» Материалы за Маусым 2021 жылы

Вакцина алмаған медицина қызметкерлері жұмыстан шеттетіле бастады

Вакцина алмаған қызметкерлер 31 желтоқсанға дейін ақысыз демалысқа жіберіледі.

Италияда коронавирусқа қарсы вакцина салдырмаған медицина қызметкерлерін жұмыстан шеттете бастады. Бұл туралы Sky TG24 телеарнасы хабарлады.


 
Вакцинадан бас тартқан медицина қызметкеріне бос орын бар болған жағдайда әріптестерімен және пациенттермен жақын байланыста болмайтын жұмыс ұсынылады. Егер басқа жұмыс табылмаса, бұндай қызметкерлер 31 желтоқсанға дейін ақысыз демалысқа жіберіледі.


Тиісті ережелер Италия министрлер кеңесі 1 сәуірде қабылдаған коронавируспен күреске бағытталған декретте белгіленген. Құжатқа сәйкес барлық медицина қызметкері міндетті түрде коронавирусқа қарсы вакцинациялануы қажет. Бұл міндеттеме мемлекеттік, жекеменшік медициналық және әлеуметтік құрылымдарда, сонымен қатар дәріханаларда жұмыс істейтін денсаулық сақтау жүйесі мамандарына қатысты. Италияның кәсіби қауымдастығы мен ауруханалар барлық дәрігер, медбике және басқа да қызметкерлердің аты-жөндерін тиісті органға ұсынған.


Денсаулық сақтау органдары сәуір айында медицина қызметкерлерінің әрқайсысына вакцинация туралы құжатты ұсыну туралы немесе вакцинациядан бас тарту себебі көрсетілген анықтаманы ұсыну туралы хабарлама жіберген.

Телеарнаның мәліметі бойынша хабарлама алғандардың басым бөлігі екпе алуға келмеген көрінеді.

sn.kz


23-06-2021, 18:35

Қырағы жандарға құрмет

Жұма күні Қазалы ауданы әкімдігінде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.

Денсаулық сақшыларының басын қосқан мерекелік жиында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев медицина қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Бұдан кейін ұзақ жылдар бойы медицина саласында жемісті еңбек еткен бірқатар сала үздіктеріаудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Аудандық емхананың дәрігері Әсия Ізтілеу Ұлттық медициналық ассоциациясының «Алтын дәрігер» медаліне ие болды.

Сонымен қатар, Қазалы ауданаралық ауруханасы мен Қазалы теміржол ауруханасының ұжымдарына «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының «Алғыс хаты» табысталды.

Шарада Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақытгүл Әлішева мен Қазалы теміржол ауруханасының мейіркеші Елена Андреади әріптестерін мерейлі мерекемен құттықтап, көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдірді.

Кәсіби мерекеде зор құрметке бөленген сала мамандары өз қуаныштарын жасырған жоқ. Олар алдағы уақытта да денсаулық сақтау саласында талмай еңбек ете беретіндіктерін жеткізді.


"ҚАЗАЛЫ" ақпарат

https://qazaly.kz/kogam/20375-yray-zhandara-rmet.html

22-06-2021, 18:33

Атқарар ісі ауқымды

Тіс аурса, іш ауырса дәрі беріп, жанды емдейтін дегдар жандар терапевт дәрігерлерді көбі біледі. Медицина саласының басты мамандығы болып табылатын дәрігерлердің бұл түрі ағзаға әсер ететiн ауруларды анықтап, емдеумен бірге, хирургия, гинекология, педиатрия және анестезиология сынды салалардан хабары бар әмбебаптылықты талап етеді. Осындай жұмысты жауапкершілікпен атқарып, ел ықыласына бөленіп жүрген Қазалы теміржол ауруханасының терапия бөлімі шағын болғанымен, атқарар жұмысы ауқымды бөлім.

20 терапиялық, 10 кейінгі оңалту орындарымен қамтылған бөлімде аталмыш санатқа кіретін түрлі науқастарға көмек көрсетіледі. Терапевт дәрігер, реабилитолог дәрігер, 4 мейірбике, 1 оңалту бөлімінің қызметкері, кіші медициналық қызметкерлер, шаруашалық бөліміне жауапты маманнан тұратын бөлім бастапқы және өңделген адамдарға жауапты. Ішкі органдардың барлық бұзылысының ем шарасын тағайындайтын мұндағы жауапты жандар үнемі ізденіс пен тыңғылықты жұмыс жүйесіне уақыттарын арнаған. Алғаш науқас деңгейін анықтайтын терпевтер емделушінің сипатын анықтап, асқынған немесе басқа да клиникалық көріністері болса, тиісті бөлімдерге жолдайды. Бұл күнделікті суықтау, асқыну, түрлі жетіспеушілік ауруларымен бірге, инсульт, инфарктен кейінгі, ота жасалғаннан соңғы ауырлықты қалпына келтірумен ­айналысатындар қызметіне жүгінушілердің моторикасын дамтып, тірек қимыл аппаратының бұзылысы, тіл мүкістігінің дұрысталуына ықпалын тигізеді.

Пендемия кезінде бөлім жұмысы жаңаша сипатта жалғасқан олар ауруханаға түскен әрбір науқасты «Қызыл аймақ» жүйесі арқылы қабылданып, сынамалар алып, диагнозын анықтауда жедел әркетке көшуде терапиялықтар тындырымдылықтарымен танылуда. Карантин уақытында, «СOVID-19», өкпе қабынуымен ауырған науқастардың кейінгі әлсіреуінен туындағын түрлі себептерден айығуға сеп болған. Бөлім басшысы, отыз жылға жуық тәжірибесі бар білікті дәрігер Бақыт Айжарықованы сөзге тартқанымызда: «Қазіргі таңда бронхит, өкпе демікпесі, өкпе қабынуының салдарынан әлсіреу, өкпе, жүрек астмасы, қан қысымы көбейген. Бұрын бұл аурулар түріне көбіне егде жастағы адамдар, ішінара орта жастағылар шалдығатын болса, қазір ауру белгілері анықталып, олар жасарып бара жатқаны белгілі болып отыр. Сондай-ақ асқынулар тез өріс алады. Осылардың барлығын ескере отырып, шұғыл шешім қабылдауға дағдыландық. Бөлім емделушілерінің күнара бас дәрігер, бас дәрігердің орынбасары бақылап, танысып отырады», – дейді. Өзінің төл мерекесін басқосуда емес, науқастар төсегінің жанында қарсы алатын ақ халатты жанның сөзінен басты баға – емделушінің сана саңлауындағы сәулесінде сығалаған үмітіне сенім ұялатып, жарқын өмірге қайта оралуына септесу екенін топшыладық.


Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ

https://qazaly.kz/kogam/20319-atarar-s-auymdy.html 

21-06-2021, 18:32

Жүйке жүйесіне жауаптылар

Салауатты әрі бақытты өмірді дәрігердің көмегінсіз елестету мүмкін емес. Халықтың “Бірінші байлық – денсаулық” деген тәмсілі де осыны меңзесе керек.

