Академик ауданда болды


Әйтеке би кентіндегі жарты ғасырдан астам тарихы бар Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектепте тағылымды шара өтті. Оған Қазалы ауданына іссапармен келген медицина ғылымдарының докторы, ҚР Профилактикалық медицина академиясының академигі Ерболат Дәленов пен осы мектептің түлегі медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Айгүл Абдулдаева және ардагер ұстаз, Қазалы ауданының құрметті азаматы Шарафадин Алтынбай қатысты. Бүгінгі таңда Айгүл Абдулдақызы «Астана» медицина университетінің профилактикалық медицина және тамақтану кафедрасында технология және оқу процесін мониторингілеу бөлімінің бастығы болып еңбек етуде.


Алдымен қонақтар білім ордасы ауласындағы қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың бюстіне гүл шоғын қойды. Мектеп оқушылары дайындаған қолөнер бұйымдарының көрмесімен танысты.


Негізгі шара жаңадан салынған спорт залда өтті. Оған мектептің ұстаздары мен шәкірттері көптеп жиналып, жерлес академиктің әңгімесін қалт жібермеуге тырысты. Өз кезегінде Ерболат Дербісәліұлы адамның ең қымбат байлығы оның денсаулығы екенін тілге тиек етіп, осы тұрғыда атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Ал, осы мектептен сапалы білім, саналы тәрбие алып, бас қаладағы беделді оқу орындарының бірінде қызмет істейтін Айгүл Абдулдаева оқушыларға «Астана» медицина университеті туралы жан-жақты айтып берді.


Кездесуде медицина саласының білікті мамандарына аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов алғысын айтып, білім шаңырағының 50 жылдығына орай шығарылған “Ұлағат ұясы” атты кітапты сыйға тартты.


Бұл күні Ерболат Дәленов бастаған медицина саласының мамандары Қазалы ауданаралық ауруханасының ұжымымен де кездесті. Басқосуда медицина ғылымдарының кандидаты Айгүл Абдулдаева, облыстық онкология орталығының бас дәрігері Сәкен Серғазиев дұрыс тамақтану жолдары, аурудың алдын алу, өмір сүру көрсеткішін жақсарту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында баяндама оқып, өздерінің тәжірибесімен бөлісті.


Мұнан соң қонақтар Жанқожа батыр кесенесі мен Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейін аралап, Қазалы қаласындағы “Қазалы-Конфет” цехының жұмысымен танысты.

Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ,

Суретті түсіргенНұрлан ҚАНАТ

https://qazaly.kz/kogam/8964-akademik-audanda-boldy.html 

23-04-2019, 12:34
53 просмотров
Нашли ошибку?