ДӘРІГЕР БЕДЕЛІ ҚЫМБАТ

ДӘРІГЕР БЕДЕЛІ ҚЫМБАТЕлімізде маусым айының екінші жексенбісі Медицина қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтеді. Осынау кәсіби мерекеге орай газет тілшісі «Сыр медицинасы» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Беисовпен әңгімелескен болатын.

 

Облыстың ден­сау­­лық сақтау саласында қырық жылдай қызмет еткеніңізді білеміз. «Сыр медицинасы» қоғамдық бірлестігін құруға не себеп болды?

 

– Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын осыдан тура қырық жыл бұрын «балалар дәрігері» мамандығы бойынша бітірдім. Еңбек жолымның көп бөлігі басшылық қызметте өтті. Қызылорда қалалық біріккен балалар ауруханасы, облыстық наркологиялық орталық, қалалық №2 және №4 емханаларда бас дәрігер болдым. Зайыбым Үрмия да дәрігер. Бір сөзбен айтқанда, дәрігерлер отбасымыз.

Адам денсаулығына медицинаның қатысы тек оннан бір бөлігі ғана. Мұны ресейлік ғалым Лисицын дәлелдеген.Соған қарамастан, бәрі дәрігердің қолында тұрғандай, медицина қызметкерлеріне алғыспен қатар сын да айтылады. Ел алдындағы дәрігер беделі сәл ақсағанын да мойындаймын. Десек те, бәрінен де дәрігер беделі қымбат.

Дәрігерлер қауымында өз салалары бойынша бірлестіктер жеткілікті. Олардың көбісі облыстағы филиал ғана. Үкіметтік емес ұйым құрып, облыс медицина қызметкерлерінің өзекті мәселелерін шешуге осындай бір бірлестіктің қажеттігін өмір көрсетті. Бұл идеяны әріптесім Серікбай Смағұлұлы берген болатын.

Бірлестіктің бұлай аталуының себебі бар. Аймақ медицинасының абыз ақсақалы, республикаға еңбегі сіңген дәрігер Ернияз Омаров пен дәрігер Серікбай Смағұлұлы бірлесіп жазған облыстың денсаулық сақтау саласының 1,5 ғасырлық тарихын қамтыған кітаптың аты «Сыр медицинасы» екенін ескердім.

 

– Бірлестік қызметінің мақсаты қандай?

 

– Сыр өңірі медицина қауымының бай дәстүрі бар. Басты мақсат – сол дәстүрді жалғастыру, облыс медицина қызметкерлерінің беделін арттыру. Сондай-ақ, тың жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру, дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға жәрдемдесу, түйткілді мәселелерді шешуге атсалысу, құқықтық кеңес беру, облыс көлемінде жеке медицина қызметінің дамуына ықпал ету және олардың құқықтарын қорғау, облыс медицинасына қазіргі заманғы озық технологияларды енгізуге ықпал ету.

 

– Атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз...

 

– Бірлестіктің құрылғанына осы маусым айында бір жыл болады. Өткен жылы оның жұмысы туралы барлық аудан орталықтарында болып, әріптестерімізді толық ақпараттандырдық. Бүгінде бірлестікке 6 мыңдай адам мүше. Біздің басқа бірлестіктерден айырмашылығымыз, тіркеуден өткен «Сыр медицинасы» атты газетіміз бар. 3000 таралыммен тарайтын газет айына екі рет шығады. Облыс медицинасының төл газетіне биыл 20 жыл толады. Сондай-ақ, өз ісін абыройлы атқарып, ел құрметіне бөленіп жүрген медицина қызметкерлерін ынталандыру мақсатында бірлестіктің «Сыр медицинасының үздігі» медалін тағайындап, онымен он бес адамды марапаттап үлгірдік. «Интернет» желісінде бірлестіктің жеке ресми сайты тұрақты жұмыс істеуде.

 

– Қазіргі денсаулық сақтау саласының дамуы қалай?

 

– Біз қатарлы ұрпақ институтты тегін оқып, стипендия алды, жатақханада тұрды. Ол кездегі ақпарат көзі тек кітап болатын. Сосын әр бес жыл сайын білім жетілдіріп отыратын. Бүгінде бәрі өзгерді. Медициналық орта және жоғары оқу орнында ақы төлеп оқиды. Оның ықпалының қандай болатыны алдағы кездің еншісінде.

Медицина қызметкеріне қажет ақпарат көзі жетерлік. Дегенмен, әрбірі бос уақытында өз бетінше білімін жетілдіріп отырса, құба-құп болар еді. Өйткені қазіргі медицинаның даму қарқыны өте жоғары. Көптеген әріптестеріміз тіпті шет елден білім алып, біліктілігін арттыруда. Мұндай біздің қиялымызға да кірмейтін.

Дәрігерлер әлі де қағазбастылықтан арыла алмай жүр. Денсаулық сақтау саласында да реформалар көп. Олардың нәтижелерін уақыт көрсете жатар.

Біздің кезімізде адамның тәнін оқытты. Ал адам онымен қоса жаннан да тұрады ғой. Әріптестеріме сырқат адамның жанын түсіну жағына көбірек ден қойса деп ойлаймын. Сол үшін өз газетімізде медициналық психология, қарым-қатынас өнері сияқты мәселелерге көбірек мән береміз. Бұл тақырыпта семинар-сабақтарды да өткіздік.

Облыстың аға газетінің мүмкіндігін пайдалана оты­рып, бірлестік атынан Сыр өңірінің барлық медицина қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймын. Олардың кәсібіне береке, өздері мен отбастарына мықты денсаулық тілеймін.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ

«Сыр бойы» газетінен

 

21-06-2016, 12:42
1 834 просмотров
Нашли ошибку?