Халықтың амандығы үшін аянбаймыз
Білікті басшы Құбыл Ршымбетұлы басқаратын «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» Акционерлік қоғамының филиалы – «Қазалы теміржол ауруханасы» «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыра отырып, халықтың денсаулығын сақтау жолында аянбай қызмет етіп келе жатқан үлгілі ұжым. Мұнда еңбек тәртібі мен қызмет сапасы қатты қадағаланып, заманауи технологиялар мен құрал-жабдықтар арқылы емдеудің ең озық тәсілдері қолданылуда. Жаңа жыл қарсаңында біздің тілшіміз директордың емдеу жөніндегі орынбасары, жоғары санатттағы ұйымдастырушы дәрігер, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Алтынгүл Асхатқызы Дәрібаймен әңгімелескен еді. Редакциядан.
-Алтынгүл Асхатқызы! Жаңа жыл мерекесімен өзіңізді және Сіз арқылы ел денсаулығын сақтауға елеулі үлес қосып жүрген теміржол ауруханасының ұжымы атынан құттықтаймын. Өткен жылы Сіздің ұжымда қандай өзгерістер мен жаңалықтар болды?
-Тілегіңізге рахмет. Біздің ұжымның басты ұстанымы - тәртіп пен жұмыс сапасы. Мұны тарқатып жатудың қажеттілігі жоқ деп есептеймін. Қай мекемеде, кәсіпорында да еңбек тәртібі сақталса, қызметтің сапасы жоғары болатыны анық. Негізінен емдеудің бұрыннан қалыптасқан дәстүрін сақтай отырып, осы заманғы озық технологияларды пайдалануды алдымызға мақсат етіп қойдық. Айта кету керек, бұл орайда басшымыз Құбыл Ршымбетұлы қай уақытта да бастамашы болып жүр. Компьютерлік томография облыс бойынша Қызылорда, Байқоңыр қалаларында және аудандар арасында біздің ауруханада ғана бар. Өткен жылы «Лапароскоп» аппаратын алдырдық. Германияның «Карл Шторц» фирмасы шығарған бұл аппараттың ерекшелігі: іш қуысында орналасқан ағзаларды 6 есеге дейін ұлғайтып көрсетеді. Тексеру барысында обьективті жақындату, алыстату арқылы ағзаның қажетті бір бөлшегін тұтастай көруге болады. Камера арқылы түсірілген көрініс мониторға берілетіндіктен, дәл осы уақыттағы ағзадағы өзгерістер экран арқылы көрініп тұрғандықтан тиісті жұмысты атқару мүмкіндігі зор. Яғни хирург сенімді түрде қимылдай алады. Лапароскопиялық ота жасау барысында қан кету мөлшері скальпелмен кесіп ота жасағаннан 100 есе аз. Сәтті шыққан лапароскопиялық отадан кейін науқас өз жағдайының жақсы екенін наркоздан оянған соң сезіне бастайды. Ішкі ағзалардың функциясы тез қалпына келеді, 7-8 сағаттан кейін отыруға рұқсат етіледі. Келесі күні тұрып жүруіне, жуынып-шайынуына, тамақтануына болады. Лапароскопиялық жолмен ота жасалған науқас 2-3 тәулік бақылаудан кейін үйіне қайтарылады. Осындай тәсілмен өт қалтасының тас аурулары, соқыр-ішек, жарықтар (грыжа), варикоцеле және әйелдерде кездесетін кисталар, миомалар, жатырдан тыс біткен екікабаттық секілді ауруларды емдейміз. Сонымен бірге іш қуысының анықталуы қиын ауруларына нақты диагноз қоюға айтарлықтай мүмкіндік береді. Мұнымен қатар «Драйгер Сабина» аппаратымен де жұмыс істейміз. Жаңа үлгідегі бұл аппарат өкпені жасанды желдету мақсатында ересектер мен балаларда қолданылады. Портативті иммунофлюорецентті анализатор жедел коронарлы синдром, жүректің ишемиялық ауруларында, тромбозында, жедел бүйрек зақымдалуы кезінде ерте және тиімді диагностика жасайтын аппарат. Ал «Ерос» қанның құрамындағы электролиттер мен газдарды анықтайтын портативті экспресс анализатор. Физиотерапия бөлімінде көптеген науқастардың жедел жазылуы үшін жиырмаға жуық құрал-жабдықтардың түрі қолданылады. Қолмен де жақсы массаж жасаймыз.
- Осындай заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен жұмыс жасап, адамдардың аурудан тез айығуына септігін тигізіп жүрген мамандардың да аты-жөнін атасаңыз.
- Айтуыңыз орынды. Бұл ретте Қанатов Аманкелді Қуантқанұлының еңбегі зор. Ол 23 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан жоғары санаттағы травматолог. Аса тәжірибелі, неше түрлі оталарды жасайды. Білікті дәрігер жамбас сүйегінің сынған басына ота жасап, орнына протез салады. Өте күрделі ота. Медицина ғылымының соңғы жетістіктерінің бірі. Сондай –ақ түрлі сынықтарды барынша тез қалпына келтіру үшін «Илизаров» аппаратымен де жұмыс жасайды. Соңғы екі жылда Амангелдінің жиырмаға жуық осындай ота жасау ойында бар. Келесі бір дәрігеріміз Ахмет Сәдуақас Әбибуллаұлы. Жиырма бір жыл еңбек өтілі бар жоғары санатты хирург. Сәдуақастың қолынан талай адам өмірді қайта бастады. Ал, тәжірибелі акушер-гинеколог Еспаев Қазыбек Қаперұлы осы саланың білікті маманы. Ана мен баланың өмірін сақтау, аурудың алдын алу жолындағы қызметі айрықша атауға лайықты. Бұлардан да басқа бірнеше жас мамандар бар. Темірхан Мұратов, Жеңіс Жантөре, Кенесары Баспаев, Дастан Қалилаев сияқты дәрігерлер білім жетілдіру курстарында оқып, тәжірибе жинақтап, алған білімдерін іс жүзіне асыруда. Осы орайда бірінші санаттағы оташы мейіркеш Әлия Салмырзаның, қарқынды емдеу палатасының мейіркеші Елена Андреадидың еңбектері ерекше.
-Әңгімеңізге рахмет! Ел денсаулығын сақтау жолындағы еңбектеріңізге абырой тілейміз.
Ал халыққа айтарымыз: Аурудың алдын алыңыздар. Салауатты өмір салтын сақтаңыздар. Жазатайым ауыра қалсаңыз, теміржол ауруханасының дәрігерлеріне көрініңіз. Тез жазыласыз. Баршаңызға Жаңа жыл зор денсаулық сыйласын.
Жетіскен МӘКЕНАЛЫ. «Қазалы» газетінің тілшісі.
«Қазалы» газеті. 31Желтоқсан 2014 жыл |