Қазіргі күні елдегі ақхалатты жандардың біліктілігін медицинасы дамыған елдердегі мамандарының қабілетімен теңестіруге әбден болады. Себебі күн өткен сайын алдына көмек сұрап келген адамның сырқатын жазып, көңілін көншітіп жіберетін дәрігерлердің саны артып келеді.

Солардың қатарында халықтың алғысына бөленіп жүрген Қазалы теміржол ауруханасының қызметкерлері қос ­невропатологты айта кеткенді жөн көрдік. Олар Шолпан Қарақұлқызы мен Райхан Қорғанбекқызы. Бұл мінездері жайдарлы ақхалатты арулар теміржол емханасында орналасқан неврологиялық кабинетте өз қызметтерін ұсынады.

Шолпан Өтеулі осыдан 9 жыл бұрын еңбек жолын аудандық ауруханадан аймақтық терапевт болып бастаған. Бір жылдан соң Қазалы теміржол ауруханасына дәрігер невропатолог қызметіне ауысады. Ол біліктілігі мен толысқан тәжірибесінің арқасында теміржол ауруханасының ­неврология бөліміне бөлім меңгерушілігіне тағайындалды. Қазіргі уақытта осы қызметті абыройлы атқарып жүр. Елге сыйлы мамандығына байланысты жыл сайын кәсіби деңгейін көтеру мақсатында білімін жетілдіру курстарына оқуға барып тұрады. Практикалық семинар мен конференцияларға ұдайы қатысып отырады. Соның арқасында бүгінде Шолпан I санатты дәрігер невропатолог қатарында. Өз жұмысын аса сүйіспеншілікпен атқаратын дәрігердің айтуынша, отбасындағы жағдай атқарып отырған ісіңе әсер етеді екен. Ал оның өмірлік жолдасы Нұртуған әрдайым қолдау көрсетуден жалыққан емес. Бүгінде Нұртуған Әбдімәлікұлы екеуі үш баланы тәрбиелеп отыр.

– Аурухана ұжымы тұрғындардың денсаулық жағдайын жақсарту негізінде нысаналы көрсеткіштері бойынша біршама табысқа қолжеткізіп келеді. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 68,8-ден 72 жасқа өсті. Бүгінде 10 төсек бөлінген неврология бөлімінде бел мен бас ауруы мазалаған сырқаттанушыларды қарамағымдағы 6 қызметкермен бірлесе жүйелі ем жүргіземіз. Азанғы уақытта бір мезгіл ауруханада қызмет көрсетсем, түстен кейін емханада келген науқастарды қабылдаймын, – дейді Шолпан Қарақұлқызы.

Шолпанның әріптесі Райхан Қорғанбекқызы Арал қаласының тумасы. Он жылдық тәжірибесі бар жас Қазалы теміржол ауруханасында қызметтік жолын жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде бастаған. 2015 жылы Алматыдағы үздіксіз білім беру университетінде “Неврология” ісі бойынша білімін жетілдірген. Осы жылдан бастап балалар және ересектер невропатологы болып жұмыс істейді. ІІ санаттағы дәрігер ересектер мен балалардағы неврологиялық аурулар мен түрлі неврологиялық асқынудың алдын алу және реабилитациялық ем тағайындаумен айналысады. Абыройлы қызметпен қатар 4 баланың тәрбиесін жауапты атқарып келеді.

Райхан Қорғанбекқызы отыратын теміржол емханасындағы неврологиялық кабинет түрлі үнпарақпен безендірілген. «Денсаулық бұрышы», «Инсульттің алдын алу туралы» ақпарат, «Бел омыртқаның иілуіне және қатаюына арналған жаттығулар», «Инсульттан кейінгі емдік шара туралы» және басқа да көрнекті құралдар ілінген. Осындай сырқатпен келгендерге дәрігер ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізеді.

– Ауырып келген науқастарға кеңестер айтылып, ем беріледі. Күніне дәрігерлік бақылаудан 30-дай науқас өтеді. Келгендерге кеңестер беріліп, аурудың түріне қарай ем тағайындалады. Кабинетте салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жемісті қызметтер атқарылады, – дейді Райхан Қорғанбекқызы.

Ұлт жоспарында қойылған басты міндеттердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу болатын. Сондай-ақ жаңа жүйе бастапқы медициналық-санитарлық көмекті бірінші кезекте қаржыландыруға басымдық берілген. Бұл бағытта аурухана ұжымы қызу жұмыс жүргізуде. Емхананың жұмыс кестесінде созылмалы аурулары бар науқастарға шақырулар артылды, стационарлық көмекті тұтыну төмендетіліп, жоспарлы емдеуге жатқызу саны ұлғайтылған.


Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

https://qazaly.kz/kogam/20317-zhyke-zhyesne-zhauaptylar.html 

19-06-2021, 18:30

Жаңашылдыққа иек артқан ұжым

Мемлекет дамуының негізгі қозғаушы күші әлеуметтік мәселелерінің шешімін тауып, халықтың әл-аухатының айрықша маңыз табуымен бағаланады. Қоғамның басты байлығына саналатын адам құндылығын сақтап, олардың салауатты өмір сүруіне атсалысатын аудандық медицина саласында өзіндік орны бар ұжым «Қазалы теміржол ауруханасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне кәсіби мерекелері қарсаңында әдейілеп ат басын бұрдық.

Тазалық пен жылулық сезілетін орында тәртіп басты талап екенін ұғыну қиынға соқпады. Арнайы рұқсат алып, санитарлық талапты барынша сақтап барған тілшілік топтың бірнеше қайтара тексеруден өтуіне тура келді.

«Адам жаны ауырған жерінде» дейді халық даналығы. Аса жауапкершілікке толы дәрігер мамандығын игеру көп еңбектену мен күш-жігерді жұмылдыруды қажет етеді. Дәрігер болатын маман алдымен халқының жанашыры, үлкен жүрек, темірдей жүйкенің иесі болуы шарт. Бұл ұжымның басты ұстанымы. Өздерін 1904 жылы Қазалы уезінде ашылған алғашқы амбулаторияның дәстүрлі жалғасы деп санайтын орын елдегі түрлі өзгерістерге байланысты жаңаша түлеп, өзгеру арқылы, уақыт ағымына ілесе білген.

2000 жылы «Көліктік медицина қызметі» ААҚ Қазалы филиалы теміржол ауруханасы атанса, бертін келе «Апаттар медицинасының теміржол госпиталдары» АҚ филалы болса, 2018 жылдың сәуірінен «Қазалы теміржол ауруханасы» ЖШС ­болып жұмыстарын жандандыруда. Қазалы ауданымен бірге іргелес жатқан Арал, Қармақшы аудандарының науқастарына қызметін ұсынатын медициналық мекеме сапалы емдік, профилактикалық медициналық көмек көрсетумен айналысады.

Базалық-техникалық жағдайы талапқа лайықталған аурухана 140 орынға есептелгенімен, консультациялық қызмет көрсетуде 350 адамды қабылдауға қауқарлы. Дегенмен оған қарамай, «COVID-19» пандемиясында денсаулық сақтау ұйымы медицина қызметкерлеріжоғары жауапкершілікпен, кәсіби біліктілікпен еңбек қарқынын арттырды.

