Биыл Қазалыда теміржол ауруханасының жанынан
нейроинсульт бөлімшесі ашылғаны көпшіліктің құлағын елең еткізді. Оның себебі
де бар. Бұрын қан қысымымен ауыратын науқастарды шалғайдағы облыс орталығына
апаратын едік, енді аудан дәрігерлерінің көмегіне жүгіне алатынымыз қуанышты
жайт. Жаңадан іске қосылған осы бөлімнің жұмысы бүгінде қызу. Дертіне шипа
тапқандар да жетерлік. Дәлірек айтсақ, тоғыз айдың ішінде екі жүзден астам
науқас оңалып шыққан.
Осы орайда, біз аудан көлемінде қан
қысымы жоғары науқастарды емдеу барысы және оның алдын алудың жолдары туралы
білгіміз келіп, нейроинсульт бөлімінің меңгерушісі Дастан Аманбаймен тілдескен
едік.
– Бөлімшенің ашылғанына көп уақыт өтпегенімен жұмыс жүйелі де сапалы жүріп
жатыр деп толық айтуға болады. Оған қоса облыс аудандарының ішіндегі жалғыз
нейроинсульт орталығы әзірге тек Қазалы ауданында ғана орналасқан. Нақты
кезеңде аудан тұрғындарынан бөлек, Арал, Қармақшыдан да көптеген науқас келіп
ем алуда. Жыл басынан бері 9 айдың ішінде 220 науқас түсіп, оңалып шықты.
Алдымен ауруханаға келген науқасқа компьютерлік томография жасалып, нақты
диагноз қойылғаннан кейін жан сақтау бөліміне жіберіледі. Жағдайы жақсарған соң
жалпы бөлімге шығарылып, емін алады. Емдеу ұзақтығы науқастың жағдайына байланысты
он күннен жиырма тәулікке дейін созылуы мүмкін. Егер науқас толық айығып кетсе
үйіне, ал әлі де емді қажет ететін болса, қайта қалпына келтіру бөліміне
жібереміз. Медициналық көмектің барлығы тегін жүргізіледі. Ескеретін жайт
тромблизис әдісі бойынша науқасты толық айықтырып жіберуге мүмкіндік бар. Ол
үшін азамат ауырғаннан бастап үш сағаттың ішінде орталыққа келіп болуы тиіс.
Тілі күрмеліп, қан қысымы көтеріле бастағанын сезсе, дереу жедел жәрдем көлігін
шақыртып, орталыққа келуі керек. Олай дейтінім, алғашқы үш сағатта тромблисиз
әдісі арқылы, яғни арнайы дәрі жіберіп, ми қан тамырындағы тромбты ерітіп
жіберуге болады. Бұл дегеніміз қан тамырларында ұйып, түйіршіктелген қанды
ерітіп, науқастың жағдайын бұрынғы қалпына келтіру дегенді білдіреді. Осы
уақытта жүргізілген емдеу әдісі ғана өз нәтижесін береді. Ал науқас кешігіп
келсе, ми қан тамырларында қалпына келмейтін өзгерістер туындап, аталған әдісті
қолдану тиімсіз болуы ықтимал. Аурудың алғашқы белгісі білінген сәттен дер
кезінде бізге келіп көрінген (тілі күрметіліп, аяқ-қолының қозғалысы нашарлай
бастаған) бес науқасқа жоғарыда айтылған тромблизис жасалды. Соның нәтижесінде
бес науқастың баршасы сауығып шығып, отбасына қауышты, – дейді білікті дәрігер
Дастан.
Тағы білгеніміз, осы бөлімшеде 6 науқастың басына сәтті операция
жасалыныпты. Осылайша олардың миында ұйып қалған қан алынып, аман қалыпты. Өте
қуантарлық жағдай. Сонымен қатар, бөлімшеге қарасты науқасты қалпына келтіру
кабинетінде 75 адам ем алған. Сүйсінерлігі, мұндағы дене шынықтыру бөлмесі
соңғы үлгідегі спорт құрылғыларымен жасақталынған екен.
Аурухананың нейроинсульт бөлімшесінде емделуші Айсұлу Сыдық есімді әжеймен
тілдескенімізде: «Менің басыма қан қысымымның көтерілуіне байланысты осы
жерде ота жасалынды. Шүкір, қазір сауығып келемін. Жағдайым да біршама жақсарып
қалды. Емдеуші дәрігерлер менің жай-күйімді келіп қадағалап тұрады.
Дәрі-дәрмектерді уақытылы аламын. Дәрігерлер мен мейірбикелерге аналық алғысым
шексіз», – деген лебізін жеткізді.
Оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін «Инсульт дегеніміз не? Оған адамдар
қалай ұшырайды?» деген сұрақтарға жауап іздеген едік. Көпшіліктің көкейінде
жүрген бұл сұрақтарға дәрігер Дастан Аманбай: «Инсульт тез пайда болады, алдын
ала сезу қиын. Сондықтан қан қысымы жоғары, жүрегі ауыратын, қант диабеті бар
адамдар өз денсаулығын күтіп, жиі қан қысымын өлшеткендері жөн. Адамдардың
жүйке жүйесіне түсетін салмақ көп. Әрі артериялық қан қысымы, қант диабеті,
жүрек ауруымен ауыратындар саны ұлғайып кетті. Бұған қоса адамдардың көпшілігі
спортпен шұғылданбайды, дұрыс тамақтанбайды. Соңғы жылдары сыраға құмарлардың қатары
көбейіп кетті. Ал сыра семіздікке душар етеді. Бауырды зақымдап, бүйрек пен
қуыққа кері әсерін тигізеді. Бұл өз кезегінде адамға салмақ қосып, қан
қысымының көтерілуіне әкеледі. Сөйтіп, инсульттің қаупін күшейтеді. Қозғалыстың
аздығы мен құнарсыз тамақ – барлық аурудың бастамасы. Қазір тұрғындардың
көпшілігі жартылай дайын тағамдарды пайдаланады. Аурудың астан екенін ескерсек,
газдалған сусындар мен түрлі қуырылған қытырлақтардың денсаулыққа тигізер зияны
болмаса, пайдасы жоқ. Инсульттің алғашқы бастамасында адамның көңіл-күйі
бұзылады, басы айналады, тілі күрмеледі, бір жақ аяқ-қолы жансызданады», – деп
жауап қайтарды.
Айта кетейік, бүгінгі әңгімемізге арқау болған Қазалы теміржол
ауруханасының ұжымында кәсіби сауаттылығы, білік-парасатымен жұртшылықтың
ықыласына бөленіп жүрген медицина саласының майталмандары еңбек етеді. Аурухана
1904 жылы шағын амбулатория есебінде ашылған. Ал келесі жылы Орынбор теміржол
бөлімінің құрылуына байланысты теміржол ауруханасы болып өзгертілді. Міне,
ғасырдан астам уақыттан бері халыққа тұрақты қызмет жасауда. Еліміз тәуелсіздік
алғаннан соң аурухана замана талабына сай ғимаратқа көшіріліп, жаңа үлгідегі
қондырғылармен жабдықталды. Талай жанның алғысын арқалаған ұжымды ұзақ уақыттан
бері Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі Құбыл
Ршымбетов басқарып келеді.
Есет ТАБЫНБАЕВ.
http://qazaly.kz/m-mkindigi-mol-auruhana/