БІР МИНУТТЫҢ ҚАДІРІ
Өң мен түстің ортасында өмір үшін жанталасып жатқан қаншама науқастың халі мен олардың аяқтан тұрып кетуін тілеп отырған жұрағаттың жанын ұғынып, медицина саласы қызметкерлерінің уақытпен санаспай жасайтын жұмыстарын, адам өмірін аман сақтаудағы орасан еңбегін көзбен көру ойда жүрген. Осы орайда Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық медициналық орталығының арнайы рұқсатымен күнделікті ресми қалпымды бір күнге ОМО-ның жансақтау бөліміндегі анестезиолог-реаниматологтың формасына ауыстырдым.
ЖАНСАҚТАУ БӨЛІМІНДЕГІ «ЖАҢА ҚЫЗМЕТІМ» Несін жасырайын, облыстық медициналық орталықтың реанимация бөліміне бару үшін 15 минут адасқаныма сенесіз бе? Жол білместіктен бұрын, аурухана есігінен кіргеннен бастап қателік жібермеу керектігін ұғындым. Өйткені мұнда қаншама адамның тағдырмен күресіп жатқанын білеміз. Ауруханадағы жансақтау бөлімінің жұмысы сырт көзге бір сарынды болып көрінеді. Іс жүзінде, бұл ойыма өзім де қарсы шықтым. Бөлімге кіргеннен бастап, қос қолдың инфекциясын «өлтіріп», киімді түгелімен ауыстырдық. Бұл, біріншіден, қатаң сақталған санитарлық талап, екіншіден, бұлжымайтын ереже. Мен барғанның өзінде жұмыс уақыты әлдеқашан басталып кеткен. Қызу жұмыс, қарбалас тірлік, медициналық құрал-жабдықтардың тарсылдаған дауысы мұндағы біраз жайттан хабар береді. Сондықтан біраз күтуге тура келді. Оған қуанбасам, түк те ренжіген жоқпын. Өйткені бізде біреуді күтетін, әр ісімізге мүмкіндік беретін уақыт бар. Тырп етпестен төсекке таңылып жатқан әр науқас үшін осы уақыттың өзі тапшы, қымбат.Жұмыстың басы палата аралаудан басталды. Түрлі нақтамамен түскен науқастардың барлығы арнайы аппараттың көмегімен тыныс алып, ес-түссіз жатыр. Жандарында қажетті ем-домдарын дайындап, жүгіріп жүрген мейірбикелер мен дәрігерлер. Бәрі де адам өмірін арашалап қалу үшін арпалысып жүр. Оларға қолғабыс етіп тұрған «ақылды» аппараттар да жоқ емес. «Vacuson40», «Savina 300», «Bionet», «NIHON KOHDEN», «Hamilton – G5» секілді арнайы құрылғылар арқылы емделушілердің жағдайын қалпына келтіру үшін бар жігерін жұмсайды олар. Соңғы үлгідегі аппараттардан бөлек, мұнда қолданылғанына 15 жылдан асып, тозығы жетіп тұрған электронды құрылғылар ауыстыруды қажет етіп тұрғандығы әңгіме арасында айтылды. Десек те, қолдағы бар құрылғының көмегімен жансақтау бөліміне түскен ахуалы ауыр науқастардың біразының беті бері қарайды. Тілге тиек ете кетейік, аталмыш бөлімде пациенттер туралы барлық ақпарат, оларға жасалған ем-дом, бақылау парақшасы компьютерге енгізіліп отырады. Мұны кереуетке таңылып жатқан науқасқа таңертеңнен бері қандай препараттың тағайындалғаны мен қолданылғаны жөніндегі маңызды құжат десек те болады. Алдағы уақытта әрбір палатаға осы бағдарлама енгізіледі деп жоспарлануда.
