ДӘРІГЕРГЕ МЫҢ АЛҒЫС

Əкем небəрі 46 жасында қан қысымынан қайтты. Не болғанын бағамдап та үлгірмедік. Қазір екінің бірінің шаужайына жармасқан бұл кесел анамды да айналып өтпеді. Үнемі жоғары қысымда жүруі қорқыныш еді мен үшін. Тамыздың 17 де қорқынышымыздың бекер еместігі білінді, анам инсульт алды. Таңғы 06.30 ұйқылы ояу абдырап қалдық. 

«Жедел жəрдем» күтіп отыратын уақыт жоқ. Жеңіл көлікпен Қазалыға жеткенше асықтық. Кіре берістегі темір жол ауруханасынан нейроинсульт орталығы ашылғанын жеткенде бір-ақ білдім. 

Жансақтау бөліміндегі сегіз күн. Есіктің сыртындағы үміт пен күдік арпалысын басынан өткендер ғана түсінсе керек. Миына қан шашыраған анамның 17 күн дегенде беті бері қарады. Аллаға шүкір!
Қазір осы аурухананың оңалту бөлімінде қалыпқа келтіру ем-домын алып жатыр. Аурухананың қызмет сапасына, мед.персоналдың өз міндеттерін мүлтіксіз орындайтындықтарына риза боласың.

Білікті невропатолог Талғат Жиенқұлов пен реанимация дəрігері Жасұлан Қуанышбаевқа алғысымыз алғаусыз. Талғат Алданұлы анамыз аяққа тұрғанша дəрігерлік уақытын да, тəжірибесін де аямады. 

Қармақшы, Арал, Қазалы аудандарына арналған бұл орталық өте орынды ашылған. Əсіресе осы үш ауданда аталмыш дерт өршіп тұр. Қан қысымының қақпанынан осындай жабдықталған орталық қана құтқарса керек


Үйтолған Жареке

23 қазан күні, сағат 01:46 ·

«Фейсбук» әлеуметтік желісінен 



24-10-2019, 08:32
26 просмотров
Нашли ошибку?