Аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуға лайықты үлестерін қосып жүрген, білікті дәрігер Құбыл Ршымбетов басшылық жасайтын "Апаттар медициналық темір жол госпитальдары” АҚ Қазалы темір жол ауруханасында жақында компьютерлік томография орталығы ашылды.
Ондағы компьютерлік томограф аппараты бастағы ми ағзалары, олардың жарақаттары, ісіктері, миға қан құйылу мөлшері, топографиялық орналасу аймағын, көз, құлақ, мұрын қуыстарының, ішкі ағза: өкпе, өңеш, жүрек, асқазан, бауыр, ұйқы безі, бүйрек, талақ, ішектер, әйелдер мен ерлердің жыныс ауруларын, буын мен омыртқадағы өзгерістерді, қатерлі ісіктердің жаңа басталған сатысында және метастаздарды 1 миллиметрге дейін анықтай алады.
Сондай-ақ, орталықта жаңадан алынған соңғы үлгідегі электроэнцефалография, эхоэнцефалоскоп, холтер-мониторы, гемодиализ аппараттары мен джакузи және хвоя ваннасы, кедр саунасы жұмыс істеп тұр.
Қазіргі таңда ауруханаға көрші аудандардан да сырқаттардың келіп, ауруларын нақты анықтауына мүмкіндік жасалуда. Олардың ақ халатты абзал жандарға айтар алғыстары шексіз.
«ҚАЗАЛЫ-АҚПАРАТ»
"Қазалы” газеті