» Материалы за Ақпан 2020 жылы

«АНГИОГРАФ»: АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ, ДЕРТТІГЕ ДӘРМЕН БЕРЕДІ

Былтыр күзде Қазалы ауданындағы ауруханада алғаш рет жүрек-қан тамырларына ота жасалды. Осыған дейін ірі қалалардағы жабдығы сайлы медициналық орталықтарда ғана жасалатын отаны қорықпай қолға алған қазалылық кардиологтардың бұл еңбегі ерлікке тең еді. Жабдық демекші, қымбат, ең бастысы адам саулығын сақтауда аса қажетті «Ангиограф» аппараты республика аудандарының арасында алғаш рет осы Қазалыға қойылып отыр.
 
 
Әрине жабдық қаншалықты жетіл­дірілсе де онымен адам жұмыс істейді. Демек, дертке дәрмен табылуы сол қым­бат құрылғының «тілін табатын» дә­рі­гердің біліктілігіне байланысты. Қа­за­­лы ауруханасының кардиологиялық ор­талығындағы дәрігер-нейрохирург Ке­несары Бас­паев пен оның әріптесі Аян Қазиұлы А.Н.Сызғанов атындағы ұлт­­тық хи­­рур­гия ғылыми орталығының қай­­­та даярлау курстарынан өтіп, білім­дерін жетілдірген, облыстық медицина ор­­талығында тәжірибелерін толық­тыр­ған.
 – Қазір осы аурухана базасында жүрекке ота жасап жатырмыз. Негізі коронарографияның басты мақсаты – ауруды ерте анықтау. Осы орталық ашылған былтырғы күзден бері 100-ден астам ота жасадық. Науқастар отадан кейін осындағы 15 төсектік кардио­логиялық бөлімде жатып ем ала­ды, – дейді дәрігер-нейрохирург Кенесары Баспаев.

Аудандық аурухана осы орталықты ашуға 3 жылдай дайындалыпты. Ең әуелі мұндағы дәрігерлердің мемлекет тарапынан тегін берілетін әсері күшті «Активизие» препаратын тиім­ді пайдаланғаны ескерілген. Сол тұста облысты басқарған Қырымбек Көшер­баевтың бастамасымен аудандарда медициналық кластерлер құру мәселесі көтерілген кезде Қазалы кар­диологиялық орталық болуға лайық деп танылған. Осының нәтижесінде қазір облыс орталығынан шалғай жатқан аудандағы науқастар ем іздеп алысқа сабылмайды. Кардиоорталық Қазалымен қатар Арал, Қармақшы аудандары, Бай­қоңыр қаласы тұрғындары үшін қыз­мет көрсетеді. Жалпы, шалғай аудан­дарда медициналық кластер құру идеясы игілікті іс. Мысалы, Қаза­лыға көршілес Арал ауданында аку­шерлік орталық ашылыпты. Жақын аудандардағы науқастардың бәрі сонда барып қаралады.

– Жаңағы айтқан «Активизие» пре­паратының қан тамырларының бітел­ген тұстарын ыдыратып, ауруды болдырмауға тигізер септігі көп. Бірақ, кері әсері де жоқ емес. Қазір «Ангиограф» арқылы науқасты толық зерт­теп алуға мүмкіндік туып отыр. Кей­де оған препарат салудың қажеті бол­май, емнің басқа түрі жасалады. Дәрі егіл­генде де осы аппарат арқылы оның ауруға әсерін көріп отырамыз, – дейді бас дәрігердің орынбасары Бақытгүл Әлішева.

Дәрігерлердің айтуынша, инфаркт­ алған науқасқа 3-6 сағат ара­лы­ғын­­да жасалған ем жақсы дариды. «Ан­гиограф» аппараты арқы­лы айы­ғып кетіп жатқандар осы­ның дәлелі. Ең бас­тысы, құрылғы қаза­лылық кардио­логтардың өздеріне деген сенімін қа­лып­тастырды. Былтыр ота­ның 4 түрін жаса­ған дәрігерлер алда басқа да күрделі операцияларды қолға алмақ.

Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ,
 Республикалық "Егемен Қазақстан" газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі.


https://qazaly.kz/kogam/13125-angiograf-aurudy-aldyn-alady-derttge-drmen-bered.html 


12-02-2020, 11:01

Коронавирустік инфекция бойынша ауруханаішілік инфекцияның алдын алу шараларын күшейту туралы


1. Коронавирустік инфекцияға күдіктілерге медициналық көмек көрсету кезінде инфекцияны бақылау және алдын алу


Барлық пациенттер үшін қорғанудың стандарттық шараларын қолдану, о.і.:

1) қолдар мен тыныс органдарының гигиенасы:

- медициналық бетперде пайдалану;

- жөтелу немесе түшкіру кезінде мұрын мен ауызды бір реттік қағаз салфеткамен немесе бүгілген шынтақпен  жабу;

- тыныстық секреттермен жанасқаннан кейін, әрбір әжетханадан соң, тамақ ішер алдында қолды сабынмен мұқият жуу.

