АСТАНА. 2 қазан. BAQ.KZ – «2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 40 күрежол медициналық-құтқару пунктін салу көзделуде. Соның ішінде қазірге дейін 26-сы салынып, жауапты міндеттерді тиімді шешіп жатыр. Қалған 14 күрежол медициналық-құтқару пункті құрылыс енді аяқталатын болады» деді «Апаттар медицинасы орталығы» ММ-нің директоры Ержан Ысқақов.
Бұл туралы бүгінгі Астана қаласында өткен ҚР Апаттар медицинасы қызыметінің құрылғанына 20 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-конференция барысында мәлім етті.
-Бүгінде Апаттар медицинасы орталығының құрамында барлық облыстарда Астана және Алматы қалаларында 16 бөлімшеміз жұмыс істеп жатыр. Онда 40 шұғыл ден қою бригадасы қызмет атқарады. 200-ге жуық медицина қызметкері мен психологтар жұмыс істеуде.
Оның айтуынша, ҚМҚП салынғаннан бастап жол-көлік оқиғаларына мыңнан аса шығу жасалып, 5 мыңға жуық зардап шеккендерге көмек көрсетілген. Сонымен қатар аталған 26 күрежол пунктері жол-көлік апаты кезінде адамдардың қаза болу санын едәуір азайтуға мүмкіндік берді дейді ол.
Сонымен қатар конференцияға ДДС ұйымының Қазақстандағы өкілі Мелита Вуйнович, Ұлттық медицина ассоциациасының президенті А. Садықова, РФ Денсаулық сақтау министрлігі «Защита» бүкілресейлік апаттар медицинасы орталығы директорының орынбюасары И. Сахно мен ТМД елдері АМҰ басшылары қатысып жатыр.
Ая ӨМІРТАЙ