» » МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ АЯСЫ КЕҢЕЙДІ

МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ АЯСЫ КЕҢЕЙДІ

МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ АЯСЫ КЕҢЕЙДІЖуырда облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған пресс-тур аясында БАҚ өкілдері Қазалы ауданында орналасқан емдеу орындарымен танысып қайтты. 

Алдымен амбулаториялық-емханалық қызметі бар Қазалы аудандық орталық аурухана жұмысымен таныстық. Жалпы ауданда халық саны 75 мыңнан асса, 65 мыңға жуық тұрғын осы орталық ауруханаға тексеріледі. Қазіргі таңда, амбулаториялық-емханалық қызметі бар ауруханаға орталық емхана, 1 қалалық құрылымдық бөлімше, 16 дәрігерлік амбулатория және 18 медициналық бекет қарайды. 
Өзге қалаларда оқуын жалғастырып келген, қайта тәжірибеден өткен дәрігерлер күрделі отаны (хирургиялық операцияны) облыстық медициналық орталығына, науқасты жолдама арқылы жібермей-ақ, өздері жасап келеді. Осы уақытқа дейін білікті дәрігерлердің шипалы қолы арқылы айына шамамен 60 отаға дейін жасалады екен. Ауруханада жүрекпен қатар жедел құрсақ ауруларына және эндоскопиялық оталар жасалады. Осындай отаның бірі біз барған күні өткізілді. Науқастың өт жолындағы тасты камерамен бақылау арқылы лазермен күйдіріп, алып тастады. Ота бөлмесіндегі науқас 1988 жылы туылған жергілікті тұрғын. Дәрігерлердің айтуы бойынша, бір ай көлемінде тексеріске келіп жүрген ол соңғы үш күнде қатты мазасызданып, талма алған. Жедел арада тексеру жүргізген дәрігерлер өт жолында тас жиналу диагнозын қойып, ота сәтті аяқталды. Ауруханадағы тағы бір ерекшелік бірнеше дәрігер бірігіп ем жүргізеді, яғни бірін-бірі толықтырып тұрады. Осы уақытқа дейін ота жасау барысында асқыну кездеспеген.
- Білікті мамандар Көбек Наршабай, Бақытжан Наршабаев, Пайзулла Қамысбай сынды ақ халатты абзал жандар талай науқастың орнына тұрып кетуіне атсалысты, - дейді бас дәрігер Нұрлан Кәрібаев.
Алматылық білікті мамандар жергілікті дәрігерлермен тығыз байланыс орнатқан. Олар бастапқы медициналық көмек деңгейінде науқастардың ауруларын анықтау және емдеу жолдары бойынша жергілікті дәрігерлерге дәріс оқыған. Олардың қатарында кардиолог, нефролог, гастроэнтеролог, пульмонолог, терапевт, травматолог тәрізді мамандар бар. Мұндай шеберлік сыныптары барысында жергілікті дәрігерлер емдеудің заманауи тәсілдерін үйреніп, тәжірибе алмаса алады. Бұндай іс-шаралардың медициналық көмекті дамытуға ықпалын тигізетіні анық. Өйткені жергілікті мамандар медициналық көмек сапасын жетілдіріп қана қоймай, маңызды және күрделі емдеулер мен оталардың қолжетімділігін арттырады. 
Қызмет сапасына айрықша мән беріп отырған денсаулық сақтау мекемесінің бірі – «Апаттар медицинасының темір жол госпитальдары» АҚ-ның филиалы – Қазалы темір жол ауруханасы.
Қазалы темір жол ауруханасы – Қазалы, Арал және Қармақшы аудандарының халқына қызмет көрсетіп келе жатқан үлкен емдеу орны. Тәжірибелі маман, білікті басшы Құбыл Ршымбетов басқаратын ұжымның еңбегіне ел риза. Мұнтаздай таза бөлмелер жатып емделуге барынша лайықты болса, денсаулық сақшылары келушілердің сырқатынан айығып шығуына шынайы қызмет көрсетіп келеді. 
Аурухана басшысы Құбыл Ршымбетұлы емдеу мекемесін заманауи құралдармен жабдықтау шарасының жылма-жыл жүзеге асырылып келе жатқанын айтады. Қазалы теміржол ауруханасы толықтай ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне тиесілі екен. Көптеген жандар маңдай тірейтін бірден-бір емдеу орны Үкімет Қаулысымен «тегін медициналық көмектің кепілді көлемі» шеңберінде халыққа қызмет етуде. Ауруханаға қарасты емхана мен ақылы бөлімшеде сапалы ем беріледі. Өз ішінен дәрі дайындайтын дәріхананың болуы да басты ерекшелігінің бірі. Мұндағы хирургия, терапия, гинекология, неврология, педиатрия