» » Ауру – адамды Аллаға жақындатар жолдың бірі

Ауру – адамды Аллаға жақындатар жолдың бірі

Ауру – адамды Аллаға жақындатар жолдың біріАдам денсаулығы. Оны қалай сақтау, күтіп-баптау керек? Жалпы, дені сау дегеніміз қандай жан? Адам организмінен де бұрын адамның жаратылысы туралы не білеміз? Жалпы, адамның жаратылудағы басты мақсаты не?
 
Осы басты сұраққа жауап таппай тұрып, денсаулық, оны қалай сақтау керектігін шын мәнінде, білу мүмкін емес. Жалпы, дені сау адамның критерийі қандай болмақ? Осы тұрғыдан қарасақ, біз өзіміздің ауру не сау екенімізді де білмейміз. Өзіміз үшін «жақсы» болған нәрсенің бәрі бізге пайдалы болмауы мүмкін. Керісінше, қандайда бір тәнімізге уақытша жабысқан жеңіл дерттер өзіміз ойлағандай «жаман» болмауы кәдік.
Жаратушы қасиетті Құранда: «Сен риза болмаған нәрсе – саған пайдалы болуы, ал сен қуанған нәрсе – саған зиян әкелуі мүмкін» дейді. Суфизмнің ұлы имамы әл-Ғазали: «Дерт – адамды Құдайға апаратын жолдың бірі» дейді. «Дерт –таңдаулы құлдарыма жіберетін менің қызметшілерім» дейді Құдайдың өзі. Осыған сайсақ, дерт адамды тәубасына түсіріп, иманға келуіне себепші болады.
Ендеше, адам қандайда бір тәніне батқан дертті дұшпан, жау сияқты сезінбеуі керек екен. Керісінше, оны өзін зиянды заттардан арылтатын, физикалық, эмоционалдық, рухани жағынан тазартатын құрал ретінде сезінуі тиіс. Осы жағынан алғанда суық тию, тұмау секілді жеңіл-желпі дерттер біздің досымыз болып шығады. Медицина заңы бойынша, адам ауырғанда оның дене температурасының көтерілгені жақсы, яғни қызудың көтерілгені адам организмінің аурумен күресе бастағанын, қарсылық қуат пайда болғанын білдіреді.  
Батыс медицинасы бүгінде тұмауды аспирин, анальгин және басқа да медикаменттермен емдеуге қарсы тұра бастады. Оның орнына табиғи түрде емделуді, организмнің ауруды өзі жеңіп шыққанын қалайтын болды. Мәселен, теріңізді байқамай тіліп алсаңыз, оны жаққан йод не тас қылып таңып байлап тастау емес, терінің өзі емдеп жазбай ма. Бұл да сол секілді. Ендеше, адамды емдейтін шын мәнінде, дәрі-дәрмек емес, ол тек белгілі бір дәрежеде көмекші құрал ғана.  
Адамның ауыра бастағанын өзінің сезім мүшелері (көруі, естуі, дәм сезуі) білдіре бастайды да, адам соған қарсы іс-әрекетке кіріседі. Арабша «нафс», қазақша «нәпсі» деген сөз тән мен жанның қалауын білдіреді. Яғни тән мен жанның тамаққа, қыста жылуға, жазда салқынға, сондай-ақ атақ-даңққа, «менге» деген құштарлығын танытады.  
Қазақ «көзің ауырса, қолыңды тый, ішің ауырса, аузыңды тый» дейді. «Жеңем десең, алдымен нәпсіңді тый» дейді данышпан Абай. Ауырған адамға бас салып дәрі ішкеннен гөрі, ашыққан, ораза ұстаған әлдеқайда тиімді екенін діндарлар да, дәрігерлер де қуаттайды. Қуаныш пен реніш бірдей. Адамның қатты қуануына да болмайды. Қатты қуанғаннан да адамдар  
о дүниелік болып кетіп жатады. Қан қысымы, тердің кенеттен бұрқ етуі адам эмоциясына, жүйкесіне тікелей байланысты. Адам денсаулығының мықты болуы оның рухына тәуелді. Рухың сау болса, тәнің де сау болады.  
Адам көп ауруды ниетінен табады. Адамның күнделікті ойлары оның көңіл күйіне ғана емес, денсаулығына да әсер етеді. Жан күйзелісі тән ауруына апарады. Жаның (рухың) сау болса, тәнің де сау.  
Көптеген адам «рух» пен «жанды» шатастырып, екеуін бір нәрсе деп есептейді. Шын мәнінде, екеуі екі бөлек дүние. Адам өмірі Алладан өлшеніп беріледі. Талқаны таусылса, оны әлемдегі ең мықты дәрігерлер мен емшілер жиналса да, бір минутқа болсын ұзарта алмайды. Тән шіріп кеткенмен, рух өлмейді.  
Нәресте дүниеге жаңадан келгенде, бірден тыныс алып кетпейтіні белгілі. Оның тыныс алуы үшін дәрігерлер дереу құйрығынан шапаттайды. Оған тыныс беруші Алла, егер Құдай дем бермесе, құйрығынан қанша шапаттасаң да, қандай технология қолдансаң да, нәресте өлі туылады.  
Жанның ұясы – жүректе. Адам жақынынан айырылғанда, жүрегінде қайғы пайда болады. Оны кәдімгі шаншитын физикалық ауру десе болады. Жүрек ауруы. Жүректі арабша «калб» дейді. Жүрек – денеге қан айдайтын жай ғана физикалық насос емес, оның атқарар маңызды функциясы біз білгеннен әлдеқайда көп.
 
Төре ҒАЛИ

http://aikyn.kz/articles/view/56145
27-08-2014, 10:20
1 442 просмотров
Нашли ошибку?