» » БОЛСА ЕКЕН БАСШЫЛАРДЫҢ БӘРІ ОСЫНДАЙ

БОЛСА ЕКЕН БАСШЫЛАРДЫҢ БӘРІ ОСЫНДАЙ


Іргетасы 1904 жылы қаланған үйде темір­жол­шыларға арналған тораптық ауруханасы орналасты. Бұл ғасырдан астам тарихы бар киелі шаңырақ. Кезінде талай қиындықты бастан кешіріп, 1996 жылы жаңа ғимаратқа көшті. Осы уақыттың ішінде үлкен аулаға неше түрлі ағаштар мен гүлдер егілді. Сөйтіп олар өздерінің қай нәр­сеге де бейім екенін көрсете білді.

Медициналық антын өмірлік ұста­нымы етіп, адам денсаулығының сақ­шысына айналған Құбыл Ршымбет­ов басқарған ұжымда шипалы емі, жылы лебізбен жан дүниеңді орнына келтіретін ақ халатты абзал мамандар аз емес. Атап айтсақ Бақыт Айжарықова, Жасұлан Қуанышбаев, Жолдас Елеуов, Садуақас Ахметов, Сейілхан Артықбаев, Қазбек Еспаев, Айгүл Құлмағамбетова, Аманкелді Қанатов, Серік Адаев, Алтын Дәріба­ева, аға медбике Райкүл, медбикелер Гүлназ, Шамшагүл, Гүлхан, Алуа, Сәуле, Ұлмекен, учаскелік медбикелер Жеңіскүл, Миуа, тағы басқа да жайдары жандар жиналған. Дәрігерлер күн демей, түн демей науқастарға меди­циналық көмек көрсетуге бар күш-жігерлерін салады. Тораптық теміржол ауруханасы қазіргі кезде заманауи меди­циналық құрал-жабдықтармен қам­­та­масыз етілген. Тұп-тура шипажай­да­ғыдай жағдай жасалған. Физкабинетте жаныңа не керектің бәрі бар. Электрлі массаждың небір түрі, ванна, душ сияқты жоғары дәрежедегі емдеу технологиялары түгел қол­данылады.

«Даулы адам сандалады, ауру адам сандалады» деген аталы сөзді әркім басына түскенде ғана біледі. Олай дейтінім, менің қосағым көп жылдан бері сырқаттанады, қант диабеті үнемі көтеріңкі, үш рет жүрегіне ота жасатқасын аяқ астынан ауыр жағдаймен ауруханаға жиі түседі. Менің өзім де ота арқылы өт жолын алдырып, содан кейін де ес-түссіз ұйқы безінің асқынуымен аурухананың тау­қыметін тартқан едім.

Жақында кемпіріміз екеуміз облыс орталығынан жүрекке ота жасатып келгенбіз. Аяқ асты қатты ауырып, жедел жәрдем арқылы теміржол ауруханасына түстік. Барған бойда айнала қаумалаған ақ халатты дәрігерлер ойласып, пікірлесіп шұғыл медициналық шаралар жасап, біздің есімізді жинауы­мызға көмектерін берді.

Қазалы тораптық теміржол ауруханасы Қазалы, Арал, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласының халқына медициналық қызмет көрсе­теді. Үсті-бастары мұнтаздай ақ халатты медбикелер қолдарындағы дәрі-дәрмегін егіп, жайдары жарқын жүзбен «жағдайыңыз, жақсы болады» деп көңілдендіріп, екінші біреулерге барады. Қандай жайсаң жандар десеңші! Науқастардың көпшілігі мұңайып келіп, шамалы күнде ауруынан айы­ғып, аяғына тұрып, батасын жаудырып, күліп-ойнап, жадырап-жайнап рахметін айтып, үйлеріне қайтып жатады. Менің шамалы күнде ұққаным, дәрігерлер мен медбикелердің тынымсыз тірлігі науқасқа деген жана­шырлықтары бөлек. Міндеті қызмет­теріне ынта-ықыласымен, үлкен жауап­кершілік сезіммен қарайды. Терапия, хирургия бөлімдерінен ардагерлерге арналған палата бөлініп, жоғары меди­циналық көмек тегін көрсетілуде. Бөлме тазалығы ойдағыдай, телевизор, кондиционер, тоңазытқышпен қам­тылған, жылы су, салқын суы ағып тұр. Науқастың бас жағына медбикені шақы­ратын электр нүктесі орнатылған. Нау­қастарды тексеретін жаңа технологиялар, узи, рентген, кардио, физкабинеттер дейсің бе керегіңнің бәрі табылады, сыртқа шықпайсың. Науқастың диагнозына байланысты үш мезгіл диеталық тамақ берілуде.

