Соңғы 5 жыл ішінде аймақтың денсаулық
сақтау саласындағы 57 нысанның 49-ы апатты нысандардың орнына қайта салынды.
Қалған 8 нысанның құрылысы екі жылда аяқталады. Өткен жылы аймақта 12 нысан
пайдалануға берілді.
Оның ішінде, Қазалы ауданының Әйтеке би
кентіндегі 150 орындық орталық аудандық аурухана іске қосылды. Дәл осындай
емдеу мекемесі жуырда Арал ауданында да пайдалануға беріледі. Жаңақорған
кентінен 250 адамға арналған орталық емхана ашылады. Ал, жыл соңында Шиелідегі
аурухананың құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, биыл Жалағашта орталық аурухананың
іргесі қаланады. Сапалы медициналық қызмет Байқоңыр қаласында тұратын
жерлестеріміз үшін де қолжетімді. 2016 жылдың тамызынан бастап Байқоңыр
қаласында облыстық медициналық орталықтың филиалы, биыл қаңтардан бастап 30 мың
қазақстандық азаматқа қызмет көрсететін емхана жұмыс істеуде. Сонымен қатар,
Қазалы ауданында 250 орынға арналған емхана және Қызылорда қаласының сол
жағалауында онкологиялық бөлімі бар 300 орындық көпсалалы аурухана
құрылыстарының жобалық құжаттары әзірленуде.