2) ине немесе үшкір құралдармен шаншып алудан сақтану;

3) қалдықтарды қауіпсіз басқару;

4) Медициналық құрылғылар мен жаймаларды өңдеу және стерильдеу.


2. Реанимациялық бөлімшедегі сақтандыру шаралары


  • Егер науқасқа реанимациялық шаралар қажет болған жағдайда, бөлімшенің шеткі палатасына жатқызылып, медициналық пост қойылады;
  • Күтуші және медициналық емшаралар мен манипуляция жасаушы медициналық қызметкерлер нұсқаулықтан өтеді;
  • ИВЛ аппаратына қосу кезінде нұсқаулыққа сәйкес контурлар, фильтрлер уақытылы ауыстыру қамтамасыз етіледі; 
  •  Медициналық қызметкерлер үшін қолдар гигиенасы үшін жағдай жасалады (сұйық сабын мен антисептикті шынтақ дозаторы, бір реттік сүлгілер).


3. Медициналық қызметкерлер инфекциялық бақылау қағидаларын қатаң сақтауы тиіс


Медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекцияның таралуы тәуекелін азайту мақсатында:

  • Медициналық бетперде пайдалану;
  • Көзді/бетті қорғау үшін (қорғаныш көзілдірік не қорғаныш бетперде пайдалану);
  • Ұзын жеңді су өтпейтін, таза, стерильді емес халат пайдалану;
  • Қолғаптар пайдалану;
  • Медициналық мақсаттағы бұйымдарды (катетерлер, отсостар, пробиркалар, инелер, ине ұстағыштар, маскалар, ИВЛ контурлары мен фильтрлері) және  медициналық құрылғыларды  (стетоскоп, қан қысымын өлшеуге манжеттер, термометрлер)  әрбір пациент үшін жеке пайдалану;
  • Егер құрылғы бірнеше пациентке пайдаланылатын болса, әрбір пайдаланылғаннан кейін дезинфекция жасалуы тиіс (70 проц. этил спиртімен 5 минут аралықпен 2 мәрте сүртіледі);
  • Ластанған қолдарды көзге, мұрынға не ауызға тигізуге болмайды;
  • Егер медициналық көрсетілімдер болмаса, пациенті бөлмеден тыс шығаруға және тасымалдауға болмайды;
  • УЗИ, рентген зерттеулерін жүргізуге дезинфекция жасауға ыңғайлы, қаптамасы бар портативтік құрылғылар пайдалану қажет;
  • Науқасты тасымалдау қажет болған жағдайда персоналға, басқа пациенттерге жұқтырмау мақсатында  алдын ала анықталған және келісілген транспорттық маршрутты пайдалану қажет;
  • Пациентке медициналық бедперде кигізу керек;
  • Пациентті тасымалдаушы медициналық қызметкерлер жеке сақтану құралдарын пайдаланып, қолдар және тыныс органдарының гигиенасын сақтау қажет;
  • Пациентті стационарға «жедел жәрдеммен» тасымалдау барысында қабылдау бөлімшесін қажетті қауіпсіздік шараларын жасау үшін  алдын ала хабардар ету керек;
  • Пациент жанасқан жерлер үнемі тазаланып және дезинфекция жасалып отыруы тиіс;
  • Коронаинфекцияға күдікті пациенттермен қарым-қатынаста болатын медициналық қызметкерлер, отбасы мүшелерін және келушілер санын шектеу;
  • Пациенттің палатасына кіргендердің барлығы, о.і. кестеге сәйкес персонал және келушілер есепке алынуы тиіс.


