» » Наурызбек Сырымбаев, дәрігер-хаджам: “Арнайы білімсіз ем жүргізіп, тәуекел етуге болмайды”

Наурызбек Сырымбаев, дәрігер-хаджам: “Арнайы білімсіз ем жүргізіп, тәуекел етуге болмайды”


Қазір адамдар арасында денеден қан алдыру арқылы емдеу, яғни хиджамаға жүгінетіндер қатары артқан. Хиджама қандай ем? Ол қалай жүзеге асады? Оның пайдасы мен зияны қандай? Біз көптің көкейінде жүрген сауалдар төңірегінде дәрігер-хаджам, дәрігер-терапевт, ультрадыбыстық зерттеу және компьютерлік томография дәрігері Наурызбек Сырымбаевты әңгімеге тартқан едік.

– Наурызбек Өтебалыұлы, Сіздің мамандығыңыз дәрігер-терапевт. Өзіңіз хиджама жасау үшін арнайы білімнің болғаны өте маңызды деп есептейсіз бе?
– Иә, мамандығым дәрігер-терапевт. Қазіргі таңда теміржол ауруханасында Ультрадыбыстық зерттеу және компьютерлік томография дәрігерімін. Дұрыс айтасыз, арнайы білімсіз ем жүргізіп, тәуекел етуге болмайды. Мен Ақтөбе қаласындағы «АПОДИТ» дәстүрлі халық медицинасы филиалы арқылы арнайы курста білім алдым. Онда дәстүрлі емдеудің бірнеше түрін меңгердім. Маған дәрігер-хаджам мамандығы берілді. Сол білім негізінде жұмыстан тыс уақытымда хиджама жасаумен айналысудамын.
– Хиджама туралы жұртшылыққа жалпы түсінік берсеңіз...
– Хиджама — емдеудің исламдық әдісі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) жеткен хадисте үш нәрседе ем бар деген. Олар қан алдыруда (хиджама), бал шарапатында және отпен күйдіруде. Хиджама сөзі – араб тілінен аударғанда «сору» дегенді білдіреді. Бұл ежелден келе жатқан емдеу тәсілі. Ата-бабаларымыз хиджаманың көп сырқатқа шипа екенін біліп, қан қысымы, бас ауруы, қан қоюлануы мен рухани кеселдердің алдын алып отырған. Хиджаманы бұрындары шертпе, мүйізбен арам қан шығару деп те атаған.
– Адам ағзасында арам қан қайдан пайда болады?
– Қан әрдайым қозғалыста болуы керек. Көп жағдайда адам ағзасындағы қан толық айналымға түспей, тамырлар мен артериялар бойымен тек жартысы қозғалып жатады. Қанның қалған бөлігі резервте сақталып, қан кету, гипоксия, интенсивті жұмыс және тағы басқа жедел жағдайларға жұмсалады. Қозғалыссыз тұрған қан ескіре бастайды, өз қасиетін жоғалтады, ағзаға түскен зиянды нәрселерді жинайды. Бұндай тұрып қалған қан кесірінен денедегі әр мүше өз жұмысын қажетті дәрежеде атқара алмайды. Хиджама – тұрып қалған арам қаннан құтылудың тәсілі. Бұның денсаулыққа айтарлықтай пайда әкелетіні даусыз.
– Көпшілікті «Ағзадағы арам қан алынған соң белгілі бір уақыттан соң тағы да хиджама жасатуға мәжбүрлі етпей ме? Хиджама бизнестің бір түрі емес пе?» деген сауалдар мазалайтыны анық.

