» » Салауатты өмірдің сақшылары

Салауатты өмірдің сақшылары

Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау – адамзат алдындағы үлкен жауапкершілік. Себебі ақхалаттылар адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, алдына келген науқастың жасына, жынысына, тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек.

Ғалымжан Тәжібаев – Қазалы теміржол ауруханасында дәрігер-рентгенолог қызметін атқарып жүрген үлгілі маман. Ол 1992 жылы Ақтөбеден мединститутты бітіріп, дәрігерлік қызметін бастаған. «Емдеу ісі» мамандығымен білім алғанымен, физиотерапияны да қатар меңгеріп, адам жанын сақтауға барын салып жүрген ол: «Бұл мамандықты таңдауыма анам себеп болды. Сол кісіні өзіме үлгі етіп, дәрігер болғым келді», – дейді.

Қарашаңыраққа шаттық сыйлап, тәрбие мен адамдықты ұрпағының бойына сіңірген ана өз ұлына өмірлік ұстаз да бола білген Рахиля Ермағамбетова акушер-гинеколог боп қазалылықтарға талай жыл қызмет етіп, зейнетке шыққан.

1993 жылдан бастап денсаулық сақтау саласына күш-жігерін жұмылдырған. Осы жылдар ішінде тәжірибесі толысқан, жауапты, өз мамандығын қадірлейтін мақтаулы дәрігерге айналған. 2005-2010 жылдары Байқоңырдағы әскери медициналық госпитальға озық маман ретінде арнайы шақырылған. Осында қалыптастырған дағдысы мен қарым-қабілетін туған жеріне арнауға бел шешкен азамат қазіргі теміржол ауруханасындағы адал қызметін жалғастырады.

«Басты мақсат адам болу, бір мамандықты игеріп, елге қызмет етсем» деген ойды арқалаған азаматтың өмірлік жары да адам жанының арашашысы. Бақыткүл Жалымбет аудандық перзентхананың акушері. 1984-1987 жылдары Орал қаласындағы медициналық училищеде білім алып келген жас маман бітірген уақытынан осы күнге дейін бір мекемеде 30 жылдан астам уақыт еңбек етуде. Өзі де денсаулық сақтау саласында жүрген ол күні-түні қызметте жүретін жарының жанынан табылып, отбасында да жарасымды тірлігімен үлгі болып отыр.

Бақыткүл Оразғалиқызы «Ұл-қыздарымыздың таңдауына тосқауыл қоймадық. Екі қызым мұғалімдік жолды таңдады.

Ұлым Өркен қазір С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина университетінде 5 курста білім алып жатыр. Әзірге медицинаның нақты қай саласына баратынын шешкен жоқ. Қайсысы болса да қолдаймыз», – дейді.

Тәжібаевтар жанұясы салауатты өмір салтын ұстануымен де көпке таныс. Ерлі-зайыптылардың хоббиі – теннис ойнау. Бір отбасынан шыққан денсаулық сақшыларына енді тағы бір ұрпақ қосылмақ. Гиппократтық, адамдық антына адал боп, науқастың жаны мен тәнін емдейтін жандарға амандық тілейміз.


Дина БӨКЕБАЙ

https://qazaly.kz/kogam/20314-salauatty-mrd-sashylary.html 

19-06-2021, 18:27
447 просмотров
Нашли ошибку?