ИММУНДАУ АПТАЛЫҒЫ24-30 сәуір аралығында өңірде «Алдын ал, сақтан, егіл!» ұранымен иммундау апталығы өтеді. Соңғы он жылда үздіксіз өтіп келе жатқан шара екпеден қалып қалғандардың қайта екпе қабылдауына мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова мәлімдеді. – Иммундау апталығының мақсаты – азаматтардың жасына және егілуге тиісті екпелер түріне сәйкес жұқпалы ауруларға қарсы жоспарлы алдын ала егу шараларымен қамту. Аталған шара тұрақты емханаға қарасты және тіркелмеген, тұрақты тұрғылықты мекен-жайы жоқ азаматтарға, олардың балаларына, ҚР Ұлттық алдын ала егу кестесіне сәйкес облыс төңірегіндегі барлық емханаларда жүргізіледі. Профилактикалық екпелерді арнайы егу бөлмелерінде жыл сайын оқудан өткен, аттестация нәтижесімен рұқсат алған аяжандар егеді. Бұл ретте 312 дәрігер, 1323 орта буынды медицина қызметкерлері біліктіліктерін арттырды. Қазір барлық емдеу мекемелері дайын, екпелер түгел, жетіспеушілік жоқ, – деді Ә.Мүтәліпқызы. Жалпы еліміз бойынша жұқпалы аурудың 21 түріне қарсы екпелер жүргізіледі. Олардың барлығы талапқа сай, тексерістен өткен. Сондықтан күдіксіз қабылдай беруге болады. Десе де, биыл облыста қызылша ауруымен тіркелгендер де кездесті. Мұның себебін департамент басшысы екпе қабылдамағанның әсері екендігін айтты. – Екпе алу – адамды жұқпалы аурудан қорғайтын бірден-бір шара. Соңғы уақыттарда аймақта екпенің арқасында көптеген аурулар деңгейі төмендеді. Дегенмен, биыл қызылша ауруымен тұрғындар тіркелді. Осы аурудың 83 проценті егілмегендер арасынан шыққан. Бүгінде діни себептерге байланысты да екпеден 101 адам бас тартуда. Оның 76 проценті 2 жасқа дейінгі балалар. Бұлармен арнайы жұмыстар жүргізілуде. Біз өңір тұрғындарынан осы апталық уақытында тиісті егумен қамтылуын сұраймыз, – деді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова. Мейрамгүл Дауылбайқызы, "Сыр бойы" |