» » Жүйке жүйесіне жауаптылар

Жүйке жүйесіне жауаптылар

Салауатты әрі бақытты өмірді дәрігердің көмегінсіз елестету мүмкін емес. Халықтың “Бірінші байлық – денсаулық” деген тәмсілі де осыны меңзесе керек.

Қазіргі күні елдегі ақхалатты жандардың біліктілігін медицинасы дамыған елдердегі мамандарының қабілетімен теңестіруге әбден болады. Себебі күн өткен сайын алдына көмек сұрап келген адамның сырқатын жазып, көңілін көншітіп жіберетін дәрігерлердің саны артып келеді.

Солардың қатарында халықтың алғысына бөленіп жүрген Қазалы теміржол ауруханасының қызметкерлері қос ­невропатологты айта кеткенді жөн көрдік. Олар Шолпан Қарақұлқызы мен Райхан Қорғанбекқызы. Бұл мінездері жайдарлы ақхалатты арулар теміржол емханасында орналасқан неврологиялық кабинетте өз қызметтерін ұсынады.

Шолпан Өтеулі осыдан 9 жыл бұрын еңбек жолын аудандық ауруханадан аймақтық терапевт болып бастаған. Бір жылдан соң Қазалы теміржол ауруханасына дәрігер невропатолог қызметіне ауысады. Ол біліктілігі мен толысқан тәжірибесінің арқасында теміржол ауруханасының ­неврология бөліміне бөлім меңгерушілігіне тағайындалды. Қазіргі уақытта осы қызметті абыройлы атқарып жүр. Елге сыйлы мамандығына байланысты жыл сайын кәсіби деңгейін көтеру мақсатында білімін жетілдіру курстарына оқуға барып тұрады. Практикалық семинар мен конференцияларға ұдайы қатысып отырады. Соның арқасында бүгінде Шолпан I санатты дәрігер невропатолог қатарында. Өз жұмысын аса сүйіспеншілікпен атқаратын дәрігердің айтуынша, отбасындағы жағдай атқарып отырған ісіңе әсер етеді екен. Ал оның өмірлік жолдасы Нұртуған әрдайым қолдау көрсетуден жалыққан емес. Бүгінде Нұртуған Әбдімәлікұлы екеуі үш баланы тәрбиелеп отыр.

– Аурухана ұжымы тұрғындардың денсаулық жағдайын жақсарту негізінде нысаналы көрсеткіштері бойынша біршама табысқа қолжеткізіп келеді. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 68,8-ден 72 жасқа өсті. Бүгінде 10 төсек бөлінген неврология бөлімінде бел мен бас ауруы мазалаған сырқаттанушыларды қарамағымдағы 6 қызметкермен бірлесе жүйелі ем жүргіземіз. Азанғы уақытта бір мезгіл ауруханада қызмет көрсетсем, түстен кейін емханада келген науқастарды қабылдаймын, – дейді Шолпан Қарақұлқызы.

Шолпанның әріптесі Райхан Қорғанбекқызы Арал қаласының тумасы. Он жылдық тәжірибесі бар жас Қазалы теміржол ауруханасында қызметтік жолын жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде бастаған. 2015 жылы Алматыдағы үздіксіз білім беру университетінде “Неврология” ісі бойынша білімін жетілдірген. Осы жылдан бастап балалар және ересектер невропатологы болып жұмыс істейді. ІІ санаттағы дәрігер ересектер мен балалардағы неврологиялық аурулар мен түрлі неврологиялық асқынудың алдын алу және реабилитациялық ем тағайындаумен айналысады. Абыройлы қызметпен қатар 4 баланың тәрбиесін жауапты атқарып келеді.

Райхан Қорғанбекқызы отыратын теміржол емханасындағы неврологиялық кабинет түрлі үнпарақпен безендірілген. «Денсаулық бұрышы», «Инсульттің алдын алу туралы» ақпарат, «Бел омыртқаның иілуіне және қатаюына арналған жаттығулар», «Инсульттан кейінгі емдік шара туралы» және басқа да көрнекті құралдар ілінген. Осындай сырқатпен келгендерге дәрігер ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізеді.

– Ауырып келген науқастарға кеңестер айтылып, ем беріледі. Күніне дәрігерлік бақылаудан 30-дай науқас өтеді. Келгендерге кеңестер беріліп, аурудың түріне қарай ем тағайындалады. Кабинетте салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жемісті қызметтер атқарылады, – дейді Райхан Қорғанбекқызы.

Ұлт жоспарында қойылған басты міндеттердің бірі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу болатын. Сондай-ақ жаңа жүйе бастапқы медициналық-санитарлық көмекті бірінші кезекте қаржыландыруға басымдық берілген. Бұл бағытта аурухана ұжымы қызу жұмыс жүргізуде. Емхананың жұмыс кестесінде созылмалы аурулары бар науқастарға шақырулар артылды, стационарлық көмекті тұтыну төмендетіліп, жоспарлы емдеуге жатқызу саны ұлғайтылған.


Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

https://qazaly.kz/kogam/20317-zhyke-zhyesne-zhauaptylar.html 

19-06-2021, 18:30
502 просмотров
Нашли ошибку?