертінен айығу үшін келеді. Ем шараларынан бөлек, «Халіңіз қалай, апа?», «Алла жазса, құлан-таза айығып кетесіз, аға» деген бір ауыз тілекші сөздің өзі жаныңызға медет болары анық. Науқасқа қолының шипалығымен қатар жүрегінің жылылығын арнай білген дәрігерлермен аз-кем әңгімелесу кезінде осыны ұқтық.

Мамандығының мақтаулысына айналған ақ халатты абзал жандарға ана аманатын жеткізіп, тек ғана алғыс арқалауына тілектестік білдіріп, қоштастық.


Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

https://qazaly.kz/kogam/12590-ana-alysyna-blengen.html 

30-12-2019, 11:32

МӘМС мен ТМККК пакетін анықтау алгоритмі (орыс тілінде)

МӘМС мен ТМККК пакетін анықтау алгоритмі (орыс тілінде)  Скачать файл: osms-pilot-final_ks_ds-dlja-otcheta.zip [575,58 Kb] (cкачиваний: 0)
18-12-2019, 11:03