» » Алғашқы көмекті көрсете білген жөн

Алғашқы көмекті көрсете білген жөн

Алғашқы көмекті көрсете білген жөнҚыркүйектің екінші сенбісі – бүкіләлемдік алғашқы көмек көрсету күні. Осы орайда қазақстандық Қызыл Ай қоғамының нұсқаушылары қала тұрғындарына үйде, кеңседе және жол-көлік оқиғасы кезінде алғашқы көмекті көрсету жөнінде шеберлік сағатын өткізді.
 
Бұл іс-шараның басты мақсаты – төтенше жағдайларда алғашқы көмек көрсету ереже-тәртібі мен өзін-өзі қалай ұстау қажеттігін үйрету.  
Медициналық көмек келіп жеткенше көрсетілетін көмек – алғашқы көмек саналады. Оған қолдан дем алдыру, жарақат алғанда қанды тоқтату, жүрек талмасы мен кенеттен тоқтауы кезінде жүректі уқалау, аяқ-қолы тырысқан кезде көмектесу, тыныс алу жолдарының бітелуі, есеңгіреу, күйік, үсу, қатты суық тигенде қасындағы адамның қолғабыс етуі жатады. Оқыс жағдайға тап болған адамға алғашқы көмек сауатты көрсетілсе, көп жағдайда оның өмірін сақтап қалуға болады. Медицинада алғашқы  8 минут – «алтын уақыттың» қатты бағаланатыны сондықтан. Осы уақыт  аралығында адамға дұрыс көмек көрсетілсе, 90 пайызында тірі қалады деген статистика бар. Кездейсоқ жағдайлар бойынша жүргізілген талдаулар адамдардың жол-көлік қозғалысы ережелері бұзылғанда, техника қауіпсіздігі, еңбек және өндіріс тәртібі сақталмағанда алған жарақаттары өлімге әкеп соғатынын көрсеткен.
– Көп жағдайда  адамдар алғашқы көмекті қалай көрсету қажеттігін білмей жатады. Мұндай шараларды өткізудегі мақсат – тұрғындардың осы бағыттағы сауаттылығын арттыру. Кездейсоқ жағдай кез келген жерде болуы мүмкін. Кейбіріміз қиналып жатқан адамның қасынан қайырылмай өте шығамыз. Тіпті көмек көрсетудің орнына, ұялы телефонға түсіріп тұратындары бар. Алайда ертеңгі күні сол адамның орнында өзіміз немесе жақынымыз болуы мүмкін ғой. Сондықтан мұндай курстарда тек адам өмірін сақтап қалу ғана емес, адамның бойында қайырымдылық, адамгершілік қасиеттерін оятуға талпынамыз. Оқыс жағдай орын алған кезде көмек қолын соза алатын адамның болғаны жақсы. Еуропа мемлекеттерінде жедел жәрдем келіп жеткенше, алғашқы көмек көрсету жақсы дамыған. Өйткені халықты осы бағытта үйрету, оқыту жұмыстары дұрыс жолға қойылған. Мәселен, Нидерланды, Ұлыбритания секілді елдерде мұндай курстар өте көп және оған деген халықтың қызығушылығы да жоғары. Бұл елдер қауіпсіздігі жоғары деңгейдегі ел болып саналады. Яғни көшеде біреу өзін жаман сезініп жатса, міндетті түрде біреу келіп қол ұшын созады. Бізге осы бағытта өзгеру керек. Ал өзгеру үшін адам қандай көмек көрсете алатынын білуі тиіс, – дейді Қазақстан Қызыл Ай қоғамы бас директорының орынбасары Толқын Исабекова.  
Төтенше жағдайлар мен табиғи апаттар салдарының ауыр болмауы тек жауапты құрылымдардың біліктілігіне ғана емес, тұрғындардың жалпы дайындығына да байланысты деп тұжырымдайды мамандар. Осындай шеберлік сыныптарында төтенше жағдайлар туындаған кезде психологиялық тұрғыда дайын болуға үйретеді. Нұсқаушылар қандай жағдай болмасын, сабырлы болуға шақырады. Одан кейін, оқыс жағдайға тап болған адамды тыныштандырып, қолдан келсе алғашқы көмек көрсету қажет. Бірден жедел жәрдемді шақыруды ұмытпаған абзал. Алғашқы көмек көрсеткен кезде мамандар, ең бастысы, көмектесемін деп, залал келтіріп алмауды есте ұстаған жөн дейді. Мәселен, халық арасында аяқ-қолы дірілдеп, талмасы ұстап жатқан адам тілін жұтып қоймас үшін қасықпен басу керек деген пікір қалыптасқан. Алайда мамандар дірілдеп жатқан адамның аузына қасық салуға болмайтынын айтады. Қасықпен ауыз қуысын жаралап алуымыз мүмкін. Айналасындағы қатты заттарды алшақ тастап, адамның желке тұсына жұмсақ зат қойып, басын қатты ұрып алмауына жағдай жасау қажет. Тырысуы қайтқаннан кейін, есін жоғалтып алуы мүмкін. Сол кезде тілін жұтып қоймас үшін, ақырын ғана бір жанына қарай жатқызған жөн. Сонда тілі де артқа кетпей, түкірігіне де шашалмайды. Жұлқылап, су себуге болмайды. Қиналып жатқан адамға кезіккен сәтте алғашқы көмек көрсетуді үйренгісі келген жандар Қызыл Ай қоғамына келіп, арнайы курстан өтуіне болады.  
 
Үмітжан Жапар
http://aikyn.kz/articles/view/57261
13-09-2014, 16:59
1 791 просмотров
Нашли ошибку?