Қазалы теміржол ауруханасы – Қазалы және Арал, ішінара Қармақшы аудандарының халқына қызмет көрсететін үлкен емдеу орны. Тәжірибелі маман, білікті басшы Құбыл Ршымбетұлы Ршымбетов басқаратын ұжымның еңбегіне ел риза. Мұнтаздай таза бөлмелер жатып емделуге барынша лайықты болса, тәртіпке бас иген денсаулық сақшылары келушілердің кеуіліне дем беріп, сырқатынан айығып шығуына шынайы қызмет көрсетеді.
Мереке қарсаңында арнаулы тілшіміз
Құбыл Ршымбетұлымен кездесіп, мекеме бойынша медициналық қызмет көрсетудің жай-жапсарымен танысқан еді.
Осы сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
РЕДАКЦИЯДАН.
Сұрақ: Әңгіме ауанын алдымен медицина қызметкерлерінің саны мен сапасынан бастасақ...
Жауап: «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» акционерлік қоғамының филиалы – «Қазалы теміржол ауруханасының» 100 пайыз акциясы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне тиесілі. Медициналық қызмет көрсетуге мемлекеттік лицензия берілген. ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысымен «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі» шеңберінде 2010 жылдан бастап жұмыс істейді. Ауруханамен бірге оған қарасты емхана және ақылы бөлімшесі келушілерге қызмет көрсетеді. Ауруханада стационарлық 100 орынды, күндізгі стационарлық 25 орынды төсек және емханада күндізгі стационарлық 15 орынды төсек жұмыс жасайды. Ауруханада барлығы 44 дәрігер болса, оның 23-і бірінші санатты, 2-уі екінші санатты. Жеті дәрігер қайта даярлау және квалификациясын жоғарылату курстарында оқып, біліктілігін арттырды. Мекемеде 162 мейіркеш қызмет істейді. Олардың 15-і жоғары, 82-сі бірінші, 12-сі екінші санатты. Дәрігерлердің бірінші көмекшісі саналатын мейіркештердің қай-қайсысы да өз ісіне берілген мамандар. Мәселе қызметтің санында емес, сапасында. Сондықтан, қызметтің сапасына айрықша көңіл бөлеміз.
Сұрақ: Аурухана заман талабына сай соңғы үлгідегі медициналық аппаратуралармен жарақтандырылған деп естідік...
Жауап: Бұл рас. Аурухананың бүгінгі таңдағы материалдық-техникалық жабдықталуы өте жоғары деңгейде. 2013 жылы облыстық денсаулық сақтау департаменті аурухананың қызметін ескеріп, конкурс арқылы жергілікті бюджеттен 155 млн. 986,0 мың теңге, республикалық бюджеттен 245 млн. 846,0 мың теңге қаржы қаралатын болып бекітілді. Сондай-ақ облыстық медициналық қызметке ақы төлеу комитеті жұмысымызды зерделеп, тексеріп, нәтижесін бағалап, жоғары мамандандырылған медициналық көмек саласы бойынша ауруханаға 17 млн. 109,0 мың теңге қаржы бөлу қажеттігін мақұлдады. Қаралған қаржыларға заманауи үлгідегі медицинаның соңғы жетістіктеріне сәйкес аппаратуралар сатып алынып, халық денсаулығының қажетіне жаратылуда. Нәтижесінде ауруханада жоғары арнаулы медициналық көмек көрсетіліп, жамбас ұршығына гемиопротез орнатылып, күрделі оталар жасалуда. Отаның бұл түрі Қазақстан бойынша үш жерде ғана жасалады. Мұны бізде білікті травматолог-ортопед Аманкелді Қанатов ойдағыдай атқаруда. Сонымен бірге ауруханада денені кеспейтін эндоскопия аппараты арқылы ота жасау әдістері де қолданылуда. Осы әдіспен апендэктомия, холецистэктомия, кистомэктомия оталарын бірінші санатты дәрігер- хирург Сәдуақас Ахмет пен акушер-гинеколог Қазбек Еспаев сәтті жасады. Ауруханада плазмоферез, гемодиализ бөлімі Қармақшы, Қазалы, Арал аудандары бойынша бүйрек қызметінің созылмалы жетіспеушілігіне қызмет көрсетеді. Бөлімде бірінші санатты дәрігер-уролог Ерболат Жасанов ізденімпаздықпен еңбек етуде.