ОТАҒА КУӘ БОЛАМЫН ДЕП... Науқастардың жалпы жағдайын бағдарлап болған соң ота жасау бөліміне бет алдық. Мұнда да бекітілген тәртіп қатал. Медициналық форма киіп жүрсең де, ота үстеліне кірер алдында арнайы киім тағы киесің. үстіміздегі көк киімнің сыртында ақ желең, оның сыртынан бір реттік қана киюге рұқсат етілетін арнайы желең, шашыңды жауып тұратын қалпақ, аяқкиім сыртынан да гигиеналық қапшық киіледі. Сонымен ОМО-ның штаттан тыс бас анестезиологы Әуезхан Құрмантайұлының жанына ілесіп, ота жасау бөліміне бас сұқтық. Барлық талаптарын сақтағаныммен, ота үстеліне жақындауға дәтім шыдамады. Бірақ, жұмысым осы болғандықтан бісміллә айтып, мүмкіндікті қалт жібермей, алғашқы отаның куәгеріне айналдым. Өз ісіне жауапкершілікпен, ыждағаттылықпен қарайтын хирургтар мен олардың көмекшілері науқастың жүрек қақпақшаларын ауыстыру үстінде. Құдайым-ау, бұған дейін «операциядан шықтым», «жүрегіме операция жасаттым» дейтіндердің сөзінен ешқандай әсер алмайтын едім. Ту сыртынан қарап тұрып, зәре-құтымқалмады. Екі қадам аттаған күйімше қалдым. Кері шегініп, шығып кеттім. Келесі палаталардағы қызу жұмыстың қарқынын көргенім дұрыс шығар деген оймен сонда бас сұқтым. Мұнда да ота. Не керек, қаз-қатар тізіліп тұрған палаталарда бос тұрған ота үстелі жоқ. Адамға бой үйретуге көп уақыт керек емес екен, алғашқысынан кейін травматологиялық, урологиялық, нейрохирургиялық оталарды көргеннен кейін көзім де үйренді, көңілім де кері тепкен жоқ. Осылай ойлағанмын, отаның қалай жасалатынына қызығушылығым артып, алдыңғыларына қарағанда ұзақтау телмірдім экранға. (Экран демекші, қазіргі кезде отаның біраз бөлігі соңғы технологиялық тәсілмен, яғни лазерді түрде жасалады.) Түтіктер, инелер, қысқыштар, тісті іскектер, тістеуіктер, қайшы, қалақшалар мен трубкалар секілді қажетті кесетін, қадайтын, қысатын, шолғырлайтын құрал-жабдықтар қолданылды. Бірер минуттан соң айналамды түгелдей экран басып кетті. Мұнысы несі деп таңырқап тұрғаным сол еді, әлгі экраным аударылып бара жатқандай сезілді. Сол кезде барып ұқтым, басымның айналғанын. Соның әсерінен ішкен-жегенімді сыртқа шығара жаздадым. «Сабыр түбі – сары алтын» дейді емес пе? Дәлізге шығып, өз-өзімді сабырға шақырып, ағзадағы тітіркену реакциясын бақылауға алдым. Әйтеуір мишығымның қимылды үйлестіру мен тепе-теңдікті сақтауқызметінің нәтижесінде тез арада қалпыма түстім. «Жығылған жұдырыққа тоймайды» дей ме, одан кейін де бірнеше отаға кіруге мүмкіндік алдым. Анестезиолог-реаниматолог, хирург, мейірбикелер, санитарлық тазалықшы секілді мамандардың қатысуымен өтетін ота сәтті аяқталысымен, науқас «Наркоздан ояну бөлмесіне» әкелінеді. Бұл аралықтың өзінде науқастың өміріне жауапты мамандардың атқаруы тиіс қыруар жұмысы бар.
