Жаңа 2018 жылмен құттықтау«Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалы - Қазалы теміржол ауруханасының 2017 жылғы атқарған жұмыстары мен алдағы уақыттағы міндеттері туралы
Қадірлі қонақтар! Құрметті әріптестер!
Бүгінгі таңда елімізде денсаулық сақтау жүйесін реформалауға үлкен талпыныс жасалуда. Ұлт саулығы, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері мен мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына айналды. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамы - соның айқын көрінісі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі 5 бағытына дайындалған «Жол карталарын» іске асыру жүргізілуде. Ондағы ортақ мақсатымыз медициналық көмекті - қолжетімді, дәрігерлік қызметті - сапалы ету. Ұлт Жоспарында қойылған басты міндеттердің бірі - міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу болатын. «100 нақты қадамның» 80-ші қадамында оның мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың ынтымақтастығы негізінде жүзеге асатыны айқын көрсетілген. Сондай-ақ, жаңа жүйе бастапқы медициналық-санитарлық көмекті (БМСК) бірінші кезекте қаржыландыруға басымдық бермек. Тәуелсіздігіміздің тарихында Қазалы теміржол ауруханасы түрлі қиындықтардан өтіп, талай белестерді артқа тастап келеді. Бүгінде аурухана көпсалалы емдеу мекемесі ретінде облысқа кеңінен танымал. 100 төсек-орынмен қамтылған мекемеден жыл сайын 3300-3400 науқас ем алып шығады. Диагностикалық, аспаптық, дәрігерлік тексерулер, емдеу тәсілдері мен науқастарды қайта қалпына келтіру жұмыстарын жолға қойған аурухана аймақтағы көпсалалы медициналық ұйымдардың біріне айналып отыр. Бұл, әрине, білікті мамандардың жанқиярлықпен еткен еңбегінің жемісі. Адам жанының арашашысы болу - жүректілікті талап ететін қызмет. Мемлекетіміздің ең басты құндылығы - адам өмірі болып табылады. Бұл орайда оның толыққанды бақытты өмір сүруі тікелей оның денсаулығына байланысты. Осы тұста біздің мекемеде 62 дәрігер, 182 орта және 79 кіші буын медицина қызметкері қоғам саулығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүр. Есепті жылы қайта даярлаудан 4 дәрігер, біліктілігін жетілдіруден 5 дәрігер және 10 мейіргер өткізілді, 10 дәрігер мен мейіргер маман сертификатын алды, 6 дәрігер және 30 мейіргер санаттылыққа ие болды. Ауруханада жүзеге асырылған денсаулық сақтау саласына қатысты бағдарламалардың барлығы ел саулығын нығайтуға үлес қосуда. Атап айтқанда, 2017 жылы аурухананың травматолог мамандары жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетті (жамбас буынын эндопротездеу және остеосинтез жасау), мемлекеттік тапсырыспен 5 науқасқа ота жасап, емдеп шығарды. 20 төсектік нейроинсульт орталығында осы уақытқа дейін Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарынан түскен 400-ден астам науқас емделіп шықты. Компьютерлік томограф аппаратымен Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары және Байқоңыр қаласының тұрғындарына тәулік бойы тегін және ақылы түрде тексерулер жүргізіледі. УДЗ аппаратымен стационарлық науқастарға ай сайын 350-400 зерттеулер тегін жүргізіліп келеді. Ауруханада «Телемедициналық» байланыс іске қосылған. Бұл байланыс арқылы күрделі науқастар 14 республикалық клиникалық, ғылыми-зерттеу, облыстық медициналық, перинаталдық, диагностикалық орталықтарынан кеңес ала алады және дәрігерлер селекторлық кеңестер мен видеоконференцияларға қатысып, білімін жетілдіруде. 