Қазақ қоғамында адам өмірінен қымбат нәрсе жоқ.
Бүгінгі қоғамда да қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығы ұдайы назарда.
Елбасы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты Қазақстан халқына жолдауында
денсаулық сақтау ұйымдарының жаңартылуына, ауруханаларға жөндеу жұмыстарын
жүргізуге, олардың заманауи құралдармен жабдықталуына, білікті мамандар
даярлауға ерекше мән берді. Сондай-ақ, жолдауда отандық медицина саласына жаңа
технологиялық әдістерді қолдануды ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу керектігі
айтылған.
ХХІ ғасырдың технологиясын медицина
саласына енгізу – адамның өмір сүру жасын ұзартудың кепілі. Қазақстандықтардың
орташа өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа жеткізгені де еліміздегі медицина саласының
жыл санап дамып келе жатқанын аңғартады. Соның ішінде Сыр елінің денсаулық
сақтау саласында да серпіліс бар. Соңғы жылдары өңірімізде аталған саланың
материалдық-техникалық базасы нығайып, науқастарды диагностикалау мен емдеуге
бөлінетін қаржының көлемі де ұлғайды.
Аймақ басшысының биылғы жылы халыққа берген есебін тыңдаған Сыр жұртшылығы
медицина саласындағы оң өзгерістер мен толымды жетістіктерді естіп көңіл
тоғайтқан болатын. Мәселен, 2017 жылы денсаулық сақтау саласындағы маңызды
басымдықтың бірі – апаттық нысандардың мәселесін шешу және олардың
материалдық-техникалық базасын нығайту болды. Соңғы 5 жыл ішінде салынған 57
нысанның 49-ы апатты нысандардың орнына қайта салынып, жаңғыртылды. Ал, қалған
8 нысанның екі жыл ішінде аяқталатыны айтылды. Өткен жылы Қазалы ауданының
Әйтеке би кентіндегі 150 орындық орталық аудандық аурухананы іске қосылса, биыл
Арал ауданындағы 150 орынға арналған орталық аудандық аурухана пайдалануға
беріледі. Жаңақорған кентіндегі 250 адамға арналған орталық аудандық емхана да
толық іске қосылады. Сол секілді жыл аяғында Шиелі ауданындағы орталық аудандық
аурухананың құрылысы аяқталып, Жалағаш ауданындағы аурухананың құрылысы
басталады. Ауданымыздың орталығындағы тоқырау жылдары асар әдісімен салынған
орталық аурухана тұрғындарға заман талабына сай жоғары дәрежеде медициналық
қызмет көрсете алмай отыр. Міне, биыл аудан орталығынан типтік жобадағы жаңа
аурухананың құрылысы басталатынын естіген жергілікті тұрғындардың қуанышында
шек болмады. Медицина саласының кем-кетігін тізбелегенде жетістіктерін де
айналып өтуімізге болмайды. Қазіргі уақытта бас ауырып, балтыры сыздамайтын
адам жоқ. Науқас ауруханаға жатпас бұрын алдымен емхана арқылы диагностикалық
тексеруден өтеді. Ал, бұрын біздің аудандағы емхананың жағдайы да мәз емес еді.
Дәрігердің қабылдауына келіп қуықтай тар дәлізде тұрып сағаттап сарылып кезегін
күткен науқастардың өкпе-назы көп болатын. Бүгінде ол мәселе де түбегейлі
шешімін тапты. 2015 жылы аудан орталығынан жаңадан бой көтерген ауысымына 250
келушіге арналған үш қабатты типтік жобадағы емхана ғимараты ел игілігіне
пайдалануға берілді. Бұл медицина орталығы заман талабына сай жаңа медициналық
құрылғылармен жабдықталды.
Аймағымыздағы медицина саласында атқарылған жұмыстар мұнымен шектеліп қалған
жоқ. 2016 жылдың тамызынан бастап Байқоңыр қаласында облыстық медициналық
орталықтың филиалы ашылса, 2018 жылғы қаңтардан бастап 30 мың қазақстандық
азаматтарға медициналық қызмет көрсететін емхана жұмыс істей бастады. Сонымен
бірге биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында Арал ауданының
Бекбауыл, Қазалы ауданының Өркендеу және Сырдария ауданының Ақжарма ауылдарында
3 дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бастау жоспарланып отыр. Ал, Қазалы
ауданында 250 орынға арналған жаңа емхананың және Қызылорда қаласында
онкологиялық бөлімі бар 100 келушіге арналған емханасымен 300 төсекке арналған
көпсалалы аурухана құрылыстарының жобалары әзірленетіні айтылды.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 15 дәрігерлік амбулаторияның, 3 емхана
құрылысының жобалары әзірленіп, құрылысы басталуға таяу. Сондай-ақ, медициналық
жабдықтарды сатып алу бойынша 6 жоба жүзеге асатынын да айта кетуге тиіспіз.
Қазалы орталық аудандық ауруханасының негізінде Арал, Қазалы, Қармақшы
аудандары мен Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін 3 тері асты қантамырлары
орталығын ашу жоспарланып отыр.
2018 жылы денсаулық сақтау мекемелерін заманауи медициналық құрал-жабдықтармен
қамтуды 90 пайызға жеткізетін боламыз. Салыстырсақ, 2015 жылы бар болғаны 43
пайыз болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 76,5 пайызға жеткен. Бірнеше жыл қатарынан
біздің аймақта орта республикалық көрсеткіштерден жоғары және өлім жағдайларына
жиі кездесетін ауру түрлері бойынша арнайы «жол картасын» іске асыру тәжірибесі
енгізілді. Қазір тұрғындардың өлім көрсеткішінің 52 пайызын анықтайтын аурудың
5 тобы бойынша 5 «Жол картасын» жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде, 2017
жылдың қорытындысы бойынша қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім көрсеткіші 2,2
пайызға, сәби өлімінің көрсеткіші - 10,5 пайызға, туберкулезден өлім көрсеткіші
- 17 пайызға, қатерлі ісіктен өлім көрсеткіші 8 пайызға төмендеді. Ал, өткен
жылы ана өлімі тіркелмеген.
Міне, өңіріміздегі денсаулық сақтау саласының бүгінгі жетістіктері мен
көрсеткіші осындай. Ал, бүгін жаңа жүйеге көшіп, медициналық нысандар заманауи
жабдықтармен жаңартылып жатқан аймағымыздың денсаулық сақтау саласының
көрсеткіші алдағы уақытта көтерілмесе, төмендемесі анық.
Қ.АХЕТОВ.
https://zhalagash-zharshysy.kz/kogam/1679-densauly-salasynda-serpls-bar.html