TАРИХЫ ТЕРЕҢ ҚАЗАЛЫ ТЕМІРЖОЛ АУРУХАНАСЫФилиал директоры Құбыл Ршымбетов «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Шапағат» және «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі», ҚР Төтенше жағдайлар министірлігінің «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», ОО «Совет ветеранов войны, труда, государственной и военной службы Байконырского региона», «За добросовестный труд и личный вклад в дело обеспечения медицинской помощи» төс белгілерімен; Директордың емдеу жөніндегі орынбасары Алтынгүл Дәрібай «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен; Директордың емхана жөніндегі орынбасары Серік Адаев «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен, ҚР Төтенше жағдайлар министірлігінің «Құрмет грамотасымен»; Дәрігер акушер гинеколог Қазбек Еспаев «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен, ҚР Төтенше жағдайлар министірлігінің «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төс белгісімен; Дәрігер хирург Жолдасбай Елеу «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісімен марапатталған. Қазалы теміржол ауруханасының тарихы бай және өте тереңде жатыр. Аурухана 1904 жылы Қазалы уезінде халыққа медициналық қызмет көрсету мақсатында амбулатория ашылып, онда фельдшер және акушер жұмыс жасаған. Орынбор теміржол бөлімінің құрылуына байланысты, 1905 жылы амбулатория 5 орындық теміржол ауруханасы болып қайта ашылады. Бұл уақытта ауруханада 3 дәрігер қызмет етіп, фельдшер мамандар ат арбамен үй аралап, медициналық қызмет көрсеткен. 1917 жылы теміржол ауруханасы 40 төсектік орынға көбейтіледі. Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары теміржол ауруханасы госпитальға айналдырылып, әртүрлі жарақатпен және сырқаттармен түскен жауынгерлерді емдеп, соғыста халқымыздың жеңіске жетуіне өз үлесін қосқан. Қазалы теміржол ауруханасы 1970 жылы 220 төсектік орынға көбейтілген. 2010 жылдың қаңтар айынан бастап облыс әкімінің келісімімен «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» АҚ филиалы «Қазалы теміржол ауруханасы» болып қайта құрылған.
Қазіргі таңда теміржол ауруханасының медициналық қызметі бүгінгі күннің талаптарына сай заманауи техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Аурухана мен емхана бойынша ем алушылардың тіркелуі үшін тиісті ЭРСБ, ПБГ ПГ, АПП, РПН, жүкті және туу жасындағы әйелдер регистрі, онкологиялық науқастар регистрі, РДБ, ИНФО, ИСЛО бағдарламалары енгізілген. Аурухана бүгінгі күннің талаптарына сай медициналық техникамен 100 пайыз жарақтандырылып, алдыңғы қатардағы дүниежүзілік өндірушілер шығарған ең соңғы үлгідегі заманауи жабдықпен көп мөлшерде қамтамасыз етілген. Бұл медициналық техникалар диагностиканың барлық түрлерін, эндоскопия, биохимия, аудиометрия зерттеулерін және басқаларын жүргізуге мүмкіндік береді. 2015 жылы жалпы құны 42029 105 теңгеге медициналық жабдықтардың негізгі құралдары, оның ішінде рентгендік диагностикалық хирургиялық мобильді «С-дуга» аппараты, реанимобиль «жедел жәрдем» автокөлігі және медициналық құралдардың басқа да түрлері алынған. Қабылдау, жансақтау, терапия бөлімдері мен ЭКГ-кабинетіндегі 3 және 6 арналы 4 электрокардиографпен жұмыс істеуді әрбір кезекші мейірбике меңгерген. Дәрігер кардиологтар түрлі-түсті 12 каналды «Кардиограф М»,«Холтер-ЭКГ,АГ» аппараттарымен және эхокардиография жасау үшін арнайы дайындықтан өткізілген. Қабылдау бөлімінде қосымша травматологиялық пункт және балаларды БШАЫЖ тәсілімен жүргізу үшін арнайы кабинет ашылып, барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Былтырғы жылы жаңа технологиялардан эндовидеохирургиялық кешен арқылы өт қалтасына және кистомаға, аппендицитке лапароскопиялық жолмен, компьютерлік томограф, УДЗ және «С-дуга» рентгендиагностикалық кешені көмегімен оталар жасау енгізілді. Барлық клиникалық биохимиялық сараптамалар анализаторларда жасалып, сондай-ақ жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде реанимациялық бөлімшеде шұғыл науқастарға қысқа мерзімде диагноз қою мен оларды уақытылы емдеуге мүмкіндік туды. Арнайы дайындықтан өтіп, қажетті аппараттармен қамтамасыз етілген тәжірибелі маман-нейрохирургтар компьютерлік томографтың көмегімен науқастардың ми қан тамырларының ауруларын анықтап, күрделі нейрохирургиялық оталар жасап келеді.
Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес, Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарының халқына қызмет көрсету мақсатында, аурухананың төсек қоры шеңберінде 10 төсектік нейроинсульттік және 10 төсектік ерте нейроинсульттік оңалту бөлімшесі ашылды. Қабылдау бөлімі нейроинсульттік науқастарды дер кезінде қабылдап, жедел медициналық көмек көрсету үшін тиісті құрал-жабдықтар мен құрылғылармен және дәрі-дәрмектермен жарақталған. Үлкен және кіші операциялық залдар тәулік бойы нейрохирургиялық операциялар жасау үшін дайындалып, арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген. Облыстық қан орталығынан әкелінетін қанды сақтау үшін арнайы бөлме жабдықталды. Cонымен бірге реанимациялық-анестезиологиялық бөлімше 9 төсекке кеңейтілді. Осы заманғы қондырғылармен, оның ішінде өкпені жасанды желдету аппараттары, пациенттерге арналған мониторлар, әр төсек-орынға орталықтан оттегі беру құрылғысы, ЭЭГ, эхоскоп, доплерограф, 15 параметрлі газды анализатор, тропанин анықтауға арналған анализатормен жабдықталған нейрохирургиялық операциялардан кейінгі қосымша реанимациялық 4 төсектік орын ашылған. Қазіргі кезде аурухананың травматологиялық қызметі жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге (жамбас буынын эндопротезирлеу және остеосинтез жасау) дайын және 2016-2017 жылдары көрсетілген медициналық қызметті мемлекеттік тапсырыспен немесе ақылы негізде жасауға толық мүмкіндігі бар. 2012-2013 жылдары мемлекеттік тапсырыс арқылы сондай 44 травматологиялық ота жасалса, 2014 жылдан бастап бұл қызмет түрі ақылы түрде жүргізіліп келеді. Ауруханада биылғы жылы «Телемедициналық» байланыс іске қосылған. Бұл байланыс арқылы күрделі науқастар 14 республикалық клиникалық, ғылыми-зерттеу, облыстық медициналық, перинаталдық, диагностикалық орталықтарынан кеңес ала алады және дәрігерлер селекторлық кеңестер мен видеоконференцияларға қатысып, білімін жетілдіріп келеді.
Өткен жылы барлық бөлімдерге жергілікті бу қазандығынан ыстық су келуі қамтамасыз етіліп, ішкі су жүйесі пластикалық құбырларға ауыстырылып, стационар ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ реанимобиль автокөлігі үшін гараж, автотұрақ және көкөніс қоймасы салынды. Қазіргі таңда емханада жанұя медицинасы қағидаты енгізіліп, қызметкерлер жалпы практика дәрігері мамандығы бойынша үздіксіз білім алуда. Атап айтқанда, барлық педиатрлар мен терапевттер 2015 жылы жалпы дәрігерлік практика бойынша мамандандырудан өтті. 2016 жылдан бастап барлық бөлімшелік дәрігерлер кезең-кезеңімен жалпы дәрігерлік практикаға ауысқалы отыр. Жалпы дәрігерлік практика халыққа амбулаторлық-емханалық көмек көрсетудің негізгі бөлігі болып табылады. Бұған ұйым қызметінің тиімділігі мен сапасы, еңбек әлеуетінің сақталуы мен артуы, сонымен қатар жанұя деңгейіндегі медициналық-әлеуметтік мәселелердің шешілуі тікелей байланысты болады. Бүгінгі күні аймақтық дәрігерлердің 70 пайызы жалпы тәжірибелік дәрігерлері құрап отыр. Нейрохирург, психолог, кардиолог (балалар және ересектер), гирудотерапевт, иглотерапевт, балалар невропатологы, балалар хирургі, нарколог, уролог, жұқпалы аурулар, эндокринолог кабинеттері, 2015 жылдан бастап балалар стоматологы жұмыс жасауда. Қазіргі таңда емханада 2 терапиялық, 2 хирургиялық стоматологиялық қондырғылар және №204 мектепте балаларды емдеуге арналған 1 стоматологиялық қондырғы орнатылып, жұмыс жасауда. Сонымен бірге биылғы жылы дені сау бала кабинеті, жанұяны жоспарлау, ана мен бала кабинеті, ресурстық кабинет өз жұмысын жалғастыруда. Осы жұмыспен қатар аймақтық дәрігер мен жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен орта буын қызметкерлері қалыпты ыңғайлы жағдайда жұмыс жасау үшін 2015 жылдың қазан айында жаңа ғимаратқа көшіріліп, 18 кабинет ашылған. Оның ішінде лор дәрігері мен көз дәрігері кабинетінің ортасында кіші ота жасау бөлмесі жасақталды. Жаңа ғимаратқа көшуге байланысты ПОР, жұқпалы аурулар және фильтр кабинеттері емхана ішіне орналастырылды. «Д» есебінде тұрған науқастарға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес тегін дәрі беру мақсатында дәріхана ашылып, жұмыс жасауда. Сонымен бірге скрининг өткізетін кабинет, статистикалық кабинет сәйкестендіріліп, шешімін тапқан.
