Дертті жеңген жандар


Қазалы теміржол ауруханасының терапия бөлімінде 20 төсек коронавирус инфекциясымен ауырған науқастарға арналды.
 
Бұл ретте теміржол ауруханасы терапия бөлімінің аға мейіpкеші Ләззат Айнағұлова:
 – Алғашқыда күніне 10-15-ке дейін науқас түсті. Дегенмен олардың барлығы коронавирус инфекциясын жұқтырды деп нақты диагноз қойылмаған. Барлығын пневмониямен емдеп шықтық. Түгелі ауыр халде болды, кислородпен тыныс алды. Қолымыздан келгенді аянып қалмадық. Науқас саны көп болған соң 10 күннен жатқызып, температураларын түсіріп, сатурацияларын көтеріп, бірқалыпқа келген соң үйлеріне шығардық. Ары қарай күтіммен барлығы қалпына келеді. Осы кезге дейін теміржол ауруханасынан 32 адам ем алып шықты. Біз дертті жеңген жандардың бүгінгі жай-күйін білмекке телефон арқылы байналысқан едік. Олардың дәрігерлерге айтар алғысы шексіз.
 
 

Ербол АҚНИЕТОВ:
 – Алдымен сәл суықтап ауырып қалдым. 28 маусым күні дене қызуым көтеріліп, бойымды әлсіздік биледі. Шақырған жедел жәрдем көлігі дер кезінде келіп, теміржол ауруханасына жеткізді. Бір күн жансақтау бөлімінде жаттым. Дәрігерлер тынымсыз еңбек етті. Нәтижесінде келесі күні палатаға ауыстырылдым. Ауруханадан 10 күн дегенде шықтым. Дене қызуым, қан қысымым барлығы өз орнына келді. Әуелі Алла, екінші дәрігерлердің арқасында осы күнге жеттім. Реанимация бөліміндегі барлық қызметкерлерге, терапия бөліміндегі Гүлхан, Жанар апайларға, Айнұр қарындасыма, Ақылбек ініме, басқа да қызметкерлерге алғысым шексіз.
 Гүлхан апа өзінің сөздерімен, ақыл-кеңесімен жігер берді, қуаттандырды, өмірге деген құштарлығымды арттырып, үлкен қолдау көрсетті.
 Бәріңіз елге төнген індеттен сақ болыңыздар. Дәрігерлер кеңесін тыңдап, шектеулер мен тыйымдарды ұстаныңыздар. Науқастанып жатқан жандарға Алла шипасын берсін, ауырмаңыздар!
 
 

Өмірбек ДҮЙІСОВ:
 – Мен жақында ғана төтеннен келген ауруға тап болдым. Сол сәтте дертіме шипа іздеп, ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгіндім. Қазалы теміржол ауруханасындағы терапия бөлімінде ем қабылдадым. Бөлім меңгерушісі Бақыт Шалғынбайқызына және барлық бөлім қызметкерлеріне алғысым шексіз. Халықтың қамын ойлап, күн-түн демей еңбек етіп жатқан сіздерге де мықты денсаулық, рух-жігер тілеймін.
 «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол» ізде деген мақал бар. Барша тұрғындарды қауіпті дертпен жұдырықтай жұмылып күресуге шақырамын. Үйден шықпай, карантин талаптарын қатаң ұстанып, өз-өздеріңізді күтіңіздер.
 
 

Қарлыға ҚҰЛСЕЙТОВА:
 – Өзім Қазалы теміржол ауруханасының қабылдау бөлімінде жұмыс істеймін. 29 маусым күні температурам көтеріліп, ауруханаға түстім. Бір жақты пневмония деген диагноз қойылды. Дене қызуым 38,5-ке көтерілді. Үш күн бойы антибиотик салды. Жеті күн дегенде ауруымнан айығып, үйге шықтым. Аурухана ұжымына, директордың орынбасары Сейілхан Артықбаев, терапия бөлімінің басшысы Бақыт Айжарықова, аға мейіркеш Үміт Жұмабаева, барлық мейірбикелер мен санитарлық қызметкерлерге алғысым шексіз. Бәрі де аяғынан тік тұрып еңбек етуде. Қажет деп тапқан дәрі-дәрмекті беріп, үзіліссіз ем жасады.
 Қазіргі таңда медицина қызметкерлері киіп жүрген қорғаныш киімдерімен жұмыс істеу оңай емес. Оны өзім де киіп көрген соң жақсы түсінемін. Күн-түн демей түрлі қиындыққа қарамай адамдардың аурудан айығып кетуіне күш салып жатқан дәрігерлерге алғысым шексіз.
 Бұл күндердің барлығы артта қалып, мамыражай күніміз қайта оралсын. Елде тыныштық, әр отбасында амандық болсын деп тілеймін. Ауырмаңыздар ағайын, сақтанып жүріңіздер.
 Қазалы ауданаралык ауруханасының КВИ бөлімі 110 тәулік төсекпен қамтылған. Оның 50-і КВИ карантин,30-ы КВИ провизор, 15-і КВИ инфекция бейіні. КВИ карантин бейіні бойынша – 392, КВИ провизор – 24, КВИ инфекция – 5 адам жатыр. Бүгінгі таңда 442 науқас емделіп шықты. Үй карантинде 184 болып, бақылаудан алынған. Қазіргі таңда 32 адам үй карантинде. Симптомсыз КВИ 35 болып тұр.
 
 

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

https://qazaly.kz/kogam/15044-dertt-zhegen-zhandar.html 

11-07-2020, 20:49
789 просмотров
Нашли ошибку?