ЖАҚҰТ Медицинаның қыр-сырын ұға қоймайтындар үшін барлығы оңай әрі жеңіл көрінеді, шынтуайтына келгенде жүгі ауыр. Таздың тарағы, мергеннің садағы алтын болса, дәрігерлердің қолы – жақұт. Осыған көзім жетті. - Ота жасалмас бұрын науқасқа наркоз егіледі. Ол орталық жүйке жүйесіне арнайы дәрілер жіберу арқылы организмде жасанды түрде шақырылған терең ұйқы. Наркоздан кейін адам есінен толық не жартылай айырылып, ауыру сезімін жоғалтып, тіндер жансызданады. Түптеп келгенде, күрделі хирургиялық операциялар кезінде ауру сезімін болдырмау мақсатында салынады. Наркоз берер алдында науқастың ауыз қуысы, асқазаны, ішегі толық тазаланады, жүйке жүйесін тыныштандыратын дәрі қабылдатады, мұны премедикация кезеңі деп атайды. Айтып отырған наркоз арнайы аппараттардың көмегімен беріледі. Анестезиолог-реаниматолог мамандар жіберілетін дәрінің мөлшерін аппарат арқылы бақылап, тамырдың соғуын, қан қысымын қадағалап, оттегі мөлшерін өлшеп отырады. Отаның ұзақтығы 20-25 минуттан басталып, 8-9 сағатқа дейінгі уақытты қамтиды, - деп тереңінен түсіндірді бас анестезиолог Әуезхан Сатмағамбетов. Сонымен, бір науқасқа ота жасау процесі тамамдалды. Жылжымалы кереуетте жатқан науқасқа жауапты адамдар «Наркоздан ояну бөлмесі» деп аталатын арнайы палатаға әкелді. Науқастардың наркоздан кейін есін жиюына медицинада 36 жыл еңбек тәжірибесі бар анестезиолог-реаниматолог Жұмағали Батталұлы жауапты. Жылына 5500 адамға ота жасалса, соның тең жартысына жуығына осы бөлменің білікті мамандары қызмет көрсетеді. Қолымызға ине алып, науқастарға инфузиялық ерітінді құйып, оларды жасанды тыныс алу аппаратына қоспасақ та, білікті мамандардың жанында жүгіріп жүріп-ақ жансақтау бөлімінің расымен де адам жанын сақтап қалу үшін аянбайтын еңбегін көрдік. Жоспарлы түрде күніне жасалатын оталардың жалпы саны 50-ден асып кететін кездер болады екен. Ал тәжірибелік тұрғыдан түйсіну үшін барған күні 25 жоспарлы ота жасалынуы тиіс. Бұл жұмыс таңертеңгі 8-ден басталып, кешке дейін жалғасады. Аурухана бекіткен ережелерге сәйкес, ота жасау аз ғана уақытқа тоқтатылып, медициналық құрал-саймандарға залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Айтпақшы, халық арасында «дәрігерлер қарамайды, жылдам келе қоймайды» деген ренішті пікірлер қалыптасқан. Мұның да жауабын осы бөлімде жүріп таптым десем әбден болады. Операцияның екі түрі болады. Жоспарлы және жедел жасалатын ота. Аптаның дүйсенбі күнінде ота жасау бөлімінде санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілуіне байланысты ешқандай ота жоспарланбайды. Тек соқырішек, оқыс оқиға салдарынан ауыр жарақат алған және халі ауыр деңгейде келіп түскен науқастарға кезек күттірместен, жоспарсыз, жедел түрде ота жасалады. Бұл жұмыстардың барлығы бөлім мамандарының және ота жасау бөлімінің меңгерушісі Әлия Исаева, ота жасау бөлімінің аға мейірбикесі Гүлмира Еділбаева және дәрігерлердің ортақ шешімімен орындалады. Сондай-ақ, жансақтау бөліміндегі Жаңатай Нәбиұлы, Жұмағали Батталұлы, Бейбіт Бижанұлы, Әуезхан Құрмантайұлы, Нұрлан Тоқжұмаұлын облыстық ауруханада 40 жыл табанды қызмет еткен, медицина саласына үздіксіз еңбегі сіңген Шадияр Нұрымбетовтың шәкірттері десек, ешкім сөз таластыра қоймас.
