» » МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ МIНДЕТТI МЕ?

МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ МIНДЕТТI МЕ?

МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ МIНДЕТТI МЕ?Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында: «Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген.

Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестікті дамыту үшін жекеменшіктегі медицина мекемелеріне ММСЖ жүйесі аясында тең жағдай туғызу керек. Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын. Сондай-ақ заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажет» делінген. Елбасы тапсырмасына орай, ақпараттық-түсіндіру жұмысы басталып кетті. Медициналық сақтандыру жүйесіне орай нақты қандай шаралар қолға алынды? Көпшілік бұл жүйеден хабардар ма? Бізді толғандыратын жайт – осы.

МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ МIНДЕТТI МЕ?

 

Бәрі неден басталды?

1 шілдеден бастап енгізілгелі отыр­ған міндетті медициналық сақтандыру жүйесі әлемдік қандай тәжірибеге орай жүзеге асырылып отыр? Білуімізше, Германия, Франция, Голландия, Швейцария, Бельгия елдерінде бұл жүйе бұрыннан бар. Еуропа елдерінде қалыптасқан озық тәжірибеге сүйене отырып, әзірленгені белгілі. Дамыған іргелі елдерде науқастардың дертін ерте кезден анықтау – бұрыннан бар үрдіс. Ол үшін көпшілік арнайы медициналық тексеруден өткізіліп отырады. Арнайы медициналық тексерістен өту – аурулардың асқынып кетпеуінің алдын алады. Бұл – бір жағынан дұрыс шешім. Егер еліміз денсаулық сақтау саласында осындай қадамға барса, ұтарымыз анық. Міндетті медициналық сақ­тандыру денсаулығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 1997 жылы литвалықтар міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне толығымен өтті. Бұл жүйені дайындаған неміс маман­дары көрінеді. Әрбір литвалық өз кірісінің тоғыз пайызын медициналық сақтандыру қорына аударып отырады. Жұмыссыз жүрген жандар болса, оны мемлекет қамтамасыз ететін көрінеді.

МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ МIНДЕТТI МЕ?

Бұл жүйенің тиімділігі қандай?

Сонымен, бұл жүйенің тиімділігі неде? Мамандардың айтуынша, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған дәрігеріне барып, емделуіне болады. Медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы сол қордан бөлініп отырады. Бұған мемлекеттік емханалар ғана емес, жекеменшік емханалар да кіруге ниет білдіріп отыр. Бұл жүйе жүзеге асатын болса, сақ­тандыру қорынан қаржы шығарып, ем-дом алатын азаматтардың саны артады деген сөз. Мұның екінші жағы бар: емдеу мекемелері арасында бәсе­келестік туындамай ма? Ондай жағ­дайда, емханалар не істемек керек? Оған берілетін жауап біреу: яғни, кез келген мекеме қызметкері сапалы қызмет көрсетуге ұмтылады. Өйткені емделуші дәрігерді өзі таңдайтын болады.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі кезінде, сол кездегі министр Тамара Дүйсенова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландырылатын пакет туралы анықтама беріп өткен. Тамара Дүйсенова өз сөзінде: «Жұмыс берушілер өз жұмысшылары есебінен еңбекақы қорынан бес пайыз, жұмыс­шылар екі пайыз, өзін-өзі еңбекпен қамтамасыз етушілер көрсетілген табысынан жеті пайыз жарна төлейтін болады. Қазіргі экономикалық жағдайға байланысты жарналар 2017 жылдан бастап біртіндеп өседі және кор­поративтік жеке салықтарды есептеу кезінде шегерілетін болады» деген еді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі мемлекеттің, жұмыс беруші мен өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтардың міндетті сақтандыру төлемдерінен құралады.

 

