Газет, журнал оқымасаң жаңалықтан құр қалғандайсың, ісің де өнбейді. Біздің теміржол емханасының қызметкерлері бұл орайда талғампаздық танытып келеді. Дәрігерлер қауымы және фельдшерлер мен мейіркештер де жыл сайын өздерінің рухани байлығын арттыру үшін газет, журналдарға жаппай жазылуда. Әсіресе аудандық «Қазалы» газетіне көбірек мән берудеміз. Себебі, бұл газет ауданда шығатын өзге басылымдарға қарағанда материалдарының құндылығымен ерекшеленеді. Аудан өміріндегі күнделікті жаңалықтар да, облысымыз бен еліміздің өзге аймақтарындағы оқиғалар да жиі жарияланып тұрады. Бізге «Қазалы перзенттері», «Ел есіндегі есімдер» айдарымен берілетін елге еңбегі сіңген азаматтар жайлы мақалалар айрықша әсер етті. Биылғы жылы халқымыздың азаттығы үшін күрескен айтулы тұлғасы Жанқожа батырдың 240 жылдығына байланысты материалдар жиі жарияланып, батыр бабамыздың өміріне едәуір қанығып қалдық. Ердің еңбегін ескергенге не жетсін. Сондай-ақ, «Дәрігерлік кеңес», «Денсаулықтың алдын ал», «Салауаттылық өмір салты», «Саламатты Қазақстан», «Дені саудың жаны сау», «Тазалық – денсаулық кепілі» айдарларымен басылып жүрген мақалалардың біз үшін маңызы зор. Себебі, бұл мақалаларды жазатын біздің әріптестеріміз ғой. Ал, халықтың денсаулығы үшін жан аямай қызмет жасап жүрген денсаулық сақшыларының шырайы шыққанға не жетсін.
Осы жағдайларды ескеріп,осы жылы аурухана бойынша 100 дана «Қазалы» газетіне жазылсақ, 2015 жылға 120 данаға жеткіздік. «Қазалы» газетін асыға күтіп отыратын оқырман ретінде газетті шығарушы журналистер мен барлық тілшілерге мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін.
Ақсара ЕРҒАЗИНА,
Қазалы теміржол ауруханасының қоғамдық таратушысы
Суретте: «Қазалы»газетінің сүйікті оқырмандары, үлгілі мейіркештер Гүлнар Досмамбетова және Аманкүл Абжанова
«Қазалы» газеті №87 (674) 1.11.2014