Құбыл Ршымбетов өзгенің кемші­лігінен сабақ алып, кемшін тұсын түзеп жүретін, артыққа да, жамандыққа да, астамшылыққа да бармай өзін бір қалыпты ұстайтын азамат. Ол айналасынан кемшілік іздеу үшін, әуелі әрдайым өзін-өзі бақылайды, сосын барып өзгелерге ақыл-кеңесін айтып, жолға қоюды әдетіне айналдырған. Мұндай адамдар болашақ ұрпақтың бойына рухани ізгілік қасиеттерін сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге жалпы азаматтық құндылықтарды, адамгершілік ұстанымдарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға үлкен үлес қосатыны анық. Осындай тәсіл мен тәжірибе жастардың көңілін көтеріп, адами болмысын қалауға, бір-бірімен сыйластық дәрежесі артып, қарым-қатынасы күшейіп, мейірімділік пен сенімге жүгі­нері сөзсіз. Құбыл сияқты әрбір басшы өз саласына заман талабына сай жағдай жасап, оңтайлы жұмыспен қамтып отырса қарамағындағы қызметкерлер ешқайда кетпей, туған жерінде еңбек етіп, мамыражай, жайбарақат өмір сүре берген болар еді.

«Жанған шырақ жан-жағын­дағы­ларға жарық берер, жарық берген шырақты халық білер» дегендей әрбір азамат өзінің туған жерін түлетіп, халқына Құбылдай жанашыр болса өзінің де өзгенің де діттегені түгел болар еді.

Ол осы ұжымнан зейнетке шыққан­дарды әрбір мерекеде жинап, ақ дастарханын жайып, төрден орын беріп, тілек айтқызып, ақ батасын алуды үрдіске айналдырған. Дүниеден озғандардың отбасына ұжымын бастап барып, көңіл айту, кемтарларға көмек беру, ардагерлерге арнайы палата ашып, тегін емдеуді облыста бірінші болып қолға алған. Аудандық ардагерлер үйіне меди­циналық жабдықтарды тегін беріп, қамқорлық жасап, өзгелерге өне­ге көрсете білгенде осы ұжым.

Кезінде нарықтың қыспағына қайыспай, қарсы тұрған Құбыл Ршымбетов бастаған темірдей тәртіппен бір кісінің баласындай бірлікпен тынымсыз еңбек еткен мекеме өздерін қиындықты жеңудің, жетістікке жету­дің жолын өзгелерге көрсете білді. Нәтижесінде жабылу қаупінен аман алып қалып, қазір халыққа қалтқысыз қызмет жасап, жаңа технологияларды игеріп, ауруды ажалдан арашалап қалуға күн-түн демей жұмыс жасап, ерінбейтін ізденістері арқылы ауданда, облыста жоқ жаңа технологиялар әкеліп, орнатып, кадрларын жоғары мамандар арқылы оқытып, кәсіптері бойынша жаңа жетістіктерге қол жеткізіп, үлкен абырой мен құрметке, алғысқа кенелуде.

Қаншама жылдар бойы заман­ның ағымынан қалмай жоқтан бар жасап, мекемеге төніп тұрған қауіп­тердің көзін тауып ізін сақтап, ұжым­ның ауызбірлігін қамтып, намыс­тарын қорғап, жігерлендіріп, тынымсыз еңбекке бастап, ақыры рес­публикалық дәрежеге жеткізіп, аудан­ның абыройын асқақтатуға үлес қо­сып жүрген ғасырдан асқан жасы бар киелі шаңырақты халық жақсы біледі. Демалыс күндері Құбылдың өзі келіп, палаталарды аралап, емделіп жатқандардың жағдайын сұрап кеткеннен кейін олардың: «Шіркін-ай, болса екен басшылардың бәрі осындай» – деп ағынан жарылып айтқан сөздерін көзбен көріп, өз кұлағымызбен естідік.

Әрдайым алға қойған мақсат­тарың сәтті болып, ұжымның ынтымағы одан сайын нығая берсін дейміз.

Оразғали БЕКБАНОВ,

Қазақстан Республикасының құрметті ардагері,

аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

http://qazaly.kz/bolsa-eken-basshylardy-b-ri-osyndaj/
13-05-2017, 17:45
1 491 просмотров
Нашли ошибку?