Сақтандырудың екі түрі бар

Мамандар сақтандыруды екіге бөліп қарастырады. Оның бірі – негізгі сақтандыру түрі. Оған мемлекеттік бюджеттен тегін көрсетілетін медициналық қызметтер кіреді. Бұл еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болмақ. Мемлекет өз міндетіне медициналық қызметтердің түрін алып отыр. Мәселен, жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиацияны, әлеуметтік маңызы бар ауруларға ем көрсетуді, төтенше жағдайға көмек көрсету және алдын алу шараларына қатысты екпелерді өз міндетіне алады. Екіншісі – міндетті медициналық сақтандыру. Бұған негізгі сақтандыруға кірмеген басқа да медициналық қызметтер түрін қамтитын болады. Оған амбулаторлық-емханалық кө­мектер, ауру­ха­нада жатып емделу, жо­ғары технологиялық көмектер кіреді. Бұл – міндетті сақтандыру жүйесіне тіркелген азаматтар үшін тиімді жоба.
Бұл жүйені енгізудің басты мақсаты не? Мамандардың айтуынша, ден­саулық сақтау жүйесін қаржыландыру тұрақтылығы, тұрғындарды қолжетімді және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау жүйесінде медициналық ұйымдар бәсекелестігін құруға бағытталған жаңа экономикалық қатынастарды дамыту, нарыққа бағытталған басқару жүйесін енгізу және медициналық көмекті ұйымдастыру, тұрғындардың үнемі өсіп отырған сұраныстарын қанағаттандыру үшін денсаулық сақтау жүйесінің бәсекелестігін және қаржылық тұрақтылығын құру. Ең бастысы, тұрғындардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін ояту. Бұл үшін бюджеттік ұйымдар медициналық қызметкерлерін бәсекеге қабілетті болатындай жалақымен қамтамасыз етулері қажет.


Зәуреш АМАНЖОЛОВА, Мәжіліс депутаты:

Медициналық қызмет сапасы артады
Мемлекет басшысының Жолдауында білім беру жүйесімен қатар, денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруі тиіс деп айтылған болатын. Адам капиталының өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосатын – осы міндетті медициналық сақтандыру қорына өту болмақ. Мұның ең тиімді тұсы – адамдардың өз денсаулығына жауапкершілігі артады. Сонымен бірге, жұмыс істейтіндер де,мемлекет те жауаптырақ бола түседі. Екіншіден, бүгінде медицина саласын түгелдей мемлекет қаржыландырады. Бұл– біз үшін үлкен шығын. Медицинамыздың даму қарқыны да көңіл қуантады. Әсіресе, кардиология, транс­плантология салаларын атап өту керек. Десе де, оларда жасалатын оталардың қатты қымбат екендігін де ескеру керек. Соның барлығының шығынын мемлекет көтереді. Бұл қордың мемлекет қаржысын үнемдеуге көмектесетін тұсы – осы. Үшіншіден, медицина қызметкерлерінің жауап­кершілігін көтеру де – басты мақсат. Өйткені бәсекелес орта пайда болады. Мемлекеттік болсын, мемлекеттік емес болсын мекемелер қазір аккреди­тациядан өтіп, осы сақтандыру компаниясында қызметтерін атқарады. Аурухананың қай түрін таңдау – адамның өз еркінде. Соған орай қаражат та сол таңдалған мекеменің есебіне аударылады. Міне, бә­секелесетін орта туындайды дегеніміз де осыған байланысты. Өзіне адам тарту үшін қызмет көрсету сапасын көтеруге тырысатын болады. Бәрін айт та, бірін айт, бастысы – медициналық қызметтің әрі сапалы, әрі қолжетімді болғаны керек.


Жәнібек ЖӘЛИЕВ, Республикалық электронды денсау­лық сақтау орталығының маманы:

Табысы төмен адамдар жиі ауырады
Қазақстандағы «Міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры» Францияның үлгісін енгізгелі жатыр. Францияда 75% халықтың табысы жоғары, яғни олар сақтандыру қорына көп ақша төлейді, ал25% халқы та­бысы төмен, яғни сақтандыру қорына аз ақша төлейді. Енді сол сақтандыруға жиналған барлық қаржының 82%-ы жоғарыда айтып өткен 25% табысы төмен азаматтарға жұмсалады. Өйткені табысы төмен халық табысы жоғары азаматтарға қарағанда жиі ауырады. Ал75% табысы жоғары азаматтарға сақтандыру қорының 18% қаржысы ғана жұмсалады. Өйткені табысы жоғары адамдар аз ауырады, өздерінің денсаулығын күтеді немесе ауырған жағдайда жекеменшік емханалардың қызметін қолданады. Сонымен, бай адам кедей үшін, дені сау адам ауру адам үшін ақша төлейді. Осыдан-ақ қоғамдық әділдікті көруге болады. Төленіп жатқан қаражат «Зейнетақы қоры» секілді әр азаматтың жеке шотына жиналмайды, кім қанша төлесе де «ортақ қазанға» жиналады. Мемлекетке түсетін тағы бір пайда – жеке табыспен айналысатын такси жүргізушісі, ауылда өз шаруаларымен айналысып, күнін көріп отырған азаматтар өз табыс көзін тіркеп, салық төлейтін болады. ҚР-да осындай 2 миллиондай азамат бар екен. Осы­лардың бәрінен мемлекетке ақша түседі де,сосын денсаулық сақтау саласына жұмсалатын ақшаның бюджет тек 10-20%-ын ғана бөлуі мүмкін. Қалған қаржы Сақтандыру қорынан жұм­салатын болады. Біздің қоғамда адамдар өз денсаулығына жауапсыз қарайды. Дұрыс тамақтанып, қытай мен америкалықтар сияқты спортпен шұғылдануды екінші кәсіп ретінде әдетке айналдыру керек. Сонда ауру саны азаяды, мемлекеттің ақшасы да үнемделеді.


