» » Табысқа жетудің кілті – басқару психологиясын білуде

Табысқа жетудің кілті – басқару психологиясын білуде

Табысқа жетудің кілті – басқару психологиясын білудеОблыс орталығынан шалғай орналасқан аудандардың бірінде болғанымен, өз әлеуеті бойынша облыстағы іргелі алдын алу-емдеу мекемелерімен терезесі тең дәрежеде медициналық қызмет көрсетіп келе жатқан емдеу орындарының бірі - «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» Акционерлік Қоғамының филиалы «Қазалы теміржол ауруханасы». Аурухананың табысқа жетуінде басшының ұйымдастырушлық қабілетінің, оның басқару психологиясын қаншалықты меңгеруінің рөлі зор. Осы ретте филиал директоры, жоғары санаттағы денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы, бірнеше мемлекеттік марапат иесі Құбыл Ршымбетовтен практикалық психология, оның ішінде басқару психологиясы туралы ой бөлісуін өтінген едім. Екеуара болған қысқаша сұхбатты газет оқырмандарының назарына ұсынамын.

 

-Құбеке, сіздің өміріңіздегі және мекеменің табысқа жетуіндегі психологияның алар орны қандай?

 

-Өзің білесің, жоғары болсын, орта болсын, біз оқыған кездегі медициналық оқу орындарында психологияға, оның ішінде медициналық психологияға жете көңіл бөлінген жоқ. Тек қазір ғана, онда да бірінші курста "коммуникативтік негіздер” бойынша дәріс оқылады.

Біз тек адамның тәнін ғана терең оқыдық. Ал жан мәселесімен психиатрия айналысады деп мән берілмеді. Онда да оның патологиясымен, яғни бүлінуімен. Алайда адам тек тәннен емес, жаннан да тұрады ғой. Оның бір-біріне әсері орасан зор. Бір кездері менің рефлексотерапиямен (ел арасында "алтын ине” деп аталады) шұғылдануыма тура келді. Онда мықты денсаулықты жан мен тәннің тепе-теңдігі, яғни гомеостазы деп қарастырады. Мен өз басым психологияға қатты қызығамын. Оны мүмкіндігімше өз өмірімде, қызметімде пайдалануға тырысамын.

 

-Оныңыз рас. Облыстағы қаншама алдын алу-емдеу мекемелерінің басшыларының арасында сіз ғана "Сыр психология әлемі” газетінің мәнін түсініп, өз қызметкерлеріңізге арнап жыл сайын 100 дана газетке қаржы бөліп, жаздырып аласыз. Бұл әрекетіңіз олардың да психологияға қызығуын тудыруды көздеуден туған болар...

 

-Иә, әрбір дәрігер өз алдына келген науқастың тәнін ғана емес, жанын да емдеуге тырысуы керек. Сол үшін ауруханада психолог маманын да ұстап отырмын. Апаттар медицинасында психологиялық шұғыл жағдайларда сауатты психологиялық көмек көрсету аса қажет. Сен шығаратын газетте шет елдік психологияның озық тәсілдері қазақ тілінде баяндалады. "Медициналық психология” айдарымен берілетін материалдардың кез келген медицина қызметкеріне берері мол деп есептеймін. Сондай-ақ ауруханаға келген кездеріңде өзің жүргізген практикалық психология бойынша семинарларың да қызықты.

 

-Құбеке, өзіңіздің тікелей қызметіңізбен байланысты басқару психологиясы туралы жеке пікіріңізді білсек...

 

-Менің өмірімнің басты бөлігі басшылық қызметте өтіп келеді. Егер басшының басқару психологиясынан мағлұматы болмаса, оның мекемесінің табысқа жетуі қиынырақ. Басқару психологиясының кейбір қыр-сырын өмірден терең ұқтым. Әрине, теория да керек. Ал практика мықтырақ. Бүгінде "айқайлап, бақырып бастық бола алмайсың”. Өз қызметкерлеріңді ортақ іске жұмылдыру, олардың ықпалды жұмыс істеуіне жағдай жасау, жан дүниесін, ішкі сарайын түсіну, сапалы жұмыс істеуге түрткі жасау және т.б. тәсілдердің қолданылуы қажет.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары қиын кезең еді ғой. Сол кезде темір жол желісінде бірнеше үй босады. Мен басшылардың көзін жеткізе отырып, жас маман дәрігерлеріме сол үйлерді алып бердім. Олар қазір мен басқаратын ауруханада табысты еңбек етіп жатыр. Сондай-ақ мекеме қаржысын жұмсап, жас мамандарды оқыту ісі де ойдағыдай жүруде. Олар оқуларын бітірген соң осы ауруханада қызмет ететін болады.

Кейде отбасында жағдайы жоқ қызметкерлердің үйіне өзім барып, отбасы мүшелерін түсіністікке шақырамын, оларға өз маманымның қаржы әкеліп отырғанын, оның жағдайы болмаса, жұмысына кедергі келетінін ұғындыруға тырысамын.

Әрине, ұжымдағы психологиялық ахуал күрделі және күрмеулі болса, оның жұмыстың ойдағыдай жүруіне үлкен көп кедергісі бар. Сол себепті кикілжіңді, дау-жанжалды реттеу техникасын, басқару психологиясының қазіргі заманғы жетістіктерін ізденіп жүріп меңгеремін.

 

-Әңгімеңізге рахмет! Жұмысыңызға табыс тілеймін.

 

С.СМАҒҰЛҰЛЫ,

Әйтеке би кенті,

Қазалы ауданы

 

"Сыр психология әлемі” республикалық газеті,

желтоқсан 2015 жыл

23-12-2015, 10:10
2 090 просмотров
Нашли ошибку?