Аудандағы нейроинсульт орталығыДәрігерлерді жүрек-қан тамырлары аурулары мен инсульттен зардап шегетіндердің қатары жылдан-жылға өсіп жатқаны алаңдатуда. Дерекке жүгінсек, аурудың осы түріне шалдыққандар бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынды иеленеді екен. Аталған аурулардың салдарынан еңбек қабілетін жоғалтушылар саны күрт өскен. Соған орай, соңғы жылдары мәселені шешудің жолдарын қарастырған Үкімет «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басты тармағын қан айналымының бұзылуынан болатын аурулардың алдын алуға арнады. Осы бағытта өткен жылы республикада 16 инсульт орталығы ашылған.
Соңғы жылдары Қызылорда облысында да қан қысымының жоғарылығы, жүрек-қан тамыры аурулары тұрғындар арасында жиі кездесетіні байқалады. Облыстық сала басшылары осы жағдайды ескере келе, биылғы жылы Қазалы аудандық теміржол ауруханасының жанынан нейроинсульт бөлімшесін ашуды ұйғарған болатын. Осынау жағымды жаңалық баршаны елең еткізді. Бұрын осы дертпен сырқаттанғандарды шалғайдан облыс орталығына апаратын болсақ, енді ауданның дәрігерлерінің көмегіне жүгіне алатындығымыз қуанышты жайт еді. Осы тұрғыда атқарылған шаруа, аудан көлемінде қан қысымы жоғары науқастарды емдеу барысы туралы нейроинсульт бөлімінің меңгерушісі Дастан Аманбаймен сөйлесуді жөн санаған едік. «Бөлімшенің ашылғанына көп уақыт өтпегенімен жұмыс жүйелі де сапалы жүріп жатыр деп толық айтуға болады. Оған қоса облыс аудандарының ішіндегі жалғыз нейроинсульт орталығы әзірге тек Қазалыда ғана орналасқан. Нақты кезеңде аудан тұрғындарынан бөлек, Арал, Қармақшыдан да көптеген науқас келіп ем алуда. Жыл басынан бері 9 айдың ішінде 220 науқас түсіп, оңалып шықты. Алдымен ауруханаға келген науқасқа компьютерлік томография жасалып, нақты диагноз қойылғаннан кейін жан сақтау бөліміне жіберіледі. Жағдайы жақсарған соң жалпы бөлімге шығарылып, емін алады. Медициналық көмектің барлығы тегін жүргізіледі. Ескеретін жай, тромблизис әдісі бойынша науқасты толық айықтырып жіберуге мүмкіндік бар. Ол үшін азамат ауырғаннан бастап үш сағаттың ішінде орталыққа келуі тиіс. Тілі күрмеліп, қан қысымы көтеріле бастағанын сезсе, дереу жедел жәрдем көлігін шақыртып, орталыққа келуі керек. Олай дейтінім, алғашқы үш сағатта тромблисиз әдісі арқылы, яғни арнайы дәрі жіберіп, ми қан тамырындағы тромбты ерітіп жіберуге болады. Бұл дегеніміз қан тамырларында ұйып, түйіршіктелген қанды ерітіп, науқастың жағдайын бұрынғы қалпына келтіру дегенді білдіреді. Осы уақытта жүргізілген емдеу әдісі ғана өз нәтижесін береді. Аурудың алғашқы белгісі білінген сәттен дер кезінде бізге келіп көрінген бес науқасқа жоғарыда айтылған тромблизис жасалды. Соның нәтижесінде бес науқастың баршасы сауығып шығып, отбасына қауышты», – дейді дәрігер Дастан Аманбай. Тағы білгеніміз, осы бөлімшеде 6 науқастың басына сәтті операция жасалыпты. Осылайша олардың миында ұйып қалған қан алынып, аман қалыпты. Өте қуантарлық жағдай. Сонымен қатар, бөлімшеге қарасты науқасты қалпына келтіру кабинетінде 75 адам ем алған. Сүйсінерлігі, мұндағы дене шынықтыру бөлмесі соңғы үлгідегі спорт құрылғыларымен жасақталынған екен. Аурухананың нейроинсульт бөлімшесінде емделуші Айсұлу Сыдық есімді әжемен тілдескенімізде: «Менің басыма қан қысымымның көтерілуіне байланысты осы жерде ота жасалды. Шүкір, қазір сауығып келемін. Жағдайым да біршама жақсарып қалды. Емдеуші дәріргерлер менің жай-күйімді келіп қадағалап тұрады. Дәрі-дәрмектерді уақытылы аламын. Дәрігерлер мен мейірбикелерге аналық алғысым шексіз», – деген лебізін жеткізді. Айта кетейік, бүгінгі әңгімемізге арқау болған Қазалы теміржол ауруханасының ұжымында кәсіби сауаттылығы, білік-парасатымен жұршылықтың ықыласына бөленіп жүрген медицина саласының майталмандары еңбек етеді. Аурухана 1904 жылы шағын амбулатория есебінде ашылған. Ал бір жылдан кейін Орынбор теміржол бөлімінің құрылуына байланысты теміржол ауруханасы болып өзгертілді. Міне, ғасырдан астам уақыттан бері халыққа тұрақты қызмет жасауда. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң аурухана замана талабына сай ғимаратқа көшіріліп, жаңа үлгідегі қондырғылармен жабдықталды. Талай жанның алғысын арқалаған ұжымды ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі Құбыл Ршымбетов басқарып келеді. Есет ТАБЫНБАЕВ Қызылорда облысы https://www.egemen.kz/2016/11/12/73661
|