Ардақты ақ халатты абзал жандар!
Адам өмірін ұзартуға септігін
тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп,
қадірлеген. Елеулі еңбектеріңіз ерекше құрмет пен сенімге ие. Себебі сіздерді
әрқашан жоғары жауапкершілік, халыққа қызмет жасау, көмекке зәру жандарға қол
ұшын беруге даяр тұру сияқты қасиеттер ерекшелендіріп тұрады.
Бүгінгі таңда елімізде денсаулық
сақтау жүйесін реформалауға үлкен талпыныс жасалуда.Ұлт саулығы, денсаулық
сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері
мен мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына айналды. Мемлекет басшысы Н.Ә.
Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты
қадамы соның айқын көрінісі. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын
дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі
5 бағытына дайындалған «Жол карталарын» іске асыру жүргізілуде. Ондағы ортақ
мақсатымыз медициналық көмекті қолжетімді, дәрігерлік қызметті сапалы ету.
Ұлт
Жоспарында қойылған басты міндеттердің бірі-міндетті әлеуметтік медициналық
сақтандыру (МӘМС) жүйесін енгізу болатын, 100 нақты қадамның 80-ші қадамында
оның мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың ынтымақтастығы негізінде жүзеге
асатыны айқын көрсетілген. Сондай-ақ, жаңа жүйе бастапқы медициналық-санитарлық
көмекті (БМСК) бірінші кезекте қаржыландыруға басымдық бермек.
Міндетті әлеуметтік
медициналық қор құрудың негізгі мақсаты – медициналық қызмет сапасын арттыру болса,
сонымен қатар, енгізілетін жүйе -
медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді деп
күтілуде. Әлеуметтік сақтандыру жүйесі - адамның қандай ауыр науқасқа
шалдықпасын, сақтандыру жүйесі шеңберінде тиісті медициналық көмекке иек арта
алатындығына кепіл бола алады. Бұл бағытта аурухана ұжымы қызу дайындық
жұмыстарын жүргізу үстінде.
Тәуелсіздігіміздің тарихында Қазалы
теміржол ауруханасы түрлі қиындықтардан өтіп, талай белестерді артқа тастап
келеді. Бүгінде аурухана көпсалалы емдеу мекемесі ретінде облыс тұрғындарына
танымал. 140 төсек-орынмен қамтылған мекемеден жыл сайын 3300-3400 науқас ем
алып шығады. Диагностикалық, инструменталдық, дәрігерлік тексерулер, емдеу
тәсілдері және науқастарды қайта қалпына келтіру жұмыстарын жолға қойған аурухана
аймақтағы көпсалалы медициналық ұйымға айналып отыр. Бұл, әрине, білікті
мамандардың жанқиярлықпен еткен еңбегінің жемісі.
Адам жанының арашашысы болу-
жүректілікті талап ететін қызмет. Мемлекетіміздің ең басты құндылығы- адам
өмірі болып табылады. Бұл орайда оның толыққанды бақытты өмір сүруі тікелей
оның денсаулығына байланысты. Осы тұста біздің мекемеде 67 дәрігер, 179 орта
және 79 кіші буын медицина қызметкері қоғам саулығы үшін тынымсыз еңбек етіп
жүр.
Ауруханада жүзеге асырылған денсаулық
сақтау саласына қатысты бағдарламалардың барлығы ел саулығын нығайтуға үлес
қосуда. Атап айтқанда, 2015 жылы жаңа технологиялардан эндовидеохирургиялық
кешен арқылы өт қалтасына және кистомаға, аппендицитке лапароскопиялық
жолмен, компьютерлік томограф, УДЗ және «С-дуга» рентгендиагностикалық кешені
көмегімен оталар жасау енгізілді. 2016 жылдан бастап ауруханада 20 төсектік нейроинсульт
орталығы ашылып, осы уақытқа дейін Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарынан түскен 400-ден
астам науқас емделіп шықты, арнайы дайындықтан өтіп, қажетті аппараттармен
қамтамасыз етілген тәжірибелі маман-нейрохирургтар компьютерлік томографтың
көмегімен науқастардың ми қан тамырларының ауруларын анықтап, күрделі
нейрохирургиялық оталар жасап келеді. Қазіргі кезде аурухананың травматолог
мамандары жоғары технологиялы медициналық қызмет (жамбас буынын эндопротездеу
және остеосинтез) көрсетуде, 2017 жылдың 5 айында мемлекеттік тапсырыспен 4 науқасқа
ота жасап, емдеп шығарды.