Ауруханада хирургия, травмотолия, гинекология, неврология, нейроинсульт, реанимация, ақылы қызмет, күндізгі бөлім және балалар бөлімі бар. Сондай-ақ параклиникалық: клиника-диагностикалық, бактериалогиялық, биохимиялық, иммун-ферменттік зертхана, функтуациялық диагностика жүргізу, физиотерапия сияқты түрлі бөлім қызметін ұсынады.

Талапқа орай медициналық көмек көрсету әдістері дамып, жаңарған тұста жұмыс сапасын арттыру қолдау тапқан. Мәселен, заманауи компьютерлік томограф, УДЗ, плазмаферез, лазер аппараты, гастрофиброскоп, барокамера, маммаграфия, ультрадыбысты доплерограф, электрокаридиограф, электронды гемотологиялық анализатор сияқты жаңашыл жабдықтар ауру себептерін жылдам анықтап, емді оңтайландыруға өз үлесін қосып келеді. Мамандардың біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу бағытында тұрақты жұмыс жоспарлары жолға қойылған. Дәрігерлер республиканың жетекші орындарында, шет елдерде сынақтан өтіп, тәжірибелерін толықтырып қайтады.

400-ден аса адам жұмыс істейтін ұжымда ауызбіршілік пен ұйымдастырушылықты жолға қоюымен, сала озаттары санатынан көрініп келеді. Ұжым ісін ілгерілеткен ақ халатты жандар: жоғары санатты балалар дәрігері, бас дәрігердің емдеу ісі жөнідегі орынбасары А.Дәрібай, жоғары санатты балалар дәрігері, ана мен бала бөлімінің басшысы Ш.Байбазарова, үздік хирург Сәдуақас Ахмет, дәрігер реанимотолог Ж.Қуанышбаев, бірінші санатты невропотолог дәрігер Т.Жиенқұловтың озық тәжірибесі аудан, облыс, республика көлеміне кеңінен таныс.

Уақыт сұранысына иек артып, ұйымдастыру шеберлігімен шыңдалған, білікті басшы, «Денсаулық сақтау саласының үздігі», «Сыр медицинасының үздігі», «Алтын дәрігер» белгісінің иегері Құбыл Ршымбетов басқаратын ұжым мерейлі күнін толымды табыспен қарсы алған, дәрігерлік анты мен абыройы алдында адал мамандар шоғырланған мекеме.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

https://qazaly.kz/kogam/20315-zhaashyldya-iek-artan-zhym.html 

19-06-2021, 18:28

Салауатты өмірдің сақшылары

Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау – адамзат алдындағы үлкен жауапкершілік. Себебі ақхалаттылар адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, алдына келген науқастың жасына, жынысына, тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек.

Ғалымжан Тәжібаев – Қазалы теміржол ауруханасында дәрігер-рентгенолог қызметін атқарып жүрген үлгілі маман. Ол 1992 жылы Ақтөбеден мединститутты бітіріп, дәрігерлік қызметін бастаған. «Емдеу ісі» мамандығымен білім алғанымен, физиотерапияны да қатар меңгеріп, адам жанын сақтауға барын салып жүрген ол: «Бұл мамандықты таңдауыма анам себеп болды. Сол кісіні өзіме үлгі етіп, дәрігер болғым келді», – дейді.

Қарашаңыраққа шаттық сыйлап, тәрбие мен адамдықты ұрпағының бойына сіңірген ана өз ұлына өмірлік ұстаз да бола білген Рахиля Ермағамбетова акушер-гинеколог боп қазалылықтарға талай жыл қызмет етіп, зейнетке шыққан.

1993 жылдан бастап денсаулық сақтау саласына күш-жігерін жұмылдырған. Осы жылдар ішінде тәжірибесі толысқан, жауапты, өз мамандығын қадірлейтін мақтаулы дәрігерге айналған. 2005-2010 жылдары Байқоңырдағы әскери медициналық госпитальға озық маман ретінде арнайы шақырылған. Осында қалыптастырған дағдысы мен қарым-қабілетін туған жеріне арнауға бел шешкен азамат қазіргі теміржол ауруханасындағы адал қызметін жалғастырады.

«Басты мақсат адам болу, бір мамандықты игеріп, елге қызмет етсем» деген ойды арқалаған азаматтың өмірлік жары да адам жанының арашашысы. Бақыткүл Жалымбет аудандық перзентхананың акушері. 1984-1987 жылдары Орал қаласындағы медициналық училищеде білім алып келген жас маман бітірген уақытынан осы күнге дейін бір мекемеде 30 жылдан астам уақыт еңбек етуде. Өзі де денсаулық сақтау саласында жүрген ол күні-түні қызметте жүретін жарының жанынан табылып, отбасында да жарасымды тірлігімен үлгі болып отыр.

Бақыткүл Оразғалиқызы «Ұл-қыздарымыздың таңдауына тосқауыл қоймадық. Екі қызым мұғалімдік жолды таңдады.

Ұлым Өркен қазір С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінде 5 курста білім алып жатыр. Әзірге медицинаның нақты қай саласына баратынын шешкен жоқ. Қайсысы болса да қолдаймыз», – дейді.

Тәжібаевтар жанұясы салауатты өмір салтын ұстануымен де көпке таныс. Ерлі-зайыптылардың хоббиі – теннис ойнау. Бір отбасынан шыққан денсаулық сақшыларына енді тағы бір ұрпақ қосылмақ. Гиппократтық, адамдық антына адал боп, науқастың жаны мен тәнін емдейтін жандарға амандық тілейміз.


Дина БӨКЕБАЙ

https://qazaly.kz/kogam/20314-salauatty-mrd-sashylary.html 

19-06-2021, 18:27

Екпе салдыру енжарлықты көтермейді

Дәрігер – адам жанының арашашысы. Мұндай халыққа қадірлі мамандық иелерінің қатарында есімі құрметпен аталып жүрген санитар дәрігер Сержанқожа Берденов. Санитарлық эпидемиология бағытына жарты ғұмырын арнап, абырой биігіне көтерілген азаматқа арнайы барып, жолыққан едік.

– Еңбек жолыңыз Қазалы медицинасымен бірге өрлеп, дамыды. Дәрігерлікке қашан келдіңіз?

– Жалпы өткен ғасырдың ортасына дейін Қазалыда қазақ ұлтты дәрігерлер болмаған. 1960 жылдардан бастап жаңа буын қосылды. Бірінші болып ауданға Байзырахман Жұмағұлов деген дәрігер келген.

Мен 1965 жылы санэпидстанцияға басшы боп тағайындалдым. Оған дейін Нағима Омарова деген қыз болған еді. 1965 жылдан ­бастап Мақат Жансейітов, Қызыл Жексенұлы, Нұрқасым Сейітбаев, Нұрсұлтан Мұратбаев сынды дәрігерлер ауданда тұңғыш болып осы салаға келді. Бұл кісілердің барлығы да Қазалы медицинасының гүлденуіне өзінше үлес қосты.Қазіргі кезде де жақсы қызметімен көзге түсіп жүрген Көбек Наршабаев, Бақытгүл Әлішова есімдерін ерекше атағым келеді.

