Миға жасалған ота

Миға жасалған отаҚазалы теміржол ауруханасында соңғы жылдары адам ағзасына түрлі оталар жасалуда. Жуырда өте күрделі нейрохирургиялық тағы бір ота сәтті нәтижемен аяқталды. Басынан ауыр соққы алған басықаралық жас жігіт Жеңіс Жақсылықұлы осындай отадан аман-сау айығып шықты.
Кездейсоқ  соққының салдарынан миішілік қан төгіліп, ұйып қалған. Бұл өз кезегінде қатты бас ауруына әкеліп соқтырды. Дәрігерге бірнеше күннен кейін көрінген науқастың миы ішінде ұйыған қан бар екендігін компьютерлік томограф аппараты арқылы анықталды. Сөйтіп, науқастың бас сүйегі жігінен ашылып (трепанация  черепа), ұйыған қан тиісті медициналық құрал-жабдықтармен тазартылып, алынды. Бұрын мұндай ота облыс орталығында жасалатын немесе науқасты қозғауға болмайтын жағдайда нейрохирург  Қызылорда қаласынан шақыртылатын. Енді Қазалыдағы тораптық аурухана мамандары инсульттың және соққының салдарынан болған миішілік қан төгілуге қатысты оталарды өздері-ақ жасайтын дәрежеге жетті. Бұл отаны жасаған нейрохирург Темірхан Мұратов.
Темірхан өз ауданымыздың түлегі. №216 орта мектепті және Астана қаласындағы медициналық университетті бітірді. Үш жыл Астанада, сосын Байқоңыр қаласындағы госпитальда қызмет жасаған. Биыл Қазалыға келіп, өз білімі мен тәжірибесін туған елдің адамдарының саулығы үшін пайдалануда.
Ота барысында Темірханға жас нейрохирург Кенесары Айтуғанұлы ассистент болды. Ол да өз жерлесіміз. Алматы қаласында 5 ай балалар және ересектер нейрохирургиясы бойынша мамандыру курсынан өткен. Мінекей, олардың екеуі де қазір теміржол ауруханасында тұрақты жұмыс істеуде.
 -  Бұл, Қазалыға келгелі осындай бағыттағы бесінші ота. Бізге миішілік патологияларды анықтауға мүмкіндік туғызған комьпютерлік томограф аппараты. Мұндай аппарат облыс бойынша әзірге облыстық медициналық орталықта, Байқоңыр қаласында және теміржол ауруханасында ғана бар. Алдағы уақытта да тиісті жағдайда осындай және тағы басқа оталарды жасай береміз. Қажетті заманауи құрал-жабдықтармен аурухана басшылығы қамтамасыз етуде.
Иә, жаңалыққа жаны құмар басшы Құбыл Ршымбетовтың жас мамандарды жұмысқа тартуы, үйлесімді ұйымдастыруы арқасында мүмкін болған күрделі оталар адам өмірін сақтап қалу жолында әрі қарай іске асырыла береді.
Айта кету керек, күрделі оталарды жасау кезінде анестезиолог Жасұлан Қуанышбаевтың еңбегі ерекше. Оған енді жас анестизиолог Дастан Қалила қосылды. Осылайша теміржол ауруханасының дәрігерлері жас мамандармен толығып, адам өмірін сақтау және ұзарту жолында қырағы күзетте тұр.

Жетіскен МАКЕНАЛЫ,
«Қазалы» газетінің тілшісі

Суретте: Темірхан Мұратов және Кенесары Басбаев

Суретті түсірген Ғалымжан Алдамжаров

№85 (672) 12.11.2014
Миға жасалған ота
13-11-2014, 13:04
2 533 просмотров
Нашли ошибку?