«АНГИОГРАФ»: АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ, ДЕРТТІГЕ ДӘРМЕН БЕРЕДІ
Аудандық аурухана осы орталықты ашуға 3 жылдай дайындалыпты. Ең әуелі мұндағы дәрігерлердің мемлекет тарапынан тегін берілетін әсері күшті «Активизие» препаратын тиімді пайдаланғаны ескерілген. Сол тұста облысты басқарған Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен аудандарда медициналық кластерлер құру мәселесі көтерілген кезде Қазалы кардиологиялық орталық болуға лайық деп танылған. Осының нәтижесінде қазір облыс орталығынан шалғай жатқан аудандағы науқастар ем іздеп алысқа сабылмайды. Кардиоорталық Қазалымен қатар Арал, Қармақшы аудандары, Байқоңыр қаласы тұрғындары үшін қызмет көрсетеді. Жалпы, шалғай аудандарда медициналық кластер құру идеясы игілікті іс. Мысалы, Қазалыға көршілес Арал ауданында акушерлік орталық ашылыпты. Жақын аудандардағы науқастардың бәрі сонда барып қаралады. – Жаңағы айтқан «Активизие» препаратының қан тамырларының бітелген тұстарын ыдыратып, ауруды болдырмауға тигізер септігі көп. Бірақ, кері әсері де жоқ емес. Қазір «Ангиограф» арқылы науқасты толық зерттеп алуға мүмкіндік туып отыр. Кейде оған препарат салудың қажеті болмай, емнің басқа түрі жасалады. Дәрі егілгенде де осы аппарат арқылы оның ауруға әсерін көріп отырамыз, – дейді бас дәрігердің орынбасары Бақытгүл Әлішева. Дәрігерлердің айтуынша, инфаркт алған науқасқа 3-6 сағат аралығында жасалған ем жақсы дариды. «Ангиограф» аппараты арқылы айығып кетіп жатқандар осының дәлелі. Ең бастысы, құрылғы қазалылық кардиологтардың өздеріне деген сенімін қалыптастырды. Былтыр отаның 4 түрін жасаған дәрігерлер алда басқа да күрделі операцияларды қолға алмақ. Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ, https://qazaly.kz/kogam/13125-angiograf-aurudy-aldyn-alady-derttge-drmen-bered.html |