– СЭС деп атап жүрміз. Байқасам, бұл мамандық “қоғамдық денсаулық сақтау” деп аталады. Коронавирус әлемді шарпыған кезде осы мамандыққа сұраныс артқандай...

– Өткен жылы әлемді каронавирус басталғанда маман табылмады. Оның ішінде адамды емдеймін деп қанша дәрігер ауруханаға қонып, өзіне вирус жұққанын байқамай қалды. Олардың қатарында білікті дәрігер Іскендір Жұмағазиев те бар.

Күнделікті көзге көрінетін аурулар жоғалғалы бұл мамандық керек емес сияқты көрінгенімен, адамның туғаннан-өлгенге дейін сапалы өмір сүруіне не ішіп, не кию керек, ауасы, суы қандай болу керек болса, осының бәрін зерттейтін біздің сала. Мамандыққа сұраныс артқан шақта жақсы кадрлар тапшылығы байқалды.

– Әңгімеміздің ауаны пандемияға ауысты. Бұл бағытта ел ішінде екпеге күмән көп. Аурулардың алдын алушы маман ретінде бұл туралы пікіріңіз қандай?

– Халық әлеуметтік желіден алған неше түрлі жалған ақпараттарға сеніп, вакцинадан бас тартуда. Шын мәнінде, оны жай адам емес, медициналық білімі барлар ойлап тапқан. Ол ауру туғызбайтын, өлген микробтардан жасалады. Осы жағынан ауданда санитарлық түсіндірме жұмыстарын кеңейту керектігі уақыт талабы.

Вирус жұқпалы болғандықтан, екпе салдыруда енжарлық танытау керек. Яғни, адам өзінің, одан кейін айналасының амандығы үшін екпе салдыруы тиіс. Мұндай тәжірибе бізде бұрыннан бар.

– Ертеректе Қазалыда осындай эпидемиялар жиі орын алатын еді?

– Әрине, бұрын медицина ­саласы цифрланбаған, екпе жайлы күнделікті ақпараттанбаған кезде де дифтерия, шешек, оба, қызылша, тырыспай, холера сияқты вирустық аурулар көп болған. Тәжірибемнен айтсам, соның ішіндегі дифтерияны тек екпе арқылы жоя алдық.

Өткен ғасырдың 70-жылдары жаппай сары ауру эпидемиясы жүрді. Сол уақытта Қазалыда 60 мындай халық болса, олардың үштен бірі аталмыш аурумен ауырды. Санға шаққанда 20 мың тұрғын. Ол тұста сары аурудың екпесі жоқ болатын. Бірақ су, қол арқылы жұғатындығын ескеріп, жұмысшы топты бөліп, барлық суды тексеріп, тазаладық. Іш сүзегі де сонымен қатар келіп, кішкентай балалардан айырылдық. Сондықтан ел болашағы үшін екпе салдыруға тиіспіз.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін санитарлы эпидемиологиялық станцияның жұмыстары қалай өзгерді?

– Алғаш 1966 жылы басшы боп келгенімде мұнда кәсіби база жоқ еді. Екі кабинеттен тұратын станциямыз болды. Кадр жетіспеушілігі айқын білінетін. Кейіннен мемлекеттен көңіл бөлініп, жұмысшы топ құрамы 50-60 адамға жетті.

1984 жылға дейін осында бас дәрігер боп қызмет атқардым. Одан ары қарай санитар врач болып, 2008 жылы зейнеткерлікке шықтым. Тәуелсіздік жылдары экономика нашарлап, барлық жерде емхана, кадр қысқарды.Эпидемиолог мамандығы керек емес деп табылып, ЖОО-да жабылып қалды. Әдетте санэпидстанцияның жұмысы көзге көрінбейді. Дәрігерлер науқастанған адамды емдесе, біздің міндет аурудың алдын алу. Ішіп жатқан тамақ, су, балабақшадағы тазалық барлығы да тұрақты тексерісімізде болатын. Шыны керек, сол кездері санэпидстанцияға үкіметтің көзқарасы дұрыс болмады. СЭС-тің құқықтары азайып, түрлі тексеріске, салық салуға тікелей прокуратураның бақылауымен ғана бара алатын болды. Яғни, бұрынғыдай өздері барып тексермейді.Тек белгілі бір тұрғын дүкендегі затқа шағым түсірсе, соны ғана қарайды. Жұмыс істеп жатыр деген аты болмаса, кадрлық тұрғыдан нашарлап кеткен-ді. Қазір қайтадан көңіл бөлінуде.

– Тексеріс қандай бағытта болатын?

– Бізде төрт сала бар. Олар: тамақ құрамы, ас ішу орындары, дүкендерге қарайтын тамақтану гигиенасы, халыққа ортақ су, моншаға жауапты коммуналдық гигиена, балалар және еңбек гигиенасы болатын. Адам өмірінің ұзақтығы мен сапасы – біздің саладағы басты тақырып.

– Бір тарапында Арал, келесісінде Байқоңырмен шектесетін біздің ауданның экологиялық жайы мәз емес. Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығына экологиялық фактор қалай әсер етеді?

– Тәуелсіздікке табан тіремей тұрып, Байқоңырдың лас кәріз жүйесінің суын ішкенбіз. Жиі-жиі министрлікке шағымданып, тексеріп отыру арқылы тоқтаттық. Ол суды ішу жалғасқанда, қазалылықтар азайып қалар еді. Қазіргі Сарбұлақтан ішіп отырған судың санитарлық тазалығы жақсы.

Экологиялық факторға келсек, біздің адамдардың иммунитеті мықты. Бұл төрт түліктің ағын ішіп, табиғи тағамды тұтынуға тікелей байланысты. Өмір сүру ұзақтығы, негізінен, адамның өмір сүру салтының көрінісі.

Қазір дүкенде неше түрлі бояу, қоспа қосылған тағам көп. Жоғарыда айтқан құқықтық шектеулерге байланысты оны күн сайын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Меніңше, дұрыс тамақтану мен осы судың өзгеруі бізді құтқарып қалды. Әлі де экологияның қармағындамыз. Бірақ ұзақ өмір сүремін деген адам дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстануы керек. Бұл жақсы нәрсе ойлап, көңілді жүруге де байланысты. Уақытылы ұйқы, тамақтанудың адам өміріндегі маңызы зор.

– Сұқбатыңызға рақмет!


Әңгімелескен Дина БӨКЕБАЙ

https://qazaly.kz/zanalyk/suhbat/20190-ekpe-saldyru-enzharlyty-ktermeyd.html

12-06-2021, 14:36

 Вакцина – індеттің емі, сенім – еңбектің тірегі


·СҰХБАТ

Өмірде әрбір құндылықтың өлшемі бар. Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын жұмыр жерді жайлаған жұқпалы індет әлі күнге адамзатты әлекке салып тұр. Даңғазалық етек алған жаһанда індеп кірген індет несін жасырайық, денсаулықтың қадірін, онан қалса бірлік пен ынтымақ, қайырымдылықтың парқын таразыға тартып бергендей еді. Көп дүние өзгерді. Өлшемін әрбір саналы пенде өз халінше пайымдай жатар, бір анығы, медицинаға көзқарас бір кездегі сыңаржақ жел сөздің ауанынан басқа арнаға ауысты. Өйткені, індетті іркіп, өмір мен өлім арасындағы арпалысқа араша түскен һәм түсіп келетін де осы саланың жанкешті өкілдері.