– Адамдар арасындағы бұл қорқыныш орынсыз деп санаймын. Ағзаны қанның бір бөлігінен босатудың нәтижесінде, оның ішкі резервті қалыпқа келтіру фунциясы қосылып, жаңа қан бөліне бастайды. Соның арқасында көптеген аурулардан емделеміз. Хиджама ағзаны дәрі қабылдамай, өзінің ішкі ресурстарымен емдейтін ем. Медициналық сүлікпен емдеу де хиджама болып табылады. Бұл жерде адамдар арасындағы қорқыныш орынсыз.
– Қан алдыру көптеген аурудың алдын алады және емдейді дедіңіз. Нақтырақ айтқанда, қандай түрі?
– Хиджама иммунитеттің төмендеуі, тамырлардың тарылуы, мойын және иық, бас, буын, бұлшықет, жүрек, арқа аурулары мен туберкулез, простатит, қалыпсыз қан қысымы, геморрой, ревматизм, сал ауруларын, тағы басқа ауруларды емдейді.
– Хиджама қалай жүзеге асады?
– Терінің жоғарғы жағындағы белгілі бір орындарды тілу арқылы қан шығарылады. Оған қазіргі заманауи құралдарды пайдаланған дұрыс. Ауру бір науқастан екіншісіне жұқпау үшін әрбір емделушіге жеке құрал-жабдықтары қарастырылуы тиіс. Хиджама жасалғанға дейін және кейін барлық құралдар тазаланып, дезинфекциялануы керек. Әрбір ем қабылдаушы үшін бұрын қолданылмаған жаңа кұралдарды пайдалану қажет. Хиджама жасаудағы ең бастысы – тілік дұрыс болуы қажет.
– Ем кезінде тілінетін жерлер туралы айтсаңыз...
– Алдымен емделушінің қандай аурумен ауыратындығы анықталады. Соған орай денедегі ауырсыну аймағындағы нүктелер тілінеді. Бастың төбесі, еңбек, мойынның қапталдары (мойын тамырлары орналасқан жер), арқаның жоғарғы бөлігі (жауырындар арасындағы кеңістік), табанның жоғарғы бөлігі және желкенің терең бөлігі (желке сүйегінен бастап және төмен) тілінеді.
– Қай нәрсенің де екі ұшы болатын секілді хиждаманың да зиянды тұсы бар ма?
– Хиджаманы үлкен-кіші, сондай-ақ, жүкті әйелдер мен емшектегі баласы бар әйелдерге де жасауға болады. Айта кетерлігі, жүктіліктің үшінші айында ғана жасаған жөн. Ешқандай зияны жоқ деп айта аламын.
– Хиджама кезінде есінен танған адамдар кездескен. Бұл туралы не дейсіз?
– Бұл ретте мен тағы да арнайы маманға хиджама жасату керектігін айтамын. Қан алатын кезде тамыр тілігі жасалады. Ол жайдан-жай жасай салатын дүние емес. Тілікті кең етіп кесіп жіберу салдарынан қан көп кетіп, адам есінен тануы мүмкін. Бұл дұрыс емес. Қан шықса болды деп жұмыс жасауға болмайды. Аз мөлшерде жиірек әрі маманның көмегімен қан алдырған жөн.
– Кімдерге хиджама жасатуға болмайды?
– Қан қысымы төмен, қан жетіспеуімен ауыратын жандарға, қан ұйымайтын ауруларға болмайды.
– Емді қайда жүргізесіз және қанша уақытқа созылады?
– Әзірге науқастың үйіне барып ем жасаймын. Алдағы уақытта арнайы кабинет ашуды жоспарлап отырмын. Емделушіге ауруының түріне байланысты уақыт кетеді. Орта есеппен айтқанда 25-30 минутқа созылады.
Емді бастамас бұрын адамның хал-жағдайын сұрап, бұрын қандай аурумен ауырғандығы анықталады. Қан қысымы өлшенеді. Қан қысымы жоғары немесе гемоглобины аз сал ауруына шалдыққан жандарға хиджаманы міндетті түрде жатқызып жасаған жөн. Hijama_kazaly инстаграм парақшасынан жұмыс барысындағы суреттерді көре аласыздар.
– Емнің ақысы туралы айтсаңыз...
– Жоғарыда айтып өткенімдей әр адамның жеке заты болуы керек. Яғни, хиджаманы алғаш рет жасатушы қан алатын арнайы банка сатып алады. Оның 6-лық, 12-лік, 24-тік түрі бар. Көп жағдайда 12-лік банка алады. Оның бағасы 3 мың теңге, ем 4 мың теңге.
– Ел арасында түрлі пікір бар. Мәселен, хиджамаға дейін және одан кейін де сүт өнімдерін тұтыну зиян екен деп жатады. Бұндай әңгімелер қаншалықты рас?
– Хиджаманы аш қарынға жасаған жақсы әсер етеді. Қан алдырғаннан кейін белгілі бір уақытқа дейін сүт өнімдері мен майлы тағам жемеуге кеңес беремін. Сондай-ақ, қанды жерге көму, хиджамадан кейін ғұсыл құйыну міндетті емес. Жыл сайын бір мезгілде күндіз, не түнде жасау деген белгілі уақыт жоқ. Қан тоқтаған кезде ғана хиджама аяқталған болып есептеледі. Қан алдырудың барлық түрлерін бір күнде жүзеге асыруға болады.
– Наурызбек Өтебалыұлы, оқырмандарымызға хиджама туралы біраз мағұлмат бердіңіз деген ойдамын. Сұхбатыңызға рахмет. Ісіңіз берекелі болсын!

Сұхбаттасқан
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
https://qazaly.kz/zanalyk/suhbat/6554-nauryzbek-syrymbaev-drger-hadzham-arnayy-blmsz-em-zhrgzp-tuekel-etuge-bolmaydy.html 
29-11-2018, 12:37
1 211 просмотров
Нашли ошибку?