Артериалды гипертензия

Артериалды гипертензияГипертониялық ауру немесе артериалды гипертензия — жүрек-қантамырлары жүйесінің ең кең тараған ауруларының бірі. Оның белгісі - тамыр тонусы реттелуінің бұзылуынан туған артериялық қысымның (гипертензия) көтерілуі. Гипертония ауруы көбінесе жүйке жүйесіне ұдайы күш түсуінен, психикалық зақымданудан, шамадан тыс артық тамақтанудан, жүріс-тұрыстың, жалпы қимылдың аздығынан болады. Ол әдетте 40 жастан кейін дамиды, бірақ жас кезде де кездесе береді. Гипертония ауруының бастапқы сатысында артериялық қысымның уақытша көтерілуі, оның үстіне бастың оқтын-оқтын ауруы, жүректің жиі соғуы, кейде жүрек тұсының ауруы, желке тұстан ауырлық сезінуі мүмкін. Одан әрі бас айналады, қолдың саусақтары мен аяқ бақайлары ұйып, баста қан тасу сезімі, көз алдында «шіркейлердің ұшып жүруі» байқалғандай болады. Науқас тез шаршайды, ұйқысы бұзылады. Артериалды қысымның уақытша көтерілуі : 130/85 ммсынбағ, 139/89 мм сынап бағанасы бойынша болса, одан жоғары көтерілсе және ұзақ уақыт түспесе жүрекке және ми, бүйрек, көз қантамырларына салмақ түсіріп артериялық гипертония ауруына әкеп соғады.
Артериалды гипертензияГипертония ауруы артериялық қан қысымының көрсеткіші және адамның жай-күйіне байланысты 3 сатыға бөлінеді. Алдымен уақытша көтерілу - 130/85 ммсынбағ – 139/89 ммсынбағ аралығында бағаланады.I – саты: Артериялық қан қысымы сынап бағанасы бойынша 140/90 – 159/99 ммсынбағ аралығында болуы. Адамның ұйқысы бұзылып , шаршау, жүрек қағу, мазасыздық пайда болады. Бұл жағдайлар дұрыс дем алып , тыныштандыратын дәрілерден кейін қалпына түседі.ІІ – саты : Артериялық қан қысымы 160/100 – 179/109 ммсынбағ аралығында және бас ауру, жүрек айну, жүрек шаншу, бас айналуы мүмкін. Мазасыздық, шаршау, ұйқы бұзылу арта түседі. Бұл жағдайда жүрек, ми қан тамырларында өзгерістер пайда болады және қан қысымын төмендететін дәрілер қабылданған соң қалпына келгенімен, тұрақты бір көрсеткіште тұрмайды.ІІІ – саты: Артериялық қан қысымы 180/110 ммсынбағ - дан бастап және одан жоғары көрсеткіште үнемі болатын жоғарғы қан қысымынан жүрек бұлшық еттері мен қан тамырлары қабырғаларында болған қауіпті өзгерістерге (атеросклероз) байланысты ауытқулар болуы мүмкін. Олар: инсульт (ми қан тамырларының зақымдануы), миокард инфарктісі (жүрек қан тамырларының зақымдануы), бүйрек жұмысының жеткіліксіздігі (бүйрек қан тамырдарының зақымдануы), соқырлық (көз қан тамырларының зақымдануы).
Гипертония ауруының қауіптілігі көптеген адамдар өз қан қысымының жоғары екенін білмегендігінде. Сондықтан бір рет қан қысымы көтерілген болса, туыстарында қан қысымы жоғары ауруы болса, жасы 35 - тен асса және артық салмақ болған жағдайда, қант диабетімен ауыратын болса, климакс уақыты болса, темекі шегетін, ішімдік пайдаланатын әдет болса, жүйке жүйесіне артық салмақ түссе және ішкі жай – күйінде жайсыздық болса, осы жағдайлардың бірі байқалса дәрігерге көрініп, қан қысымды өлшету керек.
Жалпы 18 жастан 30 жасқа дейін қан қысымын жылына бір рет, 30-дан 45 жасқа дейін жылына екі-үш рет, 50 жастан кейін – қан қысымы жоғары ма, жоқ па, оған қарамастан әр ай сайын өлшетіп тұру керек. Ауруды уақытында анықтау, дер кезінде емдеу аурудың асқынуынан сақтайды. Гипертония ауруынан адам бір жолата жазылып кету өте қиынға соғады, тек өмір сүру бағытын өзгерту және үнемі дәрігердің белгілеуі бойынша дәрі қабылдап отыру арқылы ғана қан қысымын бір мөлшерде ұстауға аурудың асқынуынан сақтануға болады. Сондықтан ең бастысы аурудың алдын алу, ол үшін: темекі шегу, ішімдікке салыну сияқты зиянды әдеттерден аулақ болу.
