» » Абырой, бедел – мінезден

Абырой, бедел – мінезден


Біз әңгіме еткелі отырған Әлайдар Әбдуайтов ағамыз саналы өмірін денсаулық сақтау саласына арнап, табысты еңбек еткен тұлға. Адамдығымен, адалдығымен көптен ерекшеленіп, кәсіби маман ретінде өзінен кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетті.


Әлекең 1942 жылы Бесарық ауылында дүниеге келіп, 1949 жылы мектеп табалдырығын аттайды. 1959 жылы мектепті бітірісімен Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа түседі. Дәрігер мамандығын таңдауына мектепте жүргенде бір хирург туралы естіген әңгімесі себепкер болған екен. Мектепте өте жақсы оқыған, институтқа түсердегі емтихандардан оңай өткен, химиядан тапсырған кезде билеттің сұрақтарына толық жауап беріп, баға қойылайын деп жатқанда емтихан алушылардың ішіндегі бір орыс әйел алты теңдеу жазып беріп, шешімін сұраған екен. Сонда Әлекең әлгі теңдеулерді сол тұрған жерінде шығарып беріп, бәрін риза етіпті.
1965 жылы институтты хирургия мамандығы бойынша бітіріп шығады. Әдепкі жылдары Жаңақорғанға туберкулез диспансеріне жіберген, сол жерде 1,5 жылдай басқа мамандық бойынша жұмыс атқарады. Әлекең бұл жөнінде: «Молдахмет Бақбаев деген сол кезде атағы жер жаратын дәрігермен жұмыстас болдым, ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Дәрілік шөптер жайлы еш жерде кездеспейтін мағлұматтар алдым. «Канон врачебной науки» деген қазіргімен қоса көне замандардың да ем-домын қамтитын алты томдық кітаппен таныстым. Не керек, өзіме керек көптеген деректерді ұғынып алдым», – дейді.
Жаңақорғанда жүргенде атағы шығып, педиаторлық жұмыста жүр­генінде көпшілік: «Әлайдарға барып көрінеміз» дейтін еді. 1967 жылы Шиелідегі темір жолдың ауруханасына хирург болып ауысады. 1970 жылы денсаулық сақтау министрлігі бұл кісіні Қызылорданың облыстық емханасының бастығы етіп ауыстырады. «Емханада тәртіп бетімен кеткен екен, алдымен сол тәртіпті орнына келтіруден бастадым», дейді Әлекең.
Осылайша, біртіндеп емханада тәртіп орната бастағанда, бұрынғы жағдайға үйреніп қалған бірен-саран адамдар арыз да ұйымдастарған көрінеді. Әлекең табанды мінезінің арқасында соның бәрін жеңіп шығады. 1973 жылы Қызылордадағы облыстық темір жол ауруханасына бас дәрігерлік қызметке ауыстырылады. Бұл ауруханаға Қызылорда облысы шекарасындағы темір жолға қарайтын барлық медициналық мекемелер қарайды екен. Сол кезде бұл аурухана республика бойынша көрсеткіштері ең соңғы орында тұрған аурухана болған. Әлекең келісімен бәріне қатаң талап қойа бастаған және де күн түн демей барлық бөлімдерге бақылау жүргізіп, нәтиже талап етіп, тіпті түнде де тексеріс жасаған.
Сондай бір тексерістің кезінде сол ауруханаға қарасты әйелдер босанатын бөлімде бір кісінің төрт күн бойы босана алмай жатқанынының үстінен түседі. Әлекең әлгі кісінің босана алмау себебін бірден анықтап, аман есен босандырып алады. Бұл жерде әйел босанарда анда санда ғана пайдаланылатын іштегі баланың сыртқа шығуын аяғымен шығаратын медициналық әдіс қолданған. Олай етпегенде әйелдің де, іштегі баланың да өліп кету қаупі бар. Бұл айтып отырғанымыз Әлекеңнің тынымсыз еңбегінің бір ғана көрінісі. Осындай әрекеттердің арқасында бұл аурухана Әлекең келгеннен соң бір жарым жылдан соң барлық көрсеткіштері бойынша республикада екінші орынға шығады.
1976 жылы қалалық партия комитетінде бір жиын болып,онда бала өлімі жайлы мәселе қаралып,сонда облыстық денсаулық сақтау басқармасынан келген бір әйел: «Біздің көрсеткішіміз Әбдуайтов басқаратын аурухананың көрсеткішіне байланысты төмен болып тұр» деп жіберген екен. Содан қалалық комитеттің хатшысы Ковалев Әлекеңе шүйлігіп: «Мен сендей бас дәрігерді балшықтан жасап аламын» деп айтып жіберген көрінеді. Сонда Әлекең, алдымен аурухананы тексеріп көрулерін, содан кейін барып әңгіме айтуларын тайсалмай талап етеді. Кідірмей сондай тексеру жүргізіледі, тексеру барысында таңқаларлық нәтиже анықталады. Жоғарыдағы жиналыста негізсіз сынға ұшыраған Әлекең басқарып отырған аурухана барлық жағынан үлгілі болып шығып, «озық тәжірибе мектебі» деген атпен ауру балаларға қызмет көрсету жөніндегі плакат жасалып, ол облыстың барлық ауруханаларына таратылған екен.