3. Медициналық қалдықтарды жою


  • Қалдықтарды жинау, сақтаужәне шығару медициналық қалдықтарды басқару схемасына сәйкес орындалуы тиіс.
  • Персонал арнайы киім мен жеке қорғаныш құралдарының жиынтығымен қамтамасыз етіледі.(халаттар/комбинезондар, қолғаптар, бетперделер/респираторлар/қорғаныш қалқаншалар, арнайы аяқкиім, алжапқыштар,жеңқаптар және т.б.)
  • Арнайы киімді жуу орталықтандырылады. Арнайы киімді үйде жууға тиым салынады.
  • Қалдықтар көп реттік сиымдылықтарға не бір реттік пакеттерге жиналады. Бір реттік пакеттер арнаулы арбаларға не көп реттік контейнерлерге салынады.
  •  Қалдықтарды жинауға арналған сиымдылықтар  мен арбалар белгіленеді.
  • Толтырылған көпреттік сиымдылықтар не бір реттік пакеттер арнайы белгіленген осы қалдық сыныбына арналған контейнерлерге салынады.
  • Көп реттік ыдыстар босатылғаннан кейін жуылуға және дезинфекциялануға жатады. 
  • Қалдықтарды тасымалдау жасалған келісім-шартқа сай ұйымдастырылады.
  • Медициналық қалдықтарды тасымалдаумен айналысатын персонал арнайы киім мен жеке қорғаныш құралдар жиынтығымен қамтамасыз етіледі (қолғаптар, бетперделер/респираторлар/қорғаныш қалқаншалар, арнайы аяқкиім, алжапқыш)


Кір жуу

  • Науқас пайдаланған төсек жаймасы ластануына қарай және 7 күнде бір рет ішіне клеенка қап салынған қақпағы бар бакке не  шелекке жиналып, арнайы бөлмеде сұрыпталып, әрі қарай жууға жіберіледі.
  • Пайдаланылған жаймалар мен төсек бұйымдарын сақтауға арналған бөлме стеллаждармен, қол жууға арналған раковинамен, сабынмен, қақпағы бар ыдыстармен,қаптармен, жинау мүкаммалымен, шүберекпен, дезинфекциялық ерітінділермен жабдықталады.
  • Пайдаланылған жаймалармен жұмыс жасайтын санитарка арнайы киіммен (халат, орамал, клеенка алжапқыш), резеңке қолғаппен, респиратормен(бетперде) және аяқ киіммен қамтамасыз етіледі.
  • Науқастың бөлінділерімен ластанған жайма тез арада арнайы ыдыста залалсыздандырылады, содан кейін ылғал күйінде жууға жөнелтіледі.
  • Жаймалар жууға жіберілген соң бөлмеге дезинфекциялық құралдарды пайдаланып ылғалды жинау жүргізіледі, содан кейін санитарка гигиеналық душ қабылдап, киімдерін киеді.
  • Науқас шыққаннан кейін төсек жабдықтары стационарлық дезинфекциялық камерада залалсыздандырылады.


Серик ЕРДАЛИЕВ,

 «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС

эпидемиолог дәрігері,

Әйтеке би кенті,

Қазалы ауданы,

Қызылорда облысы


Фотосурет www.dw.com сайтынан алынды.

7-02-2020, 11:21

Коронавирустың алдын алу шаралары бойынша ауруханадағы семинар-сабақ


2020 жылдың 6 ақпанында «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС  мәжіліс залында «Коронавирустың алдын алу шаралары бойынша оқу-жаттығулар өткізу туралы»  тақырыбында Қазалы  аудандық   тауарлар мен   көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау   басқармасы мен  «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС-мен бірлескен  семинар-сабақ өткізілді.     

          Семинар-сабаққа Қазалы ауданаралық   ауруханасынан және Қазалы  обаға қарсы күрес бөлімшесінен маман дәрігерлер шақырылды.       

          «Коронавирустың  клиникасы, диагностикасы, емдеу тәсілдері туралы» Қазалы ауданаралық ауруханасының инфекционист дәрігері О.Кеубасов, «Коронавирустік инфекция бойынша  эпидемиологиялық ахуалы   және  алдын алу   шаралары туралы» Қазалы  аудандық   тауарлар мен   көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін    бақылау   басқармасының бөлім басшысы С.Ақбаева, «Коронавирустік инфекция бойынша    аурухана ішілік  алдын алу шараларын күшейту туралы» ЖШС «Қазалы теміржол ауруханасы»    эпидемиолог дәрігері   С.Ердалиев аурухананың медициналық қызметкерлерін аталмыш инфекция жөнінде жаңа ақпараттық материалдармен таныстырды. 

Қазалы обаға қарсы күрес бөлімшесінің дәрігері С.Жадырасын «Коронавирустік инфекциямен  ауыратын   науқас немесе оған  күдікті  анықталған  жағдайда   медициналық қызметкерлердің  қорғаныс киімдерін киіп-шешу ережелері туралы» оқу-жаттығу сабағын жүргізді. 



Серик ЕРДАЛИЕВ


6-02-2020, 11:18