Біздің дастарханымыздағы майлы, ащы, тұзды тағамдардың молдығы шектен тыс семіруге соқтырып қоймай, тамырларымыздың серпінді қызметіне де кері әсерін тигізеді, қан айналымы бұзылады. Әсіресе, гипертензия кезінде ас тұзының мәселесі өте күрделі, мұндай жағдайда ас тұзын дастарханымыздан алып тастау ең бірінші қажеттілік болып табылады. Бірақ басқа сау адамдар да жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу үшін осы қағиданы ұмытпағандары абзал, ал тұзды тағамдарды тек мерекелік дастарханға қойсақ жеткілікті. Адам ағзасындағы тұздың көп болуы бүйрек жұмысына кері әсерін тигізіп, ағзадағы сұйықтықтың сыртқа шығуына кедергі келтіреді, осылайша тамырларымыз бен жүрегімізге артық салмақ салады.Артық дене салмағы да зиян екенін естен шығармаған жөн.
Салмақтың азаюы тек қана артериялық қан қысымын төмендетіп қоймайды, холестерин мөлшерін азайтады және қан тамырларында атеросклероздық өзгерістерді төмендетеді. Мысалы: артық салмақты 5 кг – ға азайтса қан қысымы 5,4/2,4 ммсынбағ-на төмендейді. Сондықтан дене салмағын күнде таңертең өлшеп тұрған артық болмайды. Артық салмақ Кетле индексі бойынша есептеледі. Егер 25 тен жоғары болса артық салмақ, ал 30 дан жоғары болса семіру деп есептеледі. Сонымен бірге, жүрек-қан тамырлары жүйесіне тікелей әсер ететін тағамдар да кездеседі. Сондықтан күнделікті тамақтан қантты, тәттілерді, ұн – нан тағамдарын , малдың майын, сары май, майлы етті, қою шай, кофені, қою сорпаны шектеу қажет. Күніне 3 -4 рет тамақтану қажет. Соңғы тамақ ұйқының алдында 2 -3 сағат бұрын, ал ертеңгі тамақ пен кешкі тамақтың арасы 10 сағаттан артық болмауы керек. Тамаққа ас тұзы аз мөлшерде қосылуы керек. Әр адамға күніне 3,5 – 5г ( 1 шай қасық ) тұз жеткілікті.
Майлы ет тағамдарын өсімдік - көкөніс тағамдарына алмастыру қажет. Күніне бес дана көкөніс өнімдерін жеу шетелдерде жақсы көрсеткіштер берген. Жүрек қан тамырларына қажетті калий – магний тұздары бүтін піскен картопта, фасольде, бұршақ, өрік – мейіз, қара өрікте, сұлыда, қызыл қызылшада, қарақатта, сәбіз, асқабақ, алмұрт, апельсинде, тауық етінде, балықта көбірек болады.Қан қысымын түсіруде алманың да пайдасы бар, қышқыл сорты диабет пен семіздікке, ал тәтті түрлері бүйректегі тасты түсіруге көмектеседі. Дәрігерлер күніне екі рет банан жеген қан қысымын төмендетіп, инсульттің дамуына кедергі болады дегенді айтады. Сондай-ақ күніне тек банан ғана жесеңіз, артық салмақтан арылуға да болады. Лимонды кесіп алып, шайға салып, ішіп жүрсе, қан жүрісі реттеледі, қан қысымының көтерілуі бәсеңдейді. Лимонмен шай ішкен адамның жүйкесі бірқалыпты болады. Сүт және майсыздандырылған сүт өнімдерінің де маңызы зор. Адам ағзасына сүт, айран, ірімшік, құрттың шипалық әсері күшті. Гипертонияға шалдыққандар күніне екі рет тамақ ішкеннен кейін жарты сағат өткенде бір стақан айранды асықпай, баптап ішетін болса, бірнеше күннен кейін қан қысымы төмендеп, өзін жақсы сезінетін болады.Салауатты тамақтану, дене шынықтыру жаттығулары, таза ауда серуендеу, күніне 40 мин жаяу жүру, еңбек және дем алу тәртібін сақтау, әр кезде артериялық қан қысымын өлшетіп тұру және алкогольдік ішімдіктерді пайдалану, темекі шегу сияқты зиянды әдеттерден бас тарту – артериалды гипертонияның алдын алудың басты тәсілдері.                   

Айсұлу Жақсылыққызы ҚАПАШ,
"Қазалы темір жол ауруханасы” –
"Апаттар медицинасы темір жол госпитальдары” АҚ Қазалы филиалы,
аймақтық терапевт дәрігері,
Әйтеке би кенті,
Қазалы ауданы  
 
http://med-kz.ucoz.com/publ/d_riger_ma_alalary/arterialdy_gipertenzija/2-1-0-235
23-08-2014, 12:20
7 160 просмотров
Нашли ошибку?