Сол кезден бастап, зейнетке шыққанша Әлекең басқарған аурухана республикада бірінші орынды ешкімге бермей кеткен. Сол кездегі облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы Ернияз Омаров бұл кісіні ылғи да үлгі етіп сөйлеп, «Әбдуайтовтай төрт бес глав. врачым болса, мен уайымсыз болар едім» – дейді екен. Әлекең айтады: «Өстіп жүріп ақ 1986 жылы партиялық сөгіс алдым, бір белгілі адам менің орнымды алғысы келіп,бір Социалистік Еңбек Ері атағы бар кісіні маған қарсы қойды,не керек сол кісінің арызын қараған жиында маған сөгіс берілді,жиналыстың соңын күтпей шығып кетіп,өзімді қызметтен босатулары туралы арыз жаздым, бұл менің көпе көрінеу жасалған әділетсіздікке деген қарсылығым еді».
Бұл оқиғаның соңы облыс басшысы Еркін Әуелбековтың алдына дейін барып, оң шешімін тапқан. Облыс басшысы бұл ауруханға бірді екілі келіп, жұмыс барысымен танысып, риза боп жүрген. Әлекең екі рет қалалық кеңеске депутат болып сайланған. Содан тағы да ұсынылғанда өзі депутат болудан бас тартыпты. 1981, 1984 жылдары екі мәрте жоғарыға, лауазымды қызметке шақырғанда денсаулығына ауа райы дұрыс келмейтін болған соң бармай қалған екен. Одан кейін, 1996 жылы, облыстық денсаулық сақтау бөліміне бастық болуға шақырғанда да келісім бермеген.
Әлекеңнің аздап өкінішпен еске алатыны бұл кісіні екі рет еңбек сіңірген дәрігер деген атаққа ұсынған екен. Сонда сол кезде обкомда денсаулық жағына куратор болған Сапожникова деген кісі екеуінде де қарсы болып, ұсынысты өткізбей тастапты. Әлекең бұл әйелмен бұрын, жұмыс бабында бірталай айтыс-тартысқа түсіп, өз туралығын дәлелдеген.
Бұл кісінің зейнетке шығуы да оңай болмапты. 2010 жылы зейнет жасына толса да бұл кісіні зейнетке шығара қоймапты,содан барып үш рет зейнетке шығу тралы арыз берген. Тіпті бастыққа, бейнет істеген адам сол бейнетінің зейнетін де көруі керек деп те уәж айтқанда да зейнетке шығармаған. Ақыры инфаркт болып ауырып, содан соң лажсыз орнына басқа адам жіберіп, зейнетке шыққан. Әлайдар аға туралы Исекең (атақты Исатай Топышев) айтты деген бір сөз: «Осы баланың қолдаушысы жоқ, әйтпесе, министр болуға қабылеті жетеді», деген екен. Сол Исекең бірде Әлекеңнің үйінде отырып: «Айналайын, жігіт қырыққа дейін халық үшін, бедел үшін аянбай қызмет етуі керек, қырықтан кейін жиған беделің саған жұмыс істейді» депті. Қандай дәлдікпен айтылған сөз!
Байқап отырсақ, осындай пайымды кісілерге осындай ризалық сөздерді айтқызып отырған Әлекеңнің мінезі болса керек. Бұл кісі мақсатқа жетер жолда асқан табандылық көрсете отырып, қарамағындағыларға ықпалы зор басшы бола білген. Ауылға бір барғанында жергілікті аурухананың аянышты жағдайын көріп, төсек орын жағынан, қажетті техникалық аспаптар жағынан қомақты көмек көрсеткен. Әлекең осы ұзақ жылғы жемісті еңбегінің арқасында «СССР медицина үздігі» төсбелгісімен, ҚР медициналық қауымдастығының «Алтын дәрігер» атағымен, Лениннің жүз жылдығына шығарылған медальмен, Қазақстанның он, жиырма жылдық медальдарымен марапатталған, «Құрметті теміржолшы» деген атақ алған, «Қазақстанның атақты теміржолшылары» деген кітапқа енген. Бұл күндері бұл ол Қызылордада ұл-қыздарының, немере-шөберелерінің арасында, Ырыс жеңгемізбен бірге жайлы ғұмыр кешуде.

Абибулла ШЕР

https://zhanaqorgan-tynysy.kz/zanalyk/ruhaniyt/16358-abyroy-bedel-mnezden.html#sel=1:1,14:2 
19-02-2021, 16:09
765 просмотров
Нашли ошибку?