Қаратереңдегі кездесу

Қаратереңдегі кездесу

«Елу жылда – ел жаңа». Осынау даналық сөздің мағынасын Қаратереңдегі тағылымды шара терең ұғындыра түсті. Бұл түтіні түзу ұшқан іргелі қоныстағы №82 мектепті мұнан жарты ғасыр бұрын бітірген түлектердің басқосу жиыны болатын. Бүгінгі таңда ата-әже атанып, жетпіс жасқа қадам басқан бұрынғы сыныптастардың қуанышында шек жоқ. Есімдері елге жақсы мәлім салиқалы жандар бір сәтке тұлымшағы желкілдеген бойжеткен, түбіт мұртты бозбалаға айналып сала берді. Баршасы мәре-сәре. Сағымға айнала бастаған бал кезеңнің, оқушы күндердің естеліктерін айтып тауыса алар емес.

«Туған елдің түтіні де тәтті». Осыншама жылдан соң өздерін қуанышпен қарсы алған ауылдастарына Н.Дәулетбаев, С.Қосжанов, Қ.Ақшатаев шексіз ризашылықтарын білдірді. Мектеп директоры Кешубай Маханов жарты ғасырлық кездесуге келген байырғы түлектерге білім ордасының ұжымы атынан алғысын жеткізді. Міне, жүрек толқытқан сәт. Мұнан 50 жыл бұрын мектепті үздік бітірген танымал азамат, Қазалы ауданындағы теміржол ауруханасының бас дәрігері, ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі Құбыл Ршымбетов тебірене сөз сөйлеп, білім ордасына бұрынғы түлектер атынан сый тапсырды. Реті түскенде Құбыл туралы оқырмандарға аз-кем дерек ұсына кетсек. Кезінде біліктілігімен дараланған Ршымбетов ауыл жастарының бастамаларына жанашырлық танытып, туған жеріне мүмкіндігінше қолдау көрсетуден тартынған емес. Ағамыз бұған дейін де түлектердің 25, 30, 40 жылдық кездесулеріне ұйытқы болыпты. Басқосуда жерлестері Құбылдың ауылға деген алғаусыз ниетіне тәнтілік танытты.

Кездесу барысында сыныптастар өмірден өткен достарын жадына түсірді. Мешітке барып құрдастары мен ұстаздарының рухына құран бағыштады. Бақиға аттанған сыныптастарына арнап құлпытас қойды.

Сол күні тура жетпіс жасқа толған Шарипа Жүсіпова анамыз «Жарты ғасырды артқа тастаған біздерге бұл кездесудің орны ерекше. Бұл шара тек осымен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға үн қосамыз» дейді зор толғаныспен.

Кездесу соңы «Қаратерең вальсі» әнімен қорытындыланды.

Жұмабек Табынбаев,

Арал ауданы,

Қаратерең ауылы

http://www.halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=5703:2016-06-07-10-35-04&catid=2:2011-11-18-08-59-27&Itemid=2

8-06-2016, 14:40
1 956 просмотров
Нашли ошибку?