Елбасы «Ауыл
тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейтуге айрықша назар аудару
қажет. Профилактикалық жұмыстарды сауатты ұйымдастырған жағдайда ерте сатыда-ақ аурулардың алдын алуға болады» деп үнемі айтып келеді. Нәтижелі болса, қанеки! Өйткені қазір ауыруға болмайды. Дипломды дәрігер көп, білікті дәрігер аз. Дәрі көп, шипасы жоқ. Дәрігерге алдын ала жазылу да «жыр». Апталап, айлап жазылған кезек дәрігердің қабылдауына барған күні қағаз жүзінде қалады. Емделуші ұзынсонар кезекте сағаттап тұруға мәжбүр. Дәріхана да – бизнес. Емханаға ем іздеп барған адам ұзынсонар дәрінің тізімін қолтықтап қайтады. Қаражаты бар науқас жүйелі түрде емделер. Қаржысы жоқ адам салы суға кетіп, дертіне дауа іздеп, емші жағалайды. Емханада емделгеннен, елден сандалған халық көп. Себебі, дертінің диагнозын таба алмай, әр емхананың табалдырығын үмітпен тоздырады. Қыруар қаржыға ақылы аппаратқа түсуден шаршаған науқас, берісі – Ташкент, арысы Еуропаға сабылады. Өйткені елдегі дәрігерге сенуден қалған. Сенімсіздіктің себебі де сан түрлі.
Ол– өз алдына бөлек мәселе. Бір қызығы, сол Шығыс пен Батыстағы заманауи медициналық аппараттар қазіргі кезде Қазақстанда да бар. Аурудың себебін анықтайтын –
аппарат.
Диагноз
қоятын – дәрігер. Жаңа технологияларды да қолданысқа енгізуден шет қалып жатқан
кезіміз некен-саяқ. Соның бірі – Ұлттық телемедицина жүйесі. Соңғы жылдары Қазақстандағы
емханаларға телемедицина жүйесі енгізілді. Мақсат – шұғыл көмек қажет науқасты
ажалдан арашалап қалу. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің
мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде Ұлттық телемедицина желісі министрлік, 14
облыстағы және Астана, Алматы қаласындағы денсаулық сақтау басқармалары,
Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы, 6 медициналық оқу орнында
және аудандық, қалалық ауруханалармен қатар, кардиологиялық орталықтарда, Ана
мен бала орталығында шоғырландырылған. Тиімділігі – жедел түрде кеңес беру,
шалғайдағы ауыл тұрғындарына дер кезінде жан-жақты мамандандырылған медициналық
көмек көрсету. Басты артықшылығы – ауыр халдегі науқастардың өмірін сақтап
қалу. Соңғы екі-үш жылда телемедицина көмегімен 30 мыңға жуық көмек
көрсетілген. Алдағы уақытта шалғай аймақтарда жетілдіру оң шешімін табуда.
Әсіресе, кардиолог, педиатр, невролог дәрігерлердің бейнекеңесіне сұраныс көп.
Яғни, алыстағы елдімекендердегі дәрігер тапшылығын телемедицина арқылы
азайтуға мүмкіндік бар. Кеңес беруші дәрігерлер рентген түсірілімін талдап,
электрокардиограммасын талқылап, оған түсініктеме беріп, ультрадыбыстық
зерттеуді қарастыру арқылы диагнозды нақты қоюға тікелей атсалысады. Телемедицинаның
жұмыс істеу тәсілі әлі де жетілдіріп, әсіресе, шалғай аймақтарда кеңінен
қолданысқа енсе, нәтижелі болмақ. Ең бастысы, науқасты да, дәрігерді де
аман-есен сақтап қалудың бірден-бір жолы. Мәселен, былтыр 3 қазанда Оңтүстік
Қазақстан облыстық ауруханасының жан сақтау бөліміндегі науқасқа Алматыдан
шұғыл көмекке аттанған Ан-28 санитарлық авиация тікұшағы апатқа ұшырады.
Шымкентке бет алған тікұшақ Алматының іргесіне құлады. Ұшақта болған экипаж
мүшелері мен екі дәрігер оқиға орнында қайтыс болды. Акушерлік, гинекология
және перинатология ғылыми орталығының акушер-гинеколог дәрігері Талғат Патсаев
пен Кардиология мен ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының
реаниматолог-дәрігері, профессор Жәнібек Артықбаев Шымкенттегі ауыр халдегі
науқасқа ем көрсету керек еді. Өкініштісі, араға күн салып, Алматыдан дәрігер
күткен алты баланың анасы денсаулығы күрт нашарлап, көз жұмған. Осындай қайғылы
жағдайларда алысты қас-қағымда жақындататын, шұғыл көмекті дер кезінде
көрсететін телемедицина өте қажет. Науқасты аман алып қалуға септігін тигізеді.
Білікті дәрігерлердің көмегін қай өңірде болса да ала алады. Онлайн режимде
жүйеге қосылып, аурудың себебін анықтап, талдап, дәл диагнозын қойып береді.
Медициналық емдеу мекемелері, емделушілер мен дәрігерлер бір уақытта бас қосып,
бірігіп жұмыс істеуіне тиімді.