«ДОКТОР, АМАН АЛЫП ҚАЛЫҢЫЗШЫ...» Шынын айтайын, дәрігерлердің жұмысына кедергі жасағымыз келмеді, барынша тырыстық. Өйткені дертіне дауа, жанына сауға іздеген қанша науқас осы ақ халаттыны асыға күтіп жатыр. Оларға барған кезде мен де іздеріне ілесіп аламын, құдды бәрін тындыратын адам секілденіп. Олай етпесем де, адам жанының арашасына айналып, бәйек болып жүгіріп жүрген медицина мамандарының, оның ішінде жансақтау бөліміндегі қызметкерлердің еңбегін елге көрсете білу де үлкен жұмыс деп ойлаймын. - Анестезиолог-реаниматолог – бір-бірінен ажырамайтын, ажыратуға болмайтын мамандық. Жұмыс жүгі де жеңіл емес. Сол себепті біліктілік арттыру курстарынан өту үшін Алматы мен Астананың медициналық орталықтарына іс-тәжірибеден өтуге жіберіледі. Кейде білікті доктор, профессорлар осында арнайы келіп дәріс оқиды. Ал енді, жансақтау бөлімінің техникалық жабдықтарына келер болсақ, аурухана әкімшілігі қолдан келгенше бар мүмкіндікті жасап жатыр. Қазірдің өзінде жасанды дем беру аппаратының 4-еуі бар, бұйыртса, бесіншісін күтіп отырмыз. Алты кардиомонитор бар. Жаңаланған, жаңартуды қажет ететін құрылғылардың жоқ емес екендігі рас. Тіпті маман жетіспейді. Осында қызмет етіп жүргендер артық жүктемемен жұмыс жасап жүр. Сол себептен де адамға психологиялық ауыртпалық түседі. Еңбек демалысының өзін алғанда да, толық қалпына келе алмайды. Өйткені, өте ауыр сала. Кейде науқастың көңіл күйі, сырқаты өзімізге «беріліп», әсер етіп жатады. Оны ешкімге міндетсініп жатқан жоқ. Өйткені, басты мақсат – науқастың өмірін құтқарып қалу. Қуанарлығы, бөлімшеге түскен науқастардың 75-80 пайызының жағдайы оңалады, - дейді нейроинсульттық жансақтау бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Абдіқадыров. Аталмыш бөлімшеде кереует саны шектеулі. Дегенмен, ауыр дәрежелі науқас болса, орынның шектеулі екеніне қарамастан қабылдайды. Өйткені, басты мақсат – адам өмірін құтқару. Айтпақшы, осы тұста айтпай кетуге болмас, адам өмірін құтқарудың тағы бір жолы – трансплантация. Яғни, бір ағзадан екінші ағзаға жасушаларды, тіндерді және ағзаларды алмастыру. Әзірге бұл сала біздің облыста ақсап тұр. Жә, бұл туралы кейінірек толық нұсқасын ұсынамыз. Науқастардың халін білмекке палаталарға бардық. Есін жиғаны да, жимағаны да бар. Дәл осы кезде жансақтау бөліміне тағы бір науқас түсті. «Үмітсіз - шайтан» дейді. Өлімге беріспей, өмірдің жарығы үшін рухани тұрғыдан да, болмыс, ағзалық тұрғыдан да күресіп жатқан әр науқастың еміне шипа тілеген ағайын жүр сыртта. - Доктор, аман алып қалыңызшы, бір-екі минут болса да демі бітпесінші, - деп өңешіне өксік тығылғанша жалынып тұрған жанашырдың жан даусына мән бермеу мүмкін емес еді. Көз көреді, құлақ естиді. Жансақтау бөліміне келіп тұрған пациенттің туысы өте қобалжулы. Әрине, оңай емес. Ал біз осы бір-екі минуттың қадірін біліп жүрміз бе?! Ойланайық. ҚАЗИҚЫЗЫ |