Шын мәнінде, біз сынға салған бір жылдан қандай сабақ алдық? Медицинаның кешегі әлеуеті мен бүгінгі беталысынан не түйеміз?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловпен сұхбат осы тұрғыда өрбіген еді. 

– Сәбит Бексейітұлы, пан­демия өміріміздің барлық са­ласына еркімізден тыс түзету енгізгелі жылдан асып кетті. Сіз өткен жылы індеттің ең көп жағдайы – 1775 адам ауру жұқтырған шілде айында бас­қарма басшысы болып кел­діңіз. Осы жылға жуық уақытқа қандай өлшем жа­сауға болады?

– Ең алдымен бізге бас бұрып жасалып жатқан жұмысымызды жариялауға уақыт бөліп отыр­ғандарыңыз үшін үлкен алғы­сымды білдіремін.

Елде қиын жағдай бо­лып жатқан кезде аймақ басшы­сының арнайы  шақыртуымен денсаулық сақтау басқармасы басшысы қызметіне келдім. Алғашқы 2 апта мемлекеттік қызметке өткенге дейін кеңесші ретінде бірінші сағаттан бастап жұмысқа белсене кірістім. Сол мезеттің өзінде мынау не бітіріп жүр деген халық арасында бі­раз қауесет тарап, әлеуметтік желіде бірнеше пікір пайда бола бастады. 14 шілде бұйрық алып, әрі қарай қызметке кірісіп кеткен жағдай бар. Шешімін таппай тұрған мәселелер жет­кілікті болды. Оның үс­тіне медициналық қызмет өзде­рі­ңізге белгілі, МӘМС жүйесінен қаржыландырыла бастады. Ал, коронавирус инфекциясының та­ра­луына байланысты меди­ци­на­лық мекемелерде жос­пар­лы ауруханаға жату, күндізгі ста­ционар жұмыстары толық тоқ­татылды. Ол өз кезегінде мекемелерде қаржылық қиын­шылықтардың пайда болуына әкеп соқты.

Иә, өткен жылдың шілде айы коронавирустың ең өрші­ген уақыты болғаны рас. Сол уақытта індетті жұқтырып ал­ған әріптестеріміздің де көбей­геніне уақыт куә. Күнде­лікті қосымша төсек орындарын ашу сол кездің өзекті мәселесі еді. Медициналық қызметкерлерді індеттен қорғау үшін ауруха­наларды «таза» және «лас» аймақтарға бөлу жұмысы бел­сенді кезең алды, сол ме­зетте қорғаныс құралдары да жет­кілікті түрде әкеліне бастады. Әріптестеріміз індетті отбасы мүшелеріне жұқтырмау үшін бөлек тұруға мәжбүр болды. Қала мен аудан орталықтарында жергілікті бизнес өкілдері ша­масы келгенше өз есептерінен демеушілік көмек жасап, ме­дициналық қызметкерлерді ыс­тық тамақпен және уақытша тұратын мекенжаймен қам­та­масыз етуге атсалысты. Осы сәтті пайдалана отырып, сол азаматтарға үлкен алғы­сым­­ды жеткізгім келеді. Сол уақыт­тан бері індет жұқтыр­ған­дардың саны 6500-ден асты. Күшейтілген шаралардың ар­қа­сында тамыз айынан бас­тап індет азайып, аталған ай­­дың басына ауруханалар қа­­­лыпты режимге көшіп, жос­пар­лы жұмыс қайта қал­пына келтіріле бастады. Аудан ор­та­лықтарындағы инфек­ция­лық төсек орындары толық тоқ­татылды. Қыркүйек айынан бастап COVID-ке арналған тө­сек орындары аймақта тек об­лыстық инфекциялық ауру­ха­нада ғана қалдырылды.

– Жаңа өзіңіз айтқандай, еріктілерден бастап, қаншама қайырымды кәсіп иелері қол­дан келген үлесін қосты. Әйт­се де, біздің медициналық әлеу­етіміздің деңгейіне қандай баға берер едік? Сынаққа түс­кен шақтың сабағы туралы айта отырсаңыз… 

– КВИ (коронаровирус ин­фекциясы) ең көп таралуы мау­сым айының аяғы мен шілде айының 2-онкүндігіне келді. Күніне 200-ге жуық жағ­дай тіркеліп, тез арада бірнеше рет инфекциямен кү­ресу үшін ау­руханаларда тө­сек орнын ұй­ым­дастыру жұ­мыс­тары күн­­­делікті шараға ай­налды. Сол ме­зетте аймақта жалпы төсек орны 700-ден басталса, кейін  2400-ге көбейді. Аса ауыр тигені нау­қастарды отте­гімен қамтамасыз ету еді. От­тегін өндіретін станциялар тек жеке кәсіпкерлер қолында бо­ла­тын. Жерлестерімізге рах­мет, күні-түні жұмыс жасап, бар күшін салды. Ал, ауруха­налардағы жағдайды сырт­тан қарағанда бейнебір со­ғыс көрінісі деп айтуға бо­лады. Әр науқас жанында тұр­ған оттегі баллондарын көр­генде, оны талдырмаш жас мед­би­келер тасып жүргенде адам сезімінде үрей пайда болады, ал баллонның жарылғыштығы ойға түскенде ұйқы қашқан сәттерді қалай айтпасқа?! Дәрі-дәрмек мәселесі де оңай тиген жоқ.

Осының барлығын ой са­ра­бынан өткізсеңіз, әрбір ме­ди­цина қызметкерінің өл­шеу­­сіз еңбегі бар. Жалпы ко­ро­на­вирустық инфекциямен кү­ресуге бірінші күннен бастап үлес қо­сып келе жатқанымды да атап өткім келеді. Қызылордаға кел­мес бұрын Алматыда жұмыс жасадым. Індет басталған сәт­тен отбасынан тыс ауруханада жатып, жұмыс істедік. Одан елге келіп үзіліссіз осы қыз­метке тағы кірістік.

Шын мәнінде, бұл індет тек біздің елдің ғана медицина саласын тығырыққа тіреген жоқ. Әлем абдырап қалды. Ауру өршіген тұста тіпті тосын құбылыстар пайда болды. Оған қарсы тұрудың өмірлік тәжі­рибелері қолданыла бастады.

Төсек орындарын көбейту үшін қаладағы фтизиопуль­мо­нология клиникасында, тері­­ве­нерологиялық ауру­ха­нада, те­мір жол аурухана­сында, Қорқыт ата атындағы уни­вер­ситеттің жатахана­сында тө­сек орындар ұйымдасты­рыл­ды, ау­дан орталықтарында да осы жұмыс қатар жүргізіліп, жал­ғастырылды.