Компьютерлік
томограф аппаратымен Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары және Байқоңыр қаласының
тұрғындарына тәулік бойы тегін және ақылы түрде тексерулер жүргізіледі, УДЗ
аппаратымен стационарлық науқастарға ақысыз қызмет көрсетіліп, ай сайын
350-400 зерттеулер жүргізіліп келеді.
Бүйрек жетіспеушілігі бар науқастарға гемодиализ бөлімінде "ІD
Senіm” фирмасымен келісім-шарт негізінде 5 аппаратпен Арал, Қазалы, Қармақшы
аудандары және Байқоңыр қаласының тұрғындарына ем-шара жасалады.
Ауруханада «Телемедициналық» байланыс іске
қосылған. Бұл байланыс арқылы күрделі науқастар 14 республикалық клиникалық,
ғылыми-зерттеу, облыстық медициналық, перинаталдық, диагностикалық орталықтарынан
кеңес ала алады және дәрігерлер селекторлық кеңестер мен видеоконференцияларға
қатысып, білімін жетілдіріп келеді.
Емханада жанұя медицинасы қағидаты
енгізілуде, қызметкерлер жалпы практика дәрігері мамандығы бойынша үздіксіз
білім алуда, барлық аймақтық дәрігерлер
кезең-кезеңімен жалпы дәрігерлік практикаға ауыстырылып жатыр. Осы жылдан
бастап емханада амбулаторлық хирургия орталығы ашылды. Келуші пациенттерге мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту
мақсатында электронды кезек жүйесі іске қосылды. Қант диабеті, артериалдық
гипертензия, бронхиалдық астма, ана мен бала мектептері мен ресурстар
орталығының жұмысы жандандырылып, жаңа деңгейге көтерілді.
Мекеменің заманауи құралдармен жабдықталуы,
жаңа медициналық технологиялардың енгізілуі тұрғындарға медициналық қызмет
көрсету сапасын арттыруға, әр отбасының, әр азаматтың денсаулығын жақсартуға оң
ықпал етуде.
Біздің әрқайсысымыз өмір мен
денсаулықтан артық құндылық жоқ екенін түсінеміз. Дәл осы баға жетпес құндылықты
сақтап қалуға негізделетін аса жоғары жауапкершілік Сіз бен бізге жүктеледі.
Қазақта «Тәні саудың жаны сау» аталы сөз бар.
Сондықтан бүгінгі таңда аурудың алдын алу біз үшін өте өзекті болып табылады.
Бұл жолда Сіздер аянбай тер төгіп келесіздер. Сіздердің шипалы қолдарыңыздың
арқасында өмірден күдер үзген талай науқас жарық дүниеге қайта оралды. Бүгінгі
мерекеде осындай игілік нұрын сеуіп, халық денсаулығын жақсарту жолындағы
еңбектеріңіз үшін алғысымды білдіргім келеді. Сөзсіз Сіздердің толассыз
қызметтеріңіздің өлшемінде қуанышымен қауышқан талай адамдардың тағдыры тұр.
Алдағы уақытта адам тәнінің қиналысы мен қасіретін жүрегімен сезіне білетін
Сіздерді халыққа қалтқысыз еңбек етеді деп сенемін.
Құрметті әріптестер!
Барлық медицина қызметкерлері мен өз
әріптестерімді кәсіби төл мерекелерімен шын жүректен құттықтап, дендеріне
саулық, баянды бақыт, еңбекте табыс, төзімділік пен күш-қайрат, отбасыларына
береке-бірлік, амандық тілеймін. Игілікті істеріңізге деген адалдықтарыңыз,
азаматтардың денсаулығы үшін аянбай жасап отырған қызметтеріңіз жемісті болсын. Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды,
беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі
баянды болғай.Дәулетіміз шалқып, береке-бірлігіміз жараса берсін!
Құрметпен, Құбыл РШЫМБЕТОВ,
«Апаттар
медицинасының теміржолгоспитальдары» Акционерлік қоғамының филиалы- Қазалы
теміржол ауруханасының директоры