Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтағы эпидемиологиялық ахуалдың күшейіп, індеттің таралу деңгейінің артуына байланысты бірқатар медициналық мекемелерді аралап, дайындығын саралады.
Алдымен аймақ басшысы жұқпалы аурулар ауруханасына барып, қызметін бағдарлады. Биылғы жылдың 5 айында жұқпалы аурулар ауруханасына 959 науқас түсіп, 875 азамат індеттен айыққан. Қазіргі таңда ауруханада 185 науқас ем қабылдап жатыр. 200 төсек орынға лайықталған ауруханада дәрі-дәрмектің қажетті қоры қалыптасып, оперативті мамандар жұмысы жолға қойылған.
Облыс әкімі соңғы уақытта өңірдегі вирус деңгейінің күрделеніп, үнділік Дельта штамм белгілерінің таралуы себепті сақтық шараларын қатаң түрде күшейтіп, науқастарды емдеуде қосымша төсек-орынды әзірлеп, алгоритмдерді жедел іске қосу қажеттігін қаперге салды.
«Қазір вирустың мутацияланған белгілері анықталуда. Өкінішке орай, Дельта штаммы біздің өңірде де көрініс тауып жатыр. Індетті жеңу үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, тұрғындарды белсенді түрде екпе егу жұмыстарына шақыруымыз қажет. Егде азаматтарды, балаларды вирустан қорғау үшін медициналық ұйымдар қажетті шараларды қарқынды түрде іске асыруы қажет», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Бүгінде облыста індет жұқтырған 7392 адам тіркелсе, оның 92 пайызы жазылды. Ал, пневмониямен ауырған 1338 науқастың 1194-і емделіп шықты. Бұл ретте стационарларда 570 төсек-орын ұйымдастырылды. Егер індет күшейген жағдайда инфекциялық және провизорлық стационарларда төсек-орын қорын 3200-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Сонымен бірге 518 орын орталықтандырылған оттегімен жабдықталған. Қазіргі уақытта 262 науқас инфекциялық стационарларда ем алып, жүктемесі 46 пайызға жетсе, 29 науқас реанимациялық төсек орындарында ем қабылдап, жүктемесі 33 пайызды құрады. Сонымен бірге, өңірде 138 дәрігерлік мобильдік топ үйден ем жасап, науқастарға уақытылы жетіп, қажетті ем-шара жүргізуде.
Мұнан кейін өңір басшысы «СК-Фармация» ЖШС дәрі-дәрмек қоймасына барып, медициналық препараттар қорын бақылады. Гүлшара Әбдіқалықова жауапты сала басшыларына өңірде дәрілік заттарды жеткізуде айтарлықтай проблема болмау қажеттігін тапсырды. Бүгінде «СК-Фармация» ЖШС құны 371 миллион теңгені құрайтын дәрі-дәрмек қоры бар. Әсіресе, коронавирусқа қарсы дәрілер жеткілікті мөлшерде әкелінген. Науқастарға қажетті дәрілер медициналық нысандар мен дәріханаларға тұрақты жеткізілуде.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова екпе егу кабинеттерінің жұмысын саралау үшін Қызылорда қаласындағы №3 емханаға да барды. Мұнда тұрғындарға вакцина салуға қажетті бірнеше егу кабинеті ашылып, мобильді дәрігерлердің жұмысы жолға қойылған. Вакцинация кезеңі басталған уақыттан бері емханадан 13 мың аса тұрғын екпенің бірінші компонентін, 8350 адам екінші компонентін салдырған. Вакцинаның екінші кезеңін алу белгіленген тәртіппен жалғасуда. Емхана жұмысын саралаған облыс әкімі емхананың бас дәрігеріне екпе алу процедурасы кезінде тұрғындардың шоғырлануын болдырмас үшін күту залдарын реттеп, жұмысты үйлестіруді тапсырды.
Бүгінде екпе егу жұмыстарын қарқынды іске асыруда өңірде 106 егу кабинеті ашылған. Оған 133 мейірбике мен 89 дублер тартылған. Ал, вакциналарды сақтауға 40 тоңазытқыш 179 термоконтейнер және жаңа 20 белсенді термоконтейнер жасалған. Медициналық нысандарды аралау барысында облыс әкімі көпбейінді балалар ауруханасына аялдап, нақты ахуалды таразылады.
Өз кезегінде Гүлшара Әбдіқалықова аурухана басшылығына бірқатар тапсырмалар берді. Соңғы кездері балалар арасындағы аурушаңдықтың көбеюі себепті аурудың алдын алу жұмыстарын әлде де күшейтуді міндеттеді.
Айта кету керек, облыста екпені I компоненті бойынша 171 370 доза егілсе, II компонент бойынша 92 095 доза салынды. Қалған дозалар кестеге сәйкес жүргізілуде.
Автор:
«Ақмешіт-ақпарат»
https://aqmeshit-aptalygy.kz/densaulyq/guelshara-aebdiqalyqova-medicinalyq-nysandardy-aralap-indetpen-kueres-amaldaryn-kueshejtwdi-tapsyrdy-9904/