Әділхан АБДУЛЛИН, ҰОС ардагерлер госпиталінің директоры:

Бұл – тиімді жүйе
Міндетті медициналық сақтан­дыруға қатысты біздің ұйымда Ұлы Отан соғысы ардагерлері, Семей ядролық полигонынан зардап шек­кендер, Ауғанстан, Чернобыль ардагерлеріне тегін медициналық көмек көрсетіледі. Яғни, барлығы мемлекет тарапынан төленеді, ме­дициналық сақтандыру ұйымдас­тырылады. Сол құжатпен олар кез келген жеке не мемлекеттік мекеме­лердің қызметін қолдана алады. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы айтсақ, жұмыс істейтін адамдар үшін кәсіпорындар төлейтін болады. Жұмыс істемейтін­дерге, мәселен, балалар, зейнеткерлер, мүгедектерге мемлекет қолдау көрсетеді. Әлеуметтік маңызы бар бірқатар ауру түрлеріне, айталық туберкулез, СПИД ауруларына Үкімет ақша аударады. «Тегін нәрсенің құны жоқ» деп жатады, бірақ билік ба­сындағылар барлығын жан-жақты талдап, сараптайтын болса, меди­циналық қызмет сапасын біршама көтеруге мүмкіндік туады. Бұрын Ресейде дәрігер болып жұмыс істеген едім. Сол уақытта медициналық сақтандыру іске қосылған болатын. Оның тиімділігін, пайдасын білемін. Енді сол нұсқа біздің елімізге келіп жатыр. Сапаның артуына себепші болатынына сенемін.


Жарна төлеуден кім босатылады?

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жарна төлеуден босатылатын азаматтар да бар. Олардың қатарында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерімен қатар, «Батыр ана» атағын алғандар, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналар да бар. Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлер, мүгедектер, жұмыссыздар, интернат мекемесінде оқытылған тұлғалар, кәсіптік-техни­калық білім беру мекемелерінің күн­дізгі бөлімдерінде, жоғары оқу орын­дарында оқып жатқан студенттер де жар­на төлемейді. Бала күтімімен отыр­ған аналарымыз, жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған азаматшалар, зейнеткерлер, әскери қызметкерлер, мемлекеттік қызмет және құқық қорғау орган­дарының қызметкерлері, уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторындағы азаматтар босатылады. Мамандар міндетті медициналық сақтандыру арқылы қызмет сапасы артатынын, медициналық материал­дық-техникалық базаның жақсара­тынын айтады.

Түйін:

Өткен ғасырдың 90-жылдары еліміз батыстық үлгіге иек артып, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне көшкісі келгені белгілі. Алайда сол кездері құрылған медициналық сақтандыру қор жұрттың үмітін ақтаған жоқ. Нәтижесінде Үкімет сәтсіз аяқталған қордан да, аталмыш жүйеден де бас тартқан еді.
Әрі ол жылдары міндетті медициналық сақтандыру жүйесін жү­зеге асыруға әлі ерте болатын. Экономикалық ахуалдың қиын­ды­ғы да бұл салаға септігін тигізбей қоймады. Жұмыссыздық ден­де­­ген кезеңде, мемлекеттің де қорға жарна аударуға мүмкіндігі аз болды.
Қазір заман басқа. Қиындықтар артта қалды. Халықтың денсаулығын ойлайтын кезең жетті. Елге ыңғайлы жоба болса, ешкім бас тарта қоймайтыны анық. Бастысы, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реттейтін бірқатар заңнамалық актілерді әзірлеуде кемшіліктер жібермеу. Бұның бәрі кейбір олқы тұстардың оңтайлы шешіліп, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің тиянақты атқарылуына мол мүмкіндік береді деген сенімдеміз.

Гүлзина БЕКТАС, Жадыра АҚҚАЙЫР

https://aikyn.kz/2017/02/14/3756.html
15-02-2017, 10:14
1 747 просмотров
Нашли ошибку?