Мамыр айының 17 жұлдызында дүниежүзі елдерінде пульмонолог-дәрігерлер өзіндік
кәсіби мерекесін тойлайды. Тұмау, баспа, пневмония, бронхит, өкпе қабынуы,
демікпе секілді тыныс алу жолдарының ауруларын емдеуге ат салысатын дәрігерлер
қауымын пульмонолог деп атайды. Ал әлемнің кей мемлекеттерінде пульмонология
саласын респираторлы медицина ретінде атау да таңсық жайт емес.
Бұл мереке алғаш 1997 жылы атап өтілді. Сол уақыттан бері жыл сайын 17 мамырда
пульмонологтар және олармен кәсібі жағынан тығыз байланысты терапевтер мен
реаниматологтар мақтау қағаздарымен марапатталып, сый-құрметке лайықты деп
танылады. Осы күні бүкіл әлем бойынша ғылыми конференциялар мен семинарлар,
телевизия және радиоэфирлерде арнайы дәрістер мен пульмонология саласының
жетістіктері жайлы түрлі бағдарламалар өткізіледі.
Адамның тыныс алу мүшелері – өмір сүру үшін аса қажетті функционалды органдар
болып табылады. Сол себепті оны күтіп ұстау керек-ақ. Зауыт-фабрикалар,
көліктерден шығатын түтіндер мен лас ауа өкпе жұмысын ауырлата түседі, ал
темекі шегуге құмарлық тыныс алу жолдарын мүлде бөгемек.Денсаулыққа салғырт
қараудың аяғы өкпе туберкулезіне шалдықтырады. Сонымен қатар суықта өзін-өзі
күтпеудің соңы тұмаумен ғана шектелмей, бронх демікпесі, пневмониямен не болмаса бронхитпен
жалғасады. Ал денсаулығына салғырт қарайтын науқастар дер кезінде дәрігерге
қаралмаса, мұндай аурулар тізімі өкпе обырына(рагіне) әкелмесіне кім кепіл?
Көрдіңіз бе, жай ғана суықта жылы күтінбеу немесе темекіге құмарлық адам өмірін
қаншалықты құртпақ? Осыған қарамастан қарапайым тұмаумен шатастырып, дәрігер
қарауына асқынған сәтте бірақ баратындар пульмонолог дәрігерлер жайында тіптен
хабарсыз. Көп жағдайда олар өздерінің емдеуші терапевт дәрігерлеріне жолығып,
тек содан кейін арнайы мамандарға жолдама алады.
Адам физиологиясының күрделі органдарына жауапты дәрігерлердің еңбегін бағалап,
оларға құрмет көрсету мақсатында атаулы мерекелік шара енгізілген еді. Себебі
пульмонолог-дәрігерлер тыныс алу мүшелерінің қызметін, оның анатомиясын
жан-жақты зерттеп, алдын-алу мен емнен кейінгі шараларға жауапты. Ақ халаттылар
мойнында сан мың адам тағдыры жатыр. Ал мұндай ауыр жүкті көтеріп жүру
медицинадағы пульмонология саласының қызметкерлеріне тиісті міндет екенін
ұмытпайық!
Автор: Назерке ТЛЕУБАЕВА
http://www.zhardem.kz/news/1463718190.html