КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАЛДЫ

Қай тұстан қандай қатер төніп тұрғанын ешкім біліп, болжай алмайды. Адамдарды күтпеген жерден түрлі жағдай алқымнан алуы мүмкін. Әрине, бар жамандық атаулының беті арман. Алайда жанталасқан бүгінгі уақытта қан қысымының көтерілуінен, жүрек талмасынан, тіптен жол жүру қауіпсіздігін ескерместен жүйіткіген жылдамдықтың зардабынан қаншама жан ауруханаға ауыр халде түсіп жатады. Мұндайда медицина саласының қызметкерлері науқасты аман алып қалуға барлық  мүмкіндікті  жасайды.
Сондай жағдай тамыз айында теміржол ауруханасында орын алды. Отыз үш жастағы зіңгіттей жігіт бас сүйегінің жарақатымен өте ауыр күйде аудандық ауруханадан ауыстырылып әкелінді. Себебі теміржол ауруханасында арнайы Байқоңыр қаласынан шақыртылған Темірхан Мұратов пен арнайы оқу курсынан өткен Кенесары Баспаев есімді нейрохирург мамандары бар еді.
Мәселенің мәнісіне қаныққан дәрігерлер дереу ота жасауға бел буады. Өйткені, ес түссіз түскен Аманкелді Кенжеғараевтың миы соғылып, оң жақ маңдай бөлігі бас қауашағының ішіне ұйыған қан жиылып, бас сүйегінің тігісі ұзынша жарылған еді. Миға қысымды азайту үшін бас сүйегінің оң жақ бөлігінің қауашағы алынады. Бұлай отаны дер кезінде жасамаса ми ісінеді екен.
Аманкелдінің туыстары жандарын шүберекке түйіп, оның аман қалуын тіледі. Бірнеше  сағатқа созылған операция сәтті өтті. Қазір оны жансақтау бөлімінің меңгерушісі Жасұлан Қуанышбаев өз бақылауына алған. Ол А.Кенжеғараевтың ішкі ағзаларын қалыпқа келтіруде жүйелі ем жүргізді.
Бір айға жуық күн-түн бақылауда ұстағанның нәтижесі болар, жағдайы біршама жақсарып келеді. Бұл басшымыз Құбыл Ршымбетовтың қолдауы, бүкіл аурухананың, оның ішінде қарқынды емдеу бөлімі мен ондағы медбикелердің еңбегінің арқасы деуге әбден лайық. Бұрын нейрохирургті Қызылордадан шақыртатынбыз, енді ауданда қолға алынуда. Кадрлар әкелінді, қажетті жаңа аппараттармен қамтылған. Аурухана мен медицина қызметкерлерінің және науқастардың бар жағдайлары жасалуда. Сәтін салса, 2015 жылы теміржол ауруханасында нейрохирургия бөлімін ашу  жоспарлануда, - дейді Жасұлан Қуанышбаев.
Жағымды жаңалықпен қаныққан соң әдейілеп мекеме басшысына да жолықтық. Сәлемдесіп, жөн сұрасқаннан кейін Қ.Ршымбетов жақында Үндістаннан сапар шегіп келгендігін, онда медицина саласына орай тәжірибе алмасып қайтқандықтарын қуана жеткізді. Үндістанның емдеу саласында халықтық, тибеттік медицинамен стационарлы қызмет жасау түрлері бар. Шөптермен ас дайындап, ағзаны тазалайды және массаж бен ине қолдану арқылы да ем жасайды.
17 миллиондай халқы орналасқан астанасы Делиде үлкен клиника ақылы қызмет көрсетеді. Он бес қабатты клиникалық орталықта қызмет көрсетудің барлық түрі бір жерге шоғырланған. Диагностикалық тексеруден өткізіп, емдеу жүргізетін, бүйрек, жүрек, бауыр алмастыратын, донорлық ағзаны дайындайтын бөлімдері жұмыс атқарады.
Жалпы Үндістанда қалталылардың үлес салмағы 25 пайызды құраса, 40-50 пайызы өте нашар тұратындар. Тұрмыс жағдайы төмендерге бюджеттік емханалар мен госпитальдар қызмет атқарады. Бірақ бұл мекемелердің  қаржысы жеткіліксіз болғандықтан, науқасты қарау мүмкіндігі өте нашар. Сондықтан олар көбіне халықтық медицинаны қолданады, - деп сөзін түйіндеді Қ.Ршымбетов.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
«Қазалы» газетінің тілшісі

Аудандық "Қазалы” газетінен
 
КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАЛДЫ
24-09-2014, 07:50
1 780 просмотров
Нашли ошибку?