Дәрі-дәрмек қорын көбей­ту үшін «СК Фармация» компа­ниясымен шарттар кеңейтілді, жеке дәріханаларға 80 мил­лион теңгеге дәрі-дәрмек алын­ды. Тұрақты дәрі-дәрмек қорын ұйымдастыруда облыс бас­шы­­лығы дер кезінде шешім қа­былдап, жергілікті бюджеттен 488 миллион теңге қаражат қарастырылды. Медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасалды.

Гуманитарлық  көмек есебі­нен және республикалық бюд­жеттен қаражат бөлініп, жеке қорғаныш құралдарының да қоры пайда болды.

Оттегімен қамтамасыз етуді күшейту үшін сатып алу және демеушілік көмектер есебінен оттегі концентраторлары алын­ды. Облыстағы көпбейінді ау­рухана мен Қазалы ауданара­лық ауруханаларында оттегі станциялары салынып, іске қо­­сылды. Стационарларда тө­сек орындарының оттегі­мен қам­­тамасыз етілгендерінің са­ны бірнеше рет өсті. Жыл ба­сында өкпені жел­дет­кіш аппа­раттардың саны 76 болса, қазір  251-ге жетті. Міне, осы­ның бәрі – тынымсыз, табанды еңбекпен жасалған дүние.

– Өткен жылдың өте күрделі кезеңін біз де ақпа­раттық тол­қын жүргізе оты­рып жақсы білеміз. Ден­сау­лық сақтау са­ласы ты­ғы­рыққа тірелгенде Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың аман­дығы үшін батыл шешім қабыл­дады. Жұқпалы індетпен бетпе-бет жүрген медицина қызметкерлерінің табысы есе­леніп, өмірлік қауіпсіздігі қор­ғалды. Қысқасы, жүйеде үл­кен сілкініс жасалды. Ендігі  көр­сеткіш қандай?

– Дұрыс айтасыз. 2020 жыл – қат-қабат тірліктің нағыз ас­тасқан шағы. Мен сол өткен жылдың екінші жарты жыл­дығының өзінде атқарылған жұ­мысқа қысқаша шолу жасап өтейін. Бірінші рет қаладағы №3 емханада және Сырдария орталық ауруханасында экс­перттік класты УДЗ аппараты пайдалануға берілді.

6 жаңа цифрлы рентген ап­параты мен 4 жаңа флю­оро­графия аппараты орна­тыл­ды. Қиын қаражаттық жағ­дайда қалып қойған бала­лар ту­бер­кулезін емдеу санато­риясы­ның жұмысы зерделеніп, фти­зиопуль­монология орталы­ғына қосылды, ондағы 96 қыз­­меткердің жұмыс орны анық­талып, соңғы 6 ай бойы берілмеген жалақысы толық өн­дірілді.

Сырдария ауданында орна­ласқан туберкулезді емдеу дис­пансері қаладағы фтизио­пуль­монология орталығымен біріктірілді, ғимараты сол ау­дандағы орталық аурухана ба­лансына берілді.

Аталған Сырдария аудан­дық ауруханасының жылыту пешінің жарамсыз екені анық­талып, жылу маусымы бас­талғанға дейін мәселе шешілді, сонымен қатар қаладағы №3 емхананың жылыту пеші де жа­ңартылды.

Мемлекеттік-жеке әріптес­тік жобасы есебінен Жалағаш және Арал аудандарындағы ауылдық аймақтарда 2 дәрі­гер­лік амбулатория іске қосы­лып, халыққа өз қызметін жасауда.

Тамыз айының басында жағдай тұрақталып, инфекция жұқтырған науқастарды тек инфекциялық стационарға жи­нақтау басталды. Кезекпен ке­зек аудан орталықтарындағы инфекциялық төсек орындары жабылды. Республикада ал­ғаш­­қылардың бірі болып ауру­ханалар мен емхана­ларда жос­парлы жұмыс жандан­дырылып, халыққа қызмет жасай бастады. Ол өз кезегінде қаражат мәсе­лелерін шешуге ықпал етті.

Ал, аптасына 5 күн таң атқаннан кешке дейін әкімшілік пен басқарма ғимаратында іс барысын үйлестіру, сол кез­дегі облыс әкімінің орын­басары, сала кураторы болған Байқадамов Наурызбай Сейіт­қалиұлымен бірге сенбі, жек­сенбі күндері аудандардағы медицина мекемелерін аралау, дайындық жұмыстарын жүр­гізу, семинарлар өткізу әдетті жұмысқа айналды.

Шілде айынан бастап ақ­парат құралдарымен жұмыс бұрын-соңды болмаған си­пат алды. Республикалық те­ле­арналардан 50-ден астам сюжет, жергілікті телеарна ар­қылы 200 сюжет, 100-ден аса ролик эфирге шықты. Әртүрлі газеттерде 1000-нан астам ма­қала жарияланды, әлеуметтік желілерден 25000 ас­там жазба берілді. Бас­қарма басшысы ретінде бас­пасөз бри­фингін күнделікті өткізу, оны үнемі сайттарға бөлісу, бәрі-бәрі – халықтың ақ­параттық қолжетімділігіне жа­салған жұ­мыс. Негізсіз пікір, жалған ақпарат желдей есіп, талайға зардабын тигізген тұста осылай жанкештілікпен жұмыс жасауға тура келді. Әділін ай­тып, талдамалы дүниелер жасап, істің ақ-қарасын жет­кі­зуге атсалысқан БАҚ өкілдеріне ризалық білдіремін.

COVID-19-ға қарсы 3000-ға жуық қызметкер жұмысқа тартылып, оларға Үкімет есе­бінен үш категориямен 3 мил­лиард теңгеге жуық қаражат төленсе, вирус жұқтырған 526 медицина қызметкерінің әр­қайсысына 2 миллион теңгеден, яғни, 1 миллиард 52 миллион теңге қаражат, қайтыс болған 12 әріптесіміздің отбасына 10 миллион теңгеден қаражат бөлінді.

2020 жылдың бір жетістігі – қаладағы денсаулық аллеясы мен дәрігерлер алаңының ашы­луы. Дәрігерлерге осындай құр­мет көрсетіп, еңбегімізді баға­лаған сол кездегі қала әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбек­ұлының қолдауына алғыс айт­қым келеді.

– Індет биыл да зардабын аз тигізіп тұрған жоқ. Сәуір айының өзінде 1540 адам ау­ру жұқтырды. Ақпан айы­нан бастап вакцина салына бастады. Дегенмен, ел ішін­де әлі де болса вакцина тұр­ғысында тұрақты пікір қа­­­лып­таспай отыр. Дәрігер-ға­лымдардың ел алдында вак­цина туралы нақты дә­лел­дерін, ашық пікірлерін тың­дағысы келетіндер бар…

– Індеттің арамызда тіркелуі  биылға да тиесілі болып отыр. Ахуал жыл басында бір­шама тұрақтылып еді, сә­уір айында қайта өршіп, өңірі­міз «қызыл аймаққа» енді. Ақ­пан және наурыз айла­рын­да сәй­кесінше 240  пен 195 жағ­дай тір­келсе, аталған айда 1540 жағдай тіркелді. Сол себепті жыл ба­сындағы 215 инфекциялық төсек орны 930-ға (450-і қалада, 480-і аудан орталықтарында) кө­бейтілді, аудандардағы төсек орындар халық санына сәйкес жандандырылды.