Амбулаториялық көмек бағдарламасына сәйкес емхана мен тіркеу орны толық комьютермен жабдықталған. Кабинеттер ішкі желілік байланыс қызметімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар жақын арада психолог маманының қатысуымен «Жастар денсаулық орталығын» ашу жоспарлануда. Ауруханада дәрігер мен емделуші арасындағы қарым-қатынас ерекшеліктеріне зор көңіл бөлініп келеді. Медицина саласына маманданған психолог жұмыс істейді. Психологиялық бағытта бірнеше семинарлар, тренингтер өткізілген. Тарихы тереңге бойлаған ауруханада ұзақ жылдар бойы қалыптасқан ұжым дәстүрі бар. Содан ажырамау назарда ұсталып келеді екен. Сонымен қатар ауруханада тәлімгерлік тәрбие жолға қойылған. Ұзақ жылдар осы мекемеде жұмыс істеп, зейнеткерлікте жүрген дәрігерлер және мейірбикелермен кездесу ұйымдастырылып, олар жас мамандармен өз кеңестерімен бөлісіп келеді. Қазалы теміржол ауруханасының адами ресурстары кадрлар саясатында белгіленген стратегиялық ресурс болып табылады. Мекеме қызметкерлерді жалдау, оқыту, уәждеу және олардың кәсіби деңгейін арттыру, сонымен қатар ең үздік еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі кадрлар саясатын қолдану арқылы ең үздік кәсіби мамандар командасын құруға бет алған. Денсаулық сақтау ұйымындағы қызметкерлердің жалпы саны 375 адам, оның ішінде дәрігерлер 46, қоса жұмыс атқаратын дәрігерлер 10, 8 дәрігер жоғары санатты маман, орта медициналық қызметкерлер саны 177, кіші медициналық қызметкерлер 70. Дәрігерлер санаттылығы 45 пайызды құрайды. Ал биылғы жылы дәрігерлердің санаттылығы 60 пайызға жеткізіледі деп көзделуде. Аурухананың жоспарлы қуаты 140 орынға есептелген, іс жүзінде 100 төсек орны жұмыс жасауда, оның ішінде хирургиялық, гинекологиялық, терапиялық, неврологиялық, балалар және стационар алмастырғыш күндізгі бөлімдер жедел және жоспарлы медициналық көмек көрсетеді. Сондай-ақ кеңес беру-диагностикалық қызмет көрсету үшін бір ауысымда 350 келушіге арналған емханасы жұмыс жасайды. Теміржол ауруханасы Қазалы ауданының тіркелген халқына, Қазалы, Арал, Қармақшы аудандарында тұратын теміржолшыларға, олардың жанұяларына, теміржолшы зейнеткерлерге көпсалалы мамандандырылған, алғашқы медициналық-санитарлық, консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді. Компьютерлік томограф аппаратымен Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары және Байқоңыр қаласының тұрғындарына тәулік бойы тегін және ақылы түрде тексерулер, УДЗ аппаратымен стационарлық науқастарға ақысыз қызмет көрсетіліп, ай сайын 350-400 зерттеулер жүргізіліп келеді. Бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарға гемодиализ бөлімінде "ІD Senіm” фирмасымен келісім-шарт негізінде 5 аппаратпен Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары және Байқоңыр қаласының тұрғындарына ем-шара жасалады. Аурухананың нейроинсульттік және ерте оңалту бөлімшесі қызметін тек Қазалы ауданының тұрғындарына ғана емес, көршілес Арал және Қармақшы аудандарының тұрғындарына да көрсетеді.
