Жақында Республика бойынша Оңтүстік, Солтүстік, Батыс өңірлерге үш бағытта жылжымалы емхана жолға шықты. Бұлар «Денсаулық», «Жәрдем», «Саламатты Қазақстан» пойыздары. Медициналық қызметпен аз қамтылатын елді мекендер тұрғындарына арнайы жіберілген пойыздарды ҚР Денсаулық сақтау, Төтенше жағдайлар Министрліктері және «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамы бірігіп ұйымдастырған. «Денсаулық пойызы» оныншы мамыр күні Қазалы ауданының «Ойынды» бекетінде тоқтап, күні бойы жұмыс істеді. Қызмет көрсету барысын көру мақсатында арнайы барғанымызда дәрігерлерге көрінушілердің көп екендігін байқадық.
- Қармақшы ауданындағы «Ордазы» бекетіннен бастап біздің дәрігерлеріміз қызмет жасауда, - деді Қазалы аудандық теміржол тораптық ауруханасының бас дәрігері Құбыл Ршымбетұлы.
- Төретам стансасында екі күн болдық. 500-дей адам көрінді. Yлгермей қалғандары қаншама. Майлыбас стансасында жақын маңдағы малшылар ауылынан, қызылқұмдағы «Сарбұлақ» елді мекенінен көптеген адамдар келді. Ал, Ойындыда Құмжиек, Басықара, Жалаңтөс ауылдарынан екі жүздей адам тексерілді. Ордазыдан Ойындыға дейінгі аралықта мың жарымнан астам адамды қамтыдық, яғни 16 мыңға жуық көрілім болды. Себебі бір адам барлық тексеруден өтеді. Көздің қысымы мен көруі, бастың, қолдың, жүрек-қан тамырларының жағдайы, рентген, УЗИ, ФГДС, электро эндоскопия, ЭКГ, биохимиялық, клиникалық талдаулар жасалады. Осы жұмыстарды атқару үшін жиырма дәрігер, отыздай медбике жұмылдырылған. Олардың сапында хирург, терапевт, кардиолог, рентгенолог, акушер-гинеколог, невропатолог, окулист, уролог, травматолог, стоматолог, педиатр, лор, эндоскопия, УЗИ, лаборант дәрігерлер бар. Бәрі де білікті мамандар.
«Денсаулық пойызының» медициналық қызмет көрсету жағын басқаратын
Сейілхан Артықбаев:
- Бұлардың бәрі де маманданған дәрігерлер. Диагнозды дереу анықтап, тиісті ем қолданады немесе емделу жолдарын көрсетеді. Қаралған адамдардың есебін Денсаулық сақтау Министрлігіне күнделікті беріп отырамыз. Осы арқылы әрбір науқас келешек өзінің қайда, қандай деңгейде емделетінін біледі. Ал, қажетті жағдайда көріну кезінде ем қолданылады. «Денсаулық пойызы» он бірінші мамырда Бекбауыл бекетінде жұмысын жалғастырады. Одан соң Қамыстыбас, Сексеуіл стансаларының халқы күтіп отыр.
Негізінен профилактикалық шараларды мақсат еткен «Денсаулық пойызы» елдің алғысына бөленді. Қалаға баруға уақыт таппайтын немесе құнт қыла бермейтін жырақтағы тұрғындар жылжымалы емхана қызметкерлеріне дән риза.
Халықтың көкейінде бір ғана тілек қалды. Ол - ендігі жылы келетін «Денсаулық пойызы» асықпай, жүрісін баяулатып, алыстан жаяулатып келетін тұрғындарды түгел қамтыса.
Иә, Денсаулық Министрлігі «Денсаулық пойызының» жұмысын үйлестіреді деген үміттеміз.
Жетіскен МӘКЕНАЛЫ,
аудандық «Қазалы» газетінің арнаулы тілшісі.
"Қазалы” газеті