Ақпан айынан бастап ко­ронавирустық инфекцияға қар­сы вакцинациялау жұмыс­тары басталды. Алғашқыда Ресейде өндірілген «СПУТНИК-V» вак­цинасы пайдаланылса, қазіргі таңда өзімізде өндірілген «КАЗВАК» және араб әмір­лік­терінен шығарылған «ХАЯТ ВАК» вакциналары пайдаланы­луда. Вакцинация екі этаптан тұрады. 1-ші этапты 18-ден асқан 90 мың жерлесіміз қа­былдаса, 2-ші этапты, яғни то­лық вакцинацияланған халық саны 30 мыңнан асып отыр.

Қайбір инфекциялық про­цестер болмасын немесе осы уақытқа дейінгі әлемде кез­дескен пандемиялардың бар­лығы тек қана вакцина кө­ме­гімен құрықталғанын халық­қа жеткізгім келеді. Өздері­ңізге белгілі, вакцинация жұмы­сы алғы шепте жүрген меди­цина қызметкерлерінен бастал­ға­­­ны бәрімізге мәлім. Об­лыс­­та бүгінгі күні олардың 80%-і вак­цина қабылдаудың арқа­­­сында аурушаңдық күрт төмен­деді. Жыл басында 75-тей ме­дицина қызметкері вирус жұқ­тырған болса, қазір жоққа тән деп айтуға болады. Осы көрсеткіштің өзі біраз мағлұмат беріп тұрғандай. Теріс пікір әрдайым болған, болады, оған аса құлақ асудың қажеті жоқ деп санаймын.

– Сіз маман ретінде айты­ңызшы, пандемияның ендігі жағдайына қандай болжам жасауға болады? Үлгі болар елді атай аласыз ба?

– Пандемияны жеңудің бір­ден-бір жолы ол – вакцинация. Израиль мемлекетін мысалға келтіруге болады, олар 60-70% тұрғындарын вакцинациялау арқылы елінде пандемияны тұрақтандырды.

– Коронавируспен күресе­міз деп жүріп өзге ауруларға қарсы ем-домды әлсіретіп алған жоқпыз ба?

– Өте орынды сұрақ. Иә, пандемия әсерінен біраз жос­парлы жұмыстарымызға шек­теу қойылғаны рас. Респуб­ли­калық деңгейде көмек алып жүрген науқастарымыз аймақта қалуға мәжбүр болды. Бір жа­ғынан бұл біз үшін үлкен сы­нақ, қарым-қатынас уақытша үзілген кезде сол науқастарға өзіміз көмек көрсеткеніміз рас, нәтижелері де жақсы деп ай­тар едім. Жалпы біздің жыл сайын орындалуы талап еті­летін индикаторларымыз бар, сол көрсеткіштерге қол жет­кіз­геніміз әріптестеріміздің қа­жырлы еңбегінің арқасы деп білемін. Аталған вирустың та­ралуына байланысты ана өлі­мінің біраз көбеюі өкінішті, бірақ бұл көрсеткіш басқа ай­мақтарда да жоғары болғанын жасырмауымыз керек.

Өкінішке қарай, өлім-жітім көрсеткіші 2020 жылы орын алған пандемия әсерінен күрт өсіп кетті. 2019 жылдың қо­ры­тындысымен 1000 тұр­ғын­ға шаққанда 5,61-ді құраса, был­тырғы жылдың қорытын­ды­сымен 19,4% өсіп, 6,7-ні құрады.

Ана өлімі бойынша былтыр 12 жағдай орын алды. Бұған талдау жүргізу нәтиже­сін­де 83,3% жағдайында өлім себеп­тері жүктілікке байла­нысты емес екендігін, яғни, жүк­ті әйел­дердің экстрагени­талды ауру­ларының асқынуы нә­тижесінде болғандығын көр­сетті.

Сәби өлімі бойынша был­тырғы жылдың қорытынды­сымен 226 жағдай орын алып отыр, 100 мың тірі туғанға шақ­қандағы көрсеткіш 10,6 (2019 жыл – 9,7). 5 жасқа дейінгі ба­лалар өлімі 2020 жылы 2,9%-ке төмендеп, 13,6 промильді құ­рады.

Ал, 15-17 жас аралығында өткен жылы 5 суицид жағдайы тіркеліп, көрсеткіш 8,2-ні құ­рады. Жол-көлік оқиғала­рынан болатын өлім-жітім былтыр 34,8%-ке төмендеп, 88 жағдай тіркелді.

Әрине, ең бірінші адам­ның өмірі қымбат. Сол баға жетпес құндылықты сақтау жо­лында медицинаға арты­лар міндет нығая беретіні сөзсіз. Сондықтан, жақсы көрсеткіш­терге қол жеткізу жолында жұмыла түсеміз дегім келеді.

– Өткен жылы Мемлекет басшысы медицина сала­сында маман және оның жал­ақысына қатысты өткір тап­сырма берді. Нәтиже қалай?

– Белгілі бір маңызды бу­ындарға маман тапшылығы бары қазір қай салада да кез­деседі. Өйткені өмір ағысы, сұранысы өзгермелі. Ал маман­ға жағдай жасау, ол енді үлкен мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы елдің денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге бет бұрғызып отыр.

Індет басталған өткен жыл­дың наурыз айынан вируспен күресіп жүрген медицина қыз­меткерлеріне 3 категория бо­йынша қосымша жәрдемақы тағайындалды. Бұл мемлекет тарапынан жасалған үлкен қолдау деп айтар едім. Жұмыс жасау орнына байланысты 1-ка­тегория бойынша 850 мың, 2-категорияға 425 мың, 3-ка­те­горияға 212 мың теңге қаражат төленуі бүгінгі күн­ге дейін жалғасын табуда. Был­тырғы жылдың қоры­тын­дысы бойынша 3 мил­лиард теңгеден астам еңбек­ақыдан тыс қосымша қаражат қыз­меткерлерге комиссия ше­шімімен үлестірілді. Індеттің ең өршіген кезінде шілде айында қосымша қаражаттың құны 947 миллион теңгені құрады. 2021 жылы бұл жұмыс жалғасын тауып, 4 айдың үлесіне 785,2 миллион теңгені құрап отыр. Сонымен қатар еңбекақы биыл дәрігерлер үшін 30%, орта буын қызметкерлеріне 20%-ке жоға­рылады. Демек, еңбек­ақысы өскен маман ынталанады, ал, ынта жұмысқа да, отбасына да жылылық әкеледі.