бөлімшелерін тәжірибелі мамандар басқарады. Сондай-ақ физиотерапиялық емдеу кабинеті, қатты толқынды терапия, қол, мойын, массаж құрылғысы, самырсын саунасы, Су-Джок терапиясы көпшіліктің көңілінен шығуда. Жансақтау бөлімшесі орталықтандырылған оттегі беру жүйесімен, барокамера, инфузиялық шприц, сорғы аппараттары, басқа да озық технологиялармен жасақталған. Алдағы уақытта олардың қатарын тағы да қосымша құралдармен толықтыру межеленіп отыр. Ауруханадағы параклиникалық бөлімшелерде клиникалық-диагностикалық, бактериологиялық, биохимиялық, иммундық-ферментті зертханалар орналасқан. Компьютерлік томография облыс орталығынан жырақтағы аудан үшін өте маңызды десек жаңылмаймыз. Аудан бойынша 20 мыңнан астам тұрғын теміржол ауруханасының есебіне алынған. Онда тәулігіне 350 адамды қабылдау өткізіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес скринигтік тексеру тегін жүргізілуде. 
- Жамбас ұршығына гемипротез орнату сынды ауыр операция еліміз бойынша санаулы жерде ғана қолға алынған. Мұның өзінен теміржол ауруханасының деңгейі қаншалықты биік екенін саралауға болады. Оған қоса, дененікеспей эндоскопия аппаратымен ота жасалады. 2012 жылдың күзінен бастап іске қосылған компьютерлік томографиямен бірсыпыра сырқаттардың диагнозы анықталды. Облыста компьютерлік томографияны біздің аурухана ғана сатып алғанын айту ләзім. Кадр даярлау да күн тәртібінен түспеген. Бұған дейін аурухананың қаржысы есебінен жоғары оқу орнын бітірген 5 дәрігер еңбекке орналасқан болса, тағы 4 маман ЖОО-да тиісінше білімін алып жатыр. Болашақта мамандарды өз қаражатымызға оқытуды жалғастыра береміз. Сондай-ақ тұрмысы төмен отбасының перзенті Ақтөбе медициналық академиясында білім алып жатыр. Бәрінің қызмет орны дайын тұр. Бүйрегі істен шығып, алмастыруды күтіп отырған Арал, Қазалы, Байқоңырдың тұрғындары біздің ауруханадағы германиялық аппараттан тұрақты ем қабылдап жатыр, - дейді Құбыл Ршымбетов. Сондай-ақ, аурухана тарапынан «Дипломмен – ауылға!» шарасымен барған мамандарға аға буын дәрігерлер тарапынан кеңес беру, медициналық кеңестерге, конференция, семинарларға қатыстыру, білімін жетілдіру мақсатында курстарға жіберу шараларының жасалатыны айтылды. 
Ең бастысы, шалғайда жатқан ағайын компьютерлік томография арқылы ішкі ағзадағы дертті анықтау үшін облыс орталығына сабылмайды. Сәулелі диагностиканың жетілген түрі осы ауруханада ғана бар. Бұндай құрылғыны орнату үшін халықтың саны кемінде үш жүз мыңды құрау керек екен. Бас дәрігердің икемділігі мен біліктілігінің арқасында келген аппарат арқылы диагнозды уақтылы қойып, медициналық орталықтан нейрохирург шақырып, инсульт алған адамдарға ота жасалған. Алдымен қалаға сабылып, одан тыңғылықты тексеруден өтіп, одан соң ғана операция жасалатынын ескерсек, онда аурухана қызметкерлері бірнеше адамның өмірін ажалдан аман алып қалғанын сеземіз. 
Аурухананың ақылы бөлімінің жұмысы да жолға қойылған. Теміржол саласындағы мекемелер арнайы келісім-шартқа отырып, аурухананың қызметіне жүгіне алады. Яғни, мекеменің қаражатымен науқастанған жұмысшы, қызметкерлерге жолдама беріледі. Сонымен қатар, жекелеген тұлғалар да өз қалтасынан профилактикалық мақсатта емделуіне болады. Бұл бөлімге де озық үлгідегі аппараттар қойылған.
Бүгінгі күні Қазалы ауданындағы қос аурухана жұртшылықтың талғамынан табылып жүрген іргелі мекемелер. Нарықтың сынағынан сүрінбей қалыптасуына бас дәрігерлердің сіңірген еңбектері ерекше. Шалғай ауданға соңғы үлгідегі аппараттарды алдыртып, қабырғалы қауымның игілігіне жаратып жүрген бас дәрігерлерге халықтың айтар алғысы шексіз.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.    

«Сыр бойы» газеті 22 қыркүйек 2015 жыл.
                                         

25-09-2015, 12:40
2 081 просмотров
Нашли ошибку?