2017 жылы 27637695 теңгеге ауруханаға қажетті медициналық мақсаттағы бұйымдар, оның ішінде «SOS медциналық сигнализациясы», бұрылмалы вертикализатор, ИВЛ аппараты, реанимациялық монитор, жүргізу имитаторы, хирургиялық электрокоагулятор, компьютерлер жиыны, жылжымалы дизель электр станциясы және тағы басқа да құрал-жабдықтар сатып алынды. Аурухананың қабылдау бөліміне орналастырылған «SOS» бағдарламасы арқылы маман дәрігерлерді жедел шақыру ұйымдастырылған. Емханада кешенді медициналық ақпараттық жүйесі (КМИС) толық іске қосылды. Пациенттердің кезегін азайту мақсатында «Терминал» электрондық кезек жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік қызмет «электронды үкіметінің» egov.kz веб-порталы арқылы «дәрігердің қабылдауына жазылу мен үйге шақыру»30%-ке, бірыңғай халық тіркелімі бойынша (РПН) 5%-ке жеткізілді. Жүкті әйелдер мен туу жасындағы әйелдерді регистрге енгізіп жұмыс жасалуда. Жүкті әйелдердің кезек күтпеу үшін «жасыл дәліз» арқылы қабылдау жалғастырылуда. Бала шақтағы ауруларды ықпалдастыра енгізу (БШАЫЕ) бағдарламасы кеңінен қолданылуда. Мұның бәрі тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға, әр отбасының, әр азаматтың денсаулығын жақсартуға оң ықпал етуде. Нәтижесінде, есепті жылы аурухана ұжымы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен Қызылорда облысының әкімдігі арасындағы облыс тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсарту жөніндегі 2015-2018 жылдарға арналған МЕМОРАНДУМ–ның нысаналы көрсеткіштері бойынша біршама табыстарға қол жеткізді. Атап айтқанда, аймақта ана мен бала өлімі тіркелген жоқ. Халықтың күтілетін өмір-сүру ұзақтылығы 72,1 жасқа өсті. 1000 адамға шаққанда жалпы өлім – жітім 3,5-ке, 100 мың халыққа шаққанда қан айналым жүйесінің ауруларынан болатын өлім – жітім 58,0-ге, онкологиялық аурулардан болатын өлім – жітім 49,0-ға, жарақаттанулардан, жазатайым оқиғалардан және уланулардан болатын өлім – жітім 4,7-ге дейін төмендеді. Емхананың жұмыс сағаттарында созылмалы аурулары бар науқастарға шақырулардың үлесі 15%-ке төмендетіліп, дәрігергее жүгіну үлесі 61,0%-ке ұлғайтылды. Стационарлық көмекті тұтыну (1000 халыққа шаққанда) 145,0-ке дейін төмендетіліп, жоспарлы емдеуге жатқызу 50,1%-ке дейін ұлғайтылды. Ұйымдағы ұйымдастырушылық техниканы (компьютерлер, серверлер және басқалар) жыл сайын жаңарту 20%-тен кем емес. Локалды ақпараттық жүйелерді енгізу 100% қамтылды. Айта кету керек, 2017 жылдың 20 қыркүйегінен бастап аурухана атауы өзгертіліп, «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалы - «Қазалы теміржол ауруханасы» болып қайта құрылды. Соған байланысты, денсаулық сақтау саласындағы қызмет түрлеріне лицензия мен лицензияға қосымшалар толық қайта ресімделіп, 5 жыл мерзімге рұқсат алынды. Алдағы жылы да біздің мекеме 2017 жылғы қол жеткізген жетістіктерін одан ары жалғастыратынына сенімім мол. Ал ол үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда (мемлекеттік тапсырыс, қаржыландыру, материалдық-техникалық база, кадр мәселелері). Құрметті әріптестер! Біздің әрқайсысымыз өмір мен денсаулықтан артық құндылық жоқ екенін жақсы түсінеміз. Дәл осы баға жетпес құндылықты сақтап қалуға негізделетін аса жоғары жауапкершілік Сіз бен бізге жүктеледі. Сөзсіз, Сіздердің толассыз қызметтеріңіздің өлшемінде қуанышымен қауышқан талай адамдардың тағдыры тұр. Алдағы уақытта адам тәнінің қиналысы мен қасіретін жүрегімен сезіне білетін Сіздерді халыққа қалтқысыз еңбек етеді деп сенемін.
Қадірлі қонақтар! Құрметті әріптестер!
Алда жақсылығымен, жағымды жаңалығымен баршаны қуантар, келе жатқан Жаңа Жыл мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге Жаңа 2018 жыл мол бақыт, шалқар шаттық, зор қуаныш, құт-береке, жарқын жетістік пен асыл татулық әкелсін! Керегелеріңіз кеңейіп, шаңырақтарыңыз биіктей түссін! Әрбір жаңа бастамаларыңыз тек қана жеңіс пен сәттілікке ұласа берсін! Ырыстарыңыз көп болып, табыстан табысқа жете беріңіздер! Жоспарларыңыз іске асып, тілектеріңіз орындалсын! Жұмыста - табыс, жүректе - тыныштық, денсаулық - мықты болсын. Алға қойған барлық мақсат орындалсын!
Игі тілекпен: Қ.РШЫМБЕТОВ, «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» ЖШС филиалы – Қазалы теміржол ауруханасының директоры
Сурет UaUa.INFOсайтынан алынды.
|