"Денсаулық қызметкерлеріне арналған салтанат"ДЕНСАУЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТ
Әйтеке би кентіндегі Р.Бағыланова атындағы мәдениет орталығында ауданымыздағы емдеу мекемелерінде қызмет етіп жүрген мамандардың кәсіби төл мерекелеріне орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Медицина қызметкерлерінің күнінде өмірін адам денсаулығына қамқор болуға арнаған жандардың еңбегі еленіп, құрмет көрсетілді. Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Совет Бабанаев мереке иелерін құттықтап, жылы лебізін арнады. Еңбектерімен елдің алғысына бөленген Қазалы теміржол ауруханасының бас дәрігері Құбыл Ршымбетовке «Алтын дәрігер» төсбелгісі мен Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет Грамотасы», аудандық аурухананың дәрігері Орақ Кеубасовқа «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі тапсырылды. Сондай-ақ, бір топ медицина қызметкерлері аудан әкімінің «Алғыс Хатымен» марапатталды. Дәрігер мамандығын меңгеруге үлкен қабілет қажет. Бұл жолдағы жандардың жүрегі кең, пейілі ақ, төзімі болаттай берік болуы керек-ақ. Себебі күн-түн демей адам жанының арашасы болуға ұмтылу, шаршамай-шалдықпай халыққа қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өз сөзінде медицина қызметкерлерінің осындай ерен еңбектерін атап өткен аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бақыткүл Әлішева әріптестеріне жүрекжарды тілегін ақтарыла жеткізді. «Үздік ауыл дәрігері» республикалық конкурсында «Қожабақы» дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Алия Қартабаева үздік үштікке ілініп, ауданымыздың мерейін асқақтатқанын мақтанышпен атап өтті. Салтанатты шара үстінде медицина саласының ардагерлері де сый-құрметтен шет қалмады. Аудан өнерпаздары құйқылжыта ән салып, мың бұрала би биледі. «ҚАЗАЛЫ» ақпарат. |