Жүрек жылуы

Жүрек жылуыҚарқынды емдеу бөлiмiнiң аға мейiркешi, медбике-анестезист Елена Андреади медицина саласында 37 жылдан берi қызмет етiп келедi. Ол алғаш еңбек жолын 1976 жылы Қызылорда қалалық ауруханасында жансақтау бөлiмiнен бастаған. Отбасын құрып, 1980 жылы Қазалы стансасындағы темiржол ауруханасына жұмысқа орналасады.

Бүгiнде қызмет бабында медбике-анестезист ретiнде наркозға және тыныс алуға арналған құрылғыларды, инфузион және трансфузион заттары мен жүйенi дайындайды. Анестезиолог дәрiгерге көмектесiп, қарқынды терапия палатасында операциядан кейiнгi жатқызылатын ауруларды күтедi.
– Аталған бөлiмге айына шамамен 30-35 адам түсiп, емделедi. Оның көбiсiн күрделi оталардан кейiнгi науқастар құрайды. Емделушi жағдайының ауырлығына байланысты ем алу мерзiмi 3 немесе 9 күнге созылады. Тек комаға түсiп, аппаратқа жатқызылған сырқат қана бiр айға дейiн қаралады. Терапия, жүйке жүйесi, хирургия, балалар бөлiмдерiнен ауыр халде жiберiлген ауруларға барынша шипа жасап, қадағалаймыз. Мұнда түскен әрбiр науқастың дертiнен айығып шығуына бар жағдай жасалған. Оларға қолдан келген мүмкiндiктердi жұмсай отырып, жан-жақты күтiп-баптаймыз, – дейдi Елена.
Елена Константинқызы тәжiрибелi және жұмысты ұтымды ұйымдастыра бiлетiн қабiлеттi қызметкер. Ол жоспарлы және жедел оталардың алдында науқастарды дайындау және анестезиялау жұмыстары мен маңызды органдардың қызметiн реттеу үшiн жансақтау және қарқынды терапия шараларын жүргiзедi. Медбике-анестезист қызмет жасайтын жан сақтау бөлiмi заманауи демалу, наркоздық аппаратурасы мен кардиомониторлармен жабдықталған. Қазiргi заманғы әдiстердiң көмегiмен медбике-анестезист ота барысындағы және онан кейiнгi алғашқы мерзiмде гемостаз көрсеткiштерiн бақылайды.
Операция кезiнде анестезиологиялық көмекпен қамтамасыз ету жолында өкпенiң жасанды вентиляциясымен жалпы тамыр арқылы берiлетiн эпидуральдiк және жұлын-милық анестезияны қолданады. Қарқынды емдеу бөлiмiнде емделушiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында соңғы үлгiдегi наркоздi-тыныстану және жетекшi әлемдiк медициналық құрал-жабдықтар өндiрушiлерiнiң мониторлы аппаратуралары әкелiнiп, пайдаланылуда.
Ауыр жағдайда түскен науқастарға әрдайым интенсивтiк терапия мен реанимациялық көмек көрсетiледi. Осындай жауапты iстi абыроймен атқарып келе жатқан Елена Константинқызы ерен еңбегi үшiн Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлiгi "Аппаттар медицинасының темiржол госпитальдары” акционерлiк қоғамының "Құрмет грамотасын” алып, әр жылдары Қазалы аудандық темiржол ауруханасы атынан "Алғыс хаттармен” марапатталған.
Елена Андреади отбасында 4 ұл тәрбиелеп, олардан 3 немере сүйiп отыр. Аяулы ананың асқақ арманы – ұлдары мен немерелерi өмiрден өз орындарын тауып, елге пайдасын тигiзетiн азаматтар болуы.
Шыншылдықты басты ұраны етiп ұстанған кейiпкерiмiз барлық нәзiк жандыларды 8 наурыз мерекесiмен құттықтап, жан баласы ауырмай бiр-бiрiмен сыйласып, тату-тәттi өмiр сүре берсiн деген жүрекжарды тiлегiн жеткiздi.
 
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА,
аудандық «Қазалы» газетiнiң арнаулы тiлшiсi.
19-03-2014, 14:39
2 017 просмотров
Нашли ошибку?