» » ЖАНҒА – ШИПА, ДЕРТКЕ ДАУА СЫЙЛАҒАН

ЖАНҒА – ШИПА, ДЕРТКЕ ДАУА СЫЙЛАҒАН

Сыр еліне келген алтын қолды, ақ халатты абзал жандар Серік Ақшолақов пен Юрий Пя аймақта екі күн болды. Алғашқы күні мәртебелі меймандарды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қабылдады. Одан кейін облыстық медициналық орталықта қос дәрігер шеберлік сағатын өткізіп, ота жасады. Келесі күні дәрігерлер сапары облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовпен бірге Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданында жалғасты.

Біз айтып отырған дәрігерлер елімізге ғана емес, әлем жұртшылығына таныс десек, қателеспейміз. Серік Ақшолақов – Қазақстанның Еңбек Ері, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы. Бүгінде Серік Қуандықұлы басқарып отырған орталық бас миының өте тереңінде жатқан ісіктерге, омыртқаға ота жасауға қауқарлы. Алыс-жақын шетелдіктер дертіне дауа іздеп Астанаға ат басын бұратыны сондықтан. Әрине, бұл жетістікке Серік Ақшолақовтың маңдай терімен қол жеткенін барлығы мойындайды.
Төрт тілде сөйлейтін ауылда туып-өскен, жерлесіміз Юрий Пя – Қазақстанның Еңбек Ері, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ директоры. Айтып өткеніміздей, Пя – Сыр елінің тумасы, Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал ауылының түлегі. Оның Қазақстан медицинасына сіңірген өлшеусіз еңбегін қалай әспеттеуге болады? Бүгінге дейін жүрекке 40 мыңға жуық ота жасағанын жеткізсек жеткілікті болар. Осы тұста айта кетсек, 2012 жылы Қазақстанда алғаш рет созылмалы жүректің жетіспеушілігі диагнозы қойылған науқасқа донорлық жүрек трансплациясы жасалды. Бұл отаны еліміздің жетекші кардиохирургы, Юрий Владимирович Пя жасап, Қазақстан әлемдегі донорлық жүректі ауыстырып салатын 27 елдің қатарына қосылды.
Сыр топырағына табан тіреген қос дәрігер Байқоңырға барған сапарында алдымен «Союз МС» ғарыш кемесінің ұшырылу сәтін тамашалады. Сонан соң, Гагарин атындағы ғарыштық музейге тоқтап, тарихтан сыр шертер жәдігерлердің сырына қанықты.
Өткен жылы Байқоңыр қаласында көпсалалы аурухана ашылғаны белгілі. Әуелгіде перзентхана ретінде салынып, пайдалануға берілмей тұрған ғимарат облыс әкімінің бастамасымен қандастарымызға қызмет көрсетер көпсалалы ауруханаға айналған-ды. Облыстық медициналық орталықтың филиалы болып ашылған нысанның игілігін бүгінде Байқоңыр, Төретам, Ақай, Қазалы, Қармақшы, Арал тұрғындары көріп отыр. Астанадан келген дәрігерлер аталған нысан жұмысымен танысып, игілікті іске ризашылықтарын білдірді. Аурухананың бас дәрігері Қарасай Нұровтың айтуынша, аурухана жыл басынан бері 160 емделушіге қызмет көрсеткен. Қазіргі таңда терапия, реабилитация, күндізгі стационар бөлімшелері жұмыс істеп тұр. Наурыз айында 30 орындық хирургия бөлімшесі іске қосылмақ.
Мәртебелі меймандар мұнан соң түркі елінің абызы атанған Қорқыт бабаның кешеніне аялдап, аруақтарға құран бағыштады, мұражайды көрді. Елбасы тапсырмасымен қайта жаңғыртудан өткен кешен қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының рухани орталығына айналып келеді. Алаштың анасы болған елдің тарихы теңізден терең. Оған дәлелді Қорқыт баба қобызының сарнаған даусынан-ақ табасыз.
Қармақшы ауданындағы ІІІ Интернационал ауылы – Юрий Пяның туған ауылы. Ауылдастары қадірменді қонақтарды ауылдық мәдениет үйінде күтіп алып, емен-жарқын әңгімелесті. Халқына жасаған қалтқысыз қызметтері үшін алғысын айтты. Бірнеше ұлттың өкілі тұратын алақандай ауылдың бірлігіне, берекелі тірлігіне куә болған дәрігерлер де дән риза болды. Қоштасарда Юрий Пя басқаруындағы кардиологиялық орталық есігі қажет болған жағдайда қызылордалықтарға әрдайым ашық екендігін жеткізді.

Осылайша еліміздің алтын қолды азаматтары Сыр елінен ерекше көңіл-күймен аттанды. Аймақтағы ауруханалар үшін қолдау көрсететінін, дәрігерлердің білім-білігін арттыруда тәжірибе бөлісуге дайын екендіктерін де жасырған жоқ. Демек, Сыр елі медицинасы Астанамен бірге серпіле берері сөзсіз.

 

Нағымжан САУЯЕВ.

http://syrboyi.kz/negizginews/10040-zhana-shipa-dertke-daua-syylaan.html
27-02-2017, 13:17
1 452 просмотров
Нашли ошибку?