Өткен жылы теміржол ауруханасының атқарған жұмыстарына зер салар болсақ, аймақта туберкулез ауруымен науқастану 100000 халыққа шаққанда 47,2 (2014 жылы-66,4), аурушаңдық салыстырмалы түрде 28,6 пайызға төмендеген. Қатерлі ісік аруларымен науқастанулар (75,5) мен олардың себебінен болған өлім-жітім (0,5) біршама өскен, алайда сырқаттың соңғы деңгейіне өсуіне жол берілмеген. Кәрілік салдарынан болатын өлім-жітім (0,9) деңгейі 1,3 есеге, ас қорыту ағзаларының аурулары (0,09) мен бүйрек пен зәр шығару жолдарының ауруларынан (0,0) болатын өлім-жітімдер 2,5-3,0 есеге дейін азайған. 2015 жылғы скринингтік бағдарлама бойынша профилактикалық медициналық тексерулер жоспары 8533 (2014 жылы- 10889), орындалғаны- 8406- 98,5 пайыз (2014 жылы- 11056- 101,5 пайыз), табылған науқас -443- 5,3 пайыз (2014 жылы 415, яғни 3,8 пайыз). Есепті жылы аталмыш тексерулер біраз көрсеткіштер бойынша науқастарды анықтау сапасы жақсарған. Атап айтқанда, табылған науқастардың саны қан айналым жүйесі аурулары бойынша 10,4-тен 13,7 пайызға (298 адам), әйелдердің жатыр мойнының қатерлі ісігі бойынша 9,9-дан 11,7 пайызға (43адам) және сүт безінің қатерлі ісігі бойынша 7,9-дан 9,6 пайызға (38 адам), ерлердің қуық асты безі обыры бойынша 0,0-ден 2,4 пайызға (7 адам), қант диабеті бойынша 0,4-тен 2,3 пайызға (37 адам), глаукома бойынша 0,1-ден 0,5 пайызға (10 адам) дейін артқан. Анықталған науқастардан 439 адам, яғни 99,9 пайызы диспансерлік есепке алынып, оның 407-і (92,7 пайызы) сауықтандырылған. Жуырда аймақ басшысы Қ.Көшербаев, облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысы А.Әлназарова және аудан әкімі Н.Шамұратов аурухана ішін аралап, оның жұмысына қанық болды. Облыс әкімі ауруханадағы соңғы жетістіктерге, оның ішінде жаңа аппараттар мен бөлімшелердің ашылғанына көңілі толып, ризашылығын білдірген. Сондай-ақ ауруханадағы кейбір медициналық қызмет түрлерінің аудан, тіпті облыс орталығында жоқ екенін еске салып, мүмкіндікті толығымен пайдалану қажет екенін ескерткен. Сонымен қатар алдағы уақытта да мамандар біліктілігін және қызмет сапасын арттыра беру қажет екенін жеткізген.
"Бірінші байлық денсаулық” демекші, қайсыбіріміздің болмасын басты байлықты сақтауға таласымыздың бары анық. Осы орайда денсаулықты күту барысында білікті маманнан кеңес алып, жаңа талаптарға сай денсаулық ұйымдарында ем қабылдауды қалаймыз. Бүгінгі таңда халықтың сұранысына сай білікті де білгір мамандармен, заман талабына сай құрылғылармен қамтамасыз етілген денсаулық сақтау ұйымдарының бірі Қазалы теміржол ауруханасы. Жанына медеу, сырқатына шипа іздеген қазалылықтар осы күні Қазалы теміржол ауруханасынан ем алуды жөн санайды екен. Оған басты себеп аурухана облыста немесе республикалық емдеу орталықтарында кездесетін заманауи медициналық құрал-жабдықтармен және өз ісінің білгір мамандарымен жасақталған. Аурухана тек қазалылықтар үшін емес, сонымен бірге Арал, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласының тұрғындарының да денсаулығын жіті бақылап келеді. Д.МАХАНОВА http://qyzylorda.info/index.php/densaulyq/item/1746-tarikhy-tere-azaly-temirzhol-aurukhanasy |