– Білуімізше, шәкірттеріңіз қазірдің өзінде күрделі опе­ра­циялар жасауға машық­танған көрінеді…

– 2015-2018 жылдары об­лыстық медициналық орта­лықта директор қызметін атқа­рып жүріп Алматы қаласынан жинаған тәжірибемді сол ме­кемедегі жас мамандармен бө­ліскенім рас. Соның ішінде ақ­сап тұрған қан тамырлары хи­рургиясын біршама жолға қоюға үлес қосқаным бар. Сол саладағы жасалып жатқан хи­рургиялық көмектің түр­ле­рі мен саны бүгінгі күні бас­қа ай­мақтардан қалыс емес екенін айту артық бол­мас. 23 жыл жинаған тәжіри­бемді ла­­уазымды қыз­мет­тер ат­қа­рып жүрсем де, практи­ка­лық жұмыспен ұштас­ты­руды жал­ғастырып келемін. Қолым қалт еткенде Алматы немесе Нұр-Сұлтан қаласына барып ота жасатуды жоспарлаған па­циенттерді осында алып қалып, операция жасап көмектесіп жүргенімді жасырмаймын. Ай­­­мақтағы қан тамырлары хи­рур­­гия­сының дамуына қосқан үлесім, мақтаныш етер шәкірт­терім бар екенін де айтқан жөн шығар.

– Сынға қалай қарайсыз?

– Бұл енді адамдық пен парасат-пайымның өлшемі. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейміз ғой, бірақ, сынды ба­йыбына барып айту керек деп есептеймін. Кейінгі уақытта әлеуметтік желіде әлдебір сы­ни пікірлер толастамай тұр. Ең алдымен айтарым, елге кел­генде кресло, атақ іздеп емес, туған жерге тағзым деген ой­мен, денсаулық саласының да­муына өз үлесімді қосып, адал қызмет етсем деген аза­маттық ұстаныммен шешім қабылдадық. Бірінші осыны айтқым келеді.

Өкінішке орай, халықты қатерлі індеттен сақтаймын деп, өздері сол қауіптің ортасында жүрген ақ халатты абзал жандарға қолдау көрсетудің орнына төпелеп, сынға алатын азаматтар кездесуде. Айтқым келетіні, дәрігер әр уақытта көмек беруге тырысады. Өзі­нің кемшілігін көреді, оны жөндеуге талпынады. Дәрігерге сын айтылса, оның өз қателігін жөндеуге мүмкіншілік пайда болды деген сөз.

Ал, әлеуметтік желіге жалған атпен шығып, өнбейтін, маңызы жоқ мәселені елге жария ету, ол – надандық, жеке басына жала жабу – әдепсіздік, білмей тұра сынға алу –  кешірілмейтін күнә. Ал, сол жазбаларды пайда табу көзіне айналдыру – нағыз масқара.

Дәрігерлердің де отбасы мен бауырлары, бала-шағасы бар, аласапыранның ортасында жүріп халықтың қауіпсіздігін ойлаған бейбіт күннің батыр­лары. Ендеше, өз өмірін қа­уіпке тігіп, індетпен күрескен азаматтарға жігер беріп, жарқын күндерге жеткіземіз деп жүрген істеріне кедергі жасамай қолдау көрсетейік, ағайын.

«Құстың қанаты қатты бол­ғанымен, мойыны бос, адамның мінезі қатты болғанымен, кө­ңілі бос». Құс мыңдаған шақы­рым ұшса да, қанаты емес мо­йыны талады екен. Адам пенде емес пе, болмашы нәр­седен көңілі қалуы мүмкін. Қазір байқап қарасақ сенім, мейірім, сыйластық деген тым құнсызданып барады. Тір­ші­ліктің тінін жалғайтын осын­дай алтын арқаудың бағасын білмесек, жалғандық пен жа­сандылық қай кезде де еш­кімге опа бермеген. Бұл, енді ұзақ әңгіме болар, бірақ бір-біріміздің бағамызды біліп жүрейік дегім келеді.

Мен күнделікті әрбір жа­ңалыққа ден қойғанда, әсі­ресе, газеттердің сөзіне көп жү­гінемін. Себебі, «Тасқа ба­сылса тарих» деген бар. Шы­найы ақпаратқа жүгіну – осы. Сөз басында айтқанымдай, ме­дицина қызметкерлерінің кә­сіби мерекесі алдында осын­дай сұхбат сәті түскеніне ри­залық білдіремін. Облыстың аға басылымы «Сыр бойы» арқылы барша әріптестерімді құттықтап, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық, бақ-береке тілеймін.

– Уақыт бөліп, пікірлес­кеніңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Қуат ШАРАБИДИНОВ,

«Сыр бойы»

https://syrboyi.kz/suhbat/vakcina-indetting-emi-senim-engbekting-tiregi-67187/ 


4-06-2021, 19:03

Аудан тұрғындарына коронавирусқа қарсы екпе алу жөнінде

Құрметті Қазалы ауданының тұрғындары!


Екпе кесірлі кеселді ауыздықтайды.


Бүгінде дүниенің түкпір-түкпіріне тараған коронавирус індетін ауыздықтауда әлем елдері бар күш-мүмкіндіктерін жұмсауда. Кесірлі кесел біздің елді де әбігерге түсірді. Мұндайда сала мамандары жұқпалы дертті жеңудің бір ғана жолы – вакцина салдыру екендігін айтуда. Дегенмен халықтың ойы екіұдай. Бірі ерікті түрде екпе алуға келіссе, екіншілері індетке қарсы дәріден бас тартуда.

Күнделікті тәж бейнесіндегі вирустың дүниежүзіндегі миллиондаған жанды әлсіретіп, мыңдағанын жалмап жатқанын ақпарат көздерінен байқап жүрміз. Сондықтан арасын ұзатпай, мықты деген бүкіл әлем ғалымдары ауруға қарсы екпе дайындауға кірісті.

Қазалы ауданы теміржол емханасында осы күнге дейін Спутник 1-тур егілгені- 1650

2-тур егілді -698, Хаят вакцинасы

1- тур егілгені -500

2 тур - 27 адам коронавирусқа қарсы вакцина егілді. Қазіргі таңда Хаят Вакс (Арабская Вакцина) вакцинасының 1-турының 1000 дозасы "Қазалы теміржол ауруханасы" ЖШС,емхана бөлімінде егу жұмыстары жалғасын табады. Коронавируска қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, қауіпті індеттің алдын алу мақсатында ерікті түрде вакцина алуға шақырамыз.

Егу бекетінің мекен жайы: Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті, Әйтеке би 1, Қазалы теміржол емхана ғимараты 23 кабинет орналасқан дәрігерлік амбулаторияларда

үзіліссіз таңғы сағат 08:00-ден түнгі сағат 00:00-ге дейін ала аласыз.

4-06-2021, 11:43

Балалардың мерекесімен құттықтау

Құрметті балдырғандар! 

Қадірменді ата-аналар


Сіздерді бүгінгі "1- маусым халықаралық балаларды қорғау күніменқұттықтаймын!!! Елімізде жас өлкен ұрпағымыз аман болсын!!! Барлығыңызға ашық аспанбейбіт өмірсәбилерге бақытты балалық шақәрқашанда сыңғырлаған күлкі тілеймізӘр уақытта дендері сау болыпОтанымыздың мақтанышы болуларына тілектеспіз

Жұртымызеліміз тынышденіміз саубасымыз аманжұмысымыз жемісті болсын


Ізгі ниетпен : Кұбыл Ршымбетов,

«Қазалы темір жол ауруханасы» ЖШС

директоры

1-06-2021, 13:27