» » Тәуелсіздіктің 25 жылдығында ақ халаттылар марапатталды

Тәуелсіздіктің 25 жылдығында ақ халаттылар марапатталды

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерей тойын аймағымыздың ақ халатты абзал жандары да айрықша атап өтті. Мерекелік шарада «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» медалімен 18 адам марапатталса, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі тарапынан 5 дәрігер «Еңбек ардагері» медалін кеудесінен тақты. Сондай-ақ тағы бірнеше маман облыс әкімінің Құрмет Грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болды. Еліміз Егемендік алған ширек ғасыр ішінде қандай белестерге көтерілсе, бұл биікке жетуде дәрігерлердің сіңірген еңбегі орасан. 25 жыл ішінде мемлекетіміздің денсаулық саласа елмен бірге жасасып, дами түсті. Оның ішінде Сыр өңірінің медицинасы да қарыштап дамып, көптеген оталарды өз жерімізде жасай алатын дәрежеге жетті. Аймақ тұрғындарының өмір сүру жасының ұзақтығы да артып, орта жас 72 жасты құрады. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын осындай жетістіктерімен қарсы алған дәрігерлерді құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, облыс әкімінің Құрмет Грамотасы мен Алғыс хатын бірнеше дәрігерге табыс етті. Тәуелсіздік тұсында облыстың денсаулық сақтау саласында да көптеген өзгерістер мен жаңару болды. 1998 жылы облыстағы ең айтулы кезең Ел Басы өз қолымен – облыстық медицина орталығын ашты. 2005 жылы саланы қаржыландыру 6 жарым млрд теңге болса, 2015 жылы 32 млрд теңгеге дейін, яғни 87 пайызға өскен. Осы жылдар аралығында 119 нысан жаңадан пайдалануға беріліп, 311 нысан күрделі жөндеуден өткізілсе, емдеу мекемелері санитарлық автокөліктермен толық жарақтандырылған. Осы істердің басы-қасында жүрген денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова әріптестерін құттықтап, тағы да бірнеше маманды марапат мінберіне көтерді. Облысымызда 2009 жылы кардиохирургиялық орталық, 2013 жылы Нейроинсульттық орталық ашылды. 2009 жылы санитарлық авиация жұмысы жанданды. Үлкен орталықтардан ана мен бала, облыстық балалар ауруханасы іске қосылды. Сондай-ақ , аудандардағы емханалар түгелдей жаңартылды, жыл аяғына дейін Жаңақорған аудандық емханасы мен 11 дәрігерлік амбулатория өз жұмысын бастайтын болады. Бұлардың барлығы тек Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткен толағай табыстар.

 

http://kogamtv.kz/t%D3%99uelsizdikti%D2%A3-25-zhyldy%D2%93ynda-a%D2%9B-xalattylar-marapattaldy/


 

22-12-2016, 13:07
1 488 просмотров
Нашли ошибку?