Өткен жылдан бері компьютерлік томография аппараты арқылы көптеген ауруларға нақты диагноздар қойылды. Бірінші санатты дәрігер-рентгенолог Ерболат Дәрібай бұл аппаратпен жұмыс жасауға маманданған. Облыс бойынша компьютерлік томография тек ғана біздің ауруханада бар екендігін ескерсек, мұның үлкен жетістік екендігі даусыз.
Үстіміздегі жылы соңғы үлгідегі аса қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Айталық, «Фиброгастроскоп» аппараты өңеш, кеңірдек, асқазан, он екі елі ішектің қызметін, «Компьютермен физиотерапевтік урогинекологиялық комплекс» аппараты ерлер мен әйелдердің жыныс мүшесі қызметінің қалыптылығын, өзгерістерін, «Аудиометр АД229b» аппараты құлақтың есту қабілетін цифр арқылы анықтаса, «Спирограф СМП-21/01-«Р-Д»» аппараты өкпе қызметін тексереді. Анализатор «ABL80Flex» аппараты қанның құрамындағы қышқыл сілтісін және газды құрамына сараптама жасайды. «Электрокардиограф 3-арналы» аппараты жүректің соғысын әртүрлі бағытта анықтайды. Бұндай аппараттың 4 данасы сатып алынды.
Сұрақ: Енді аурухана мен емхананың қызмет көрсету аясы мен деңгейі туралы айтсаңыз...
Жауап: Аудан бойынша емханада 20170 тұрғын есепке алынған. Тұрғындарға қызмет көрсететін невропотолог, балалар невропотологі, дерматовенеролог, хирург, балалар хирургі, гинеколог, травмотолог, уролог, окулист, балалар окулисі, эндоскопист, пульмонолог, стоматолог-терапевт, стоматолог-ортопед, стоматолог-хирург, отоларинголог, рентгенолог, кардиолог, УЗИ, эндокринолог, физиотерапевт, доплерография, клиникалық лаборатория, егу, таңу, кіші операциялық, гипстеу, картотекалық, регистратуралық, дәрігерге дейінгі, анықтама қызметі, дені сау балаға арналған, отбасын жоспарлауға арналған, протез жасайтын, флюро түсіретін, маммография, дене шынықтыруға арналған, электроэнцефалограмма, эхоэнцефалограмма, ЭКГ, ЭЭГ, ФГДС, кольпоскоп, ИФА қызметіне арналған бөлмелер бар. Емхана қызметкерлері бір күнде 350 адам қабылдайды.
Аурухананың бөлім меңгерушілері Сәдуақас Ахмет, Қазбек Еспаев, Бақыт Айжарықова, Гүлмәрия Дәрменова, Шара Байбазарова басшылық жасайтын дәрігерлер мен мейіркештер өз қызметтерін барынша мінсіз атқарады. Жан сақтау бөлімшесінде 3 орынды төсек жұмыс жасайды. Бөлімше соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен, аппараттармен және орталықтандырылған оттегі беру жүйесімен және оттегі беретін барокамера, SEP10S инфузиялық шприц насос аппараттарымен жабдықталған.
Ауруханада мұнымен қатар, параклиникалық және функционалдық диагностика бөлімшелері бар. Тарқатып айтсақ, рентген, маммография, рентгеноскопиялық, ультро-дыбыстық диагностикасы, эхоэнцефалоскопиялық, фиброгастроскопиялық, эхоэнцефалографиялық, доплерографиялық тексерулер, сондай-ақ Еуропа елдерінде өз нәтижесін берген скринингтік тексеру шаралары емханада арнайы жоспар бойынша жүргізіледі.
Тілші: Сізді және Сіз арқылы біздің тұрақты оқырмандарымыз болып табылатын теміржол тораптық аурханасының ұжымын төл мерекемен құттықтап, ел денсаулығы жолындағы еңбектеріңізге табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан,
Жетіскен МӘКЕНАЛЫ,
аудандық «Қазалы» газетінің арнаулы тілшісі.
"Қазалы” газеті