Телекоммуникациялық, компьютерлік технологияларды пайдаланып, жылдам, сапалы
медициналық қызмет көрсетіледі. Жоғарыда айтылғандай, шұғыл көмек қажет болса,
дәрігер де, науқас та сабылмайды. Емделушілерге облыстық, республикалық
деңгейдегі білікті дәрігерлер қашықтықтан кеңес беру арқылы аурудың себебін
анықтап, тиімді емдеу жолдарын нұсқайды. Елдің шығысынан батысқа, солтүстіктен
оңтүстікке дәрігерлер сандалмайды. Астана мен Алматыдан дәрігер күтіп жатып,
жантәсілім ететін науқастардың қатары азаяды. Шұғыл көмекке кететін шығын да
азаяды. Өмір мен өлім арасында арпалысып жатқандарға дер кезінде көмек
көрсетіледі. Қазіргі кезде Ұлттық телемедицина жүйесі 200-ден аса денсаулық
сақтау нысанында бар.
Кейінгі жылдары телемедицина жүйесі жекеменшік емдеу мекемелеріне де
енгізілді. Бұдан былай жекеменшік емдеу мекемесінің дәрігері еш кедергісіз
өзге әріптестерінен көмек сұрай алады. Денсаулық сақтау министрі Елжан
Біртановтың пікірінше, телемедицинаның артықшылығы көп. «Телемедицина – түрлі
деңгейдегі дәрігерлердің арасында байланыс құралы. Бүгінде телемедицина
жүйесі дамып, қатты өзгеріске ұшырап отыр. Оның дәлелі, осы жүйеге
дәрігерлердің қатарына емделуші де қосылды. Бүгінгі таңда телемедицинада
емделуші мен дәрігер арасындағы ынтымақтастық бағыты дамуда. Телемедицина
азаматтардың мүддесін қорғауға да бағытталған» деген еліміздің бас дәрігері
қазіргі уақытта халықтың техникалық мүмкіндігі өте жоғары. Үйде отырып,
дәрігерден онлайн кеңес алуға болады. Смартфонның көмегімен тікелей дәрігермен
бейнебайланыс орната алады. Артықшылығы – біріншіден, емханаға барып, уақыт
жоғалтпайды. Екіншіден, кезек күтпейді. Қажетті дәрігерлік кеңесті онлайн
режимде алған соң, дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Уақытын белгілеп,
кезегі қашан келетінінен хабардар болып отырады. Емделушіге де, дәрігерге де
тиімді. Арыз-шағым азаяды. Тиісті дәрігерлік көмекті тиімді пайдаланады.
Дәрігерлердің дөрекілігінің басты себебі – жауапсыздық. «Медицина қызметкерлерімен
кездескен кезде, емделушілер тарапынан болатын үздіксіз агрессияға шағымдана
бермей, олардың ығына жығыла білу керектігін де үнемі айтып келемін.
Емделушілер тарапынан агрессия бар екені сөзсіз. Алайда бүгінде күні мұндай
агрессиялардың орын алуына өзіміз де кінәліміз. Өйткені адамдармен жұмыс істей
алмаймыз» деген министрдің ескертпесі де орынды.
Телемедицина жүйесі болашақта кеңес беру, диагноз нақтылаумен қатар,
«электронды емделуге» бағытталған. Телемедицинаның тарихы әртүрлі тәжірибелерден
бастау алады. Радио, телеграф, телефон арқылы кеңес берудің барлығы дами келе,
телемедицинаға жол ашқан. Термин ретінде 1905 жылдары қолданысқа енген. Сол
жылдың 22 наурызында профессор Вильем Эйтховен үй жағдайындағы зертханасынан
1500 шақырым қашықтықтағы университеттің емханасымен телефон желісі арқылы
электрокардиограмма жасап, сынап көреді. Тәжірибесі нәтижелі шыққан соң, 1906
жылы Archives Internationales Physiologie журналына телемедицинаның тиімділігі
жайында мақала жариялайды. Вильем Эйтховен «Шын мәнінде, емхана мен зертхананың
арасында әркім өз аймағында отырып, науқастың денсаулығын электронды түрде
талқылауға болады» деп жазады. Дәрігер орыс-жапон соғысында жараланған әскерилерді
тез арада емдеуде қашықтықтан емдеу орасан зор рөл атқарғанын еңбектерінде
атап өтеді. ХХ ғасырда телефон арқылы кеңінен қолданысқа ие болған телемедицина
ХХІ ғасырда ІТ технологияның көмегімен қарыштап дамуға бет алған.
Телемедицинаның пайда болғанына бір ғасырдан астам уақыт өткен. Тек тәуелсіздік
алған соң, 20 жылдан кейін ғана бізге жетті. Оның үстіне, Қазақстандағы
телемедицинаның жетілдіретін тұстары көп-ақ. Емдеудің жаңа әдісі болғанымен,
шетелге таңсық емес. Телемедицина аппараты былтыр көненің көзіндей болып EXPO
көрмесінде тұрды. Шетелде әлдеқашан көне жәдігерге айналған. Өйткені медицина
саласы күн сайын дамуда. Елде телемедицина кеңінен дамыса, қазіргідей дәрігергерге
қаралу «жыр» болмас та еді? Онлайн кеңес алу да оңай болар еді. Телемедицинаны
орнымен, тиімді пайдаланып, қажетке жаратсақ, қанеки?!
Майра ЖАНЫСБАЙ
https://aikyn.kz/2018/01/27/40630.html