Біздің елімізде адам саулығы алғашқы кезекте тұр. Оған денсаулық сақтау саласында қабылданған түрлі бағдарламалар дәлел болады. Қазалы теміржол ауруханасының
бас дәрігері Құбыл Ршымбетовпен болған әңгімеміз осынау жағымды жаңалықтардың
мән-жайын оқырмандарға тереңірек жеткізуден туындаған болатын.
–Құбыл
Ршымбетұлы, ең алдымен МӘМС жүйесі дегеніміздің мәнісіне тоқталып өтсеңіз.
– Ұлт
жоспарында қойылған басты міндеттердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық
сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу болатын.100 нақты қадамның 80-ші қадамында
оның мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың ынтымақтастығы негізінде жүзеге
асатыны айқын көрсетілген. Сондай-ақ жаңа жүйе бастапқы медициналық-санитарлық
көмекті (БМСК) бірінші кезекте қаржыландыруға басымдық бермекші. Бұл іс бұған
дейін үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып атқарылады. Қазіргі кезде
Еуропаның көптеген елінде, Түркияның Жапонияда бюджет жоспарлаудың орнына
міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру моделі қолданылады. Бұл елдерде
медицина жоғары деңгейде. Халқының өмір сүру ұзақтығы да орташа есеппен 80-85
жылды құрайды.
Мемлекет
экономикалық белсенділігі төмен топтар үшін жарна төлеу тәртібін орнықтырады.
Өз
кезегінде жұмыс берушілер мұндай жарнаны жалдамалы жұмысшылар төлейді. Сонымен
бірге қызметкерлер салық органдарына тіркелу арқылы өзін-өзі қамти алатын
азаматтар аталған жарнаны өздері төлейтін болады. Денсаулық сақтау жүйесінде
тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) сәйкес мемлекет
әрі қарай да азаматтарға қаржылай қолдау көрсетуді жалғастыра бермек.
Сондай-ақ, мұның қатарына әлеуметтік астары мәні бар ауруларды қамту, төтенше
жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация және екпе егу кіреді.
Сақтандырылмаған азаматтарға 2020 жылға дейін ТМККК аясында
амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.
Ал МӘМС
аясында сақтандырылған азаматтар артықшылықтарға ие бола алады. Оларға жоғары
технологиялық –медициналық қызметтер көрсетіледі. Стационарды алмастыра алатын
тетіктер қолданылады. Ұзақ мерзімді мейіргерлік күтімдер жасалады. Мұның
сыртында олар үшін дәрілермен қамтылған амбулаторлық- емханалық көмек қашанда
әзір. Бұған қоса егер азаматтар ерікті сақтандыруға қатысатын болса, МӘМС
жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмектерге де қол жеткізе алады. Бұл
мәселе жеке сақтандыру компанияларымен келісім-шарт негізінде жүзеге асырылады.
– Ендігі кезекте әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры жайлы
түсіндіріп өтсеңіз.
– Алдағы
жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет, жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен
қамтыған азаматтар әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) жарна
төлеуді бастай алады.Жұмыс берушілер жарнасының жалпы көлемі кірістің 5
пайызына тең болады.Төлемдерді аудару 2017 жылдан 2 пайыздан басталып, 2020
жылы 5 пайызға дейін көтеріледі. Табыс табатын тұрғындар мен өзін-өзі қаржымен
қамти алатын азаматтар үшін (дара кәсіпкерлер, жеке нотариустер мен сот
орындаушылар, адвокаттар, кәсіпқой медиаторлар, азаматтық-құқықтық сипаттағы
келісім-шарттар бойынша кірістер алатын жеке тұлғалар) олардың кірісінің 7
пайызы жарна мөлшерлемесі болмақ, төлемдерді аудару 2017 жылдан 2 пайыздан
басталып, 2020 жылы 7 пайызға дейін көтеріледі.Жалдамалы жұмысшылар жарнаны 2019
жылдан бастап 1 пайыз, 2020 жылдан бастап 2 пайыздық мөлшерде төлейді. Жарна
төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады. Оның 12-сі халықтың әлеуметтік
тұрғыдан осал топтары саналады.Олардың қатарына балалар, «Алтын алқа», «Күміс
алқа», «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ 1,2 дәрежелі «Ана даңқы» орденімен
марапатталған көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері,
мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар, интернаттық ұйымдарда оқитын
және кәсіптік, жоғары білім, резидентура формасындағы білім беру ұйымдарында
оқитындар, бала тууына, жаңа туған бала асырап алуына байланысты демалыстағы,
бала 3 жасқа толғанша күтімі бойынша, жұмыс істемейтін екіқабат әйелдер,
сондай-ақ бала 3 жасқа толғанша тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін тұлғалар,
зейнеткерлер, сот үкімі бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын
өтеп жүргендер, уақытша ұстау және тергеу изоляторында отырған тұлғалар, әскери
қызметшілер мен арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері
жатады. Медициналық сақтандырудың шеңберінде көрсетілетін медициналық көмектің
көлемі қорға түсіп тұрған жарнаның сомасына тәуелді болмайды, тек бұл төлемдер
тұрақты аударылып тұрса жеткілікті. Еліміздегі қолданыстағы тәжірибеге сай
ӘМСҚ-ға түсетін жарналарды Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер
комитеті өз бақылауында ұстайтын болады.
– Бұл тұрғыда өзіңіз басшылық жасайтын ұжымда қандай шаралар
атқарылып жатыр?
– Жаңа
жүйе ұлт денсаулығын сақтау мен аурудың алдын алудың қамын ойлайды. Қазалы
теміржол ауруханасының ұжымы МӘМС жүйесімен бұрын да жұмыс істеген, оны
қолдайды және халыққа тиімділігін көрсете алады. Қаржы науқастың емделуге
кеткен шығынына байланысты төленгені дұрыс. Қазіргі жағдайда глобальдық бюджет
жүйесіндегі аудандар бойынша аурухана мен емхана қызметкерлерінің айлық
жалақысын көтеру қиын. МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін еліміздегі БМСК
көрсетудің сапасы мен деңгейі одан әрі арта түседі. Сондай-ақ, дәрігерлер мен
орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болады. Әрі
аурухана мен емхана қажетті медициналық құрал-жабдықтармен және емдік қасиеті
жоғары дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етеді. Ең бастысы, МӘМС азаматтардың
жоғары санатты медициналық-скринингтік тексерулерден өтуіне қажетті алғышарттар
туғызады. Аурудың алдын алу дегеніміздің өзі де осы. Өйткені, адам
денсаулығы–қоғамның басты байлығы, ал еліміздің әрбір азаматы – кең-байтақ
Отанымыздың келешегі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:
Жұмабек
ТАБЫНБАЕВ.
http://qazaly.kz/zha-a-zh-je-el-sauly-yny-kepili-2/