Өрт оқиғасы өршіп тұрБиыл облыста өрт оқиғасының саны көбейіп отыр. Тілсіз жаудың жай-жапсарын өрт қауіпсіздігіне жауапты мамандар өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифинг барысында тарқатты. - Осы жылы облыс бойынша 446 өрт оқиғасы орын алып, 34 миллион 396 мың 500 теңге материалдық шығын келтірген. Былтыр 406 өрт болып, 29 миллион 598 мың 500 теңге мүліктік шығын болған. Өрт оқиғасынан 3 адам қаза болды. Оның ішінде 1-еуі – бала. Ал жарақат алғандар саны 9 адамды құрап отыр, - деді облыстық ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Руслан Қайрақбаев. Өңірде2017 жылдың қаңтарынан бері түтінге уланудың 10 фактісі тіркелген. Уланғандардың 7-еуі ересек адам болса, 18-і жасөспірім. Ал жылу беру маусымы басталғаннан бері мұндай деректің тек 1-еуі ғана болған. Одан 3 адам зардап шегіп, дәрігердің көмегіне жүгініпті. Облыстық медициналық орталықтың токсиколог-дәрігері Ерболат Алдабергеновтың айтуынша, биыл уланудан емделген 18 адамның көпшілігі пештен, моншаға түскенде, газдан ақау кеткен кезде уланған. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығына өрттен келер қауіпті сейілту үшін жауапты қызметкерлер жүйелі жұмыс жасап жүр. Атап айтқанда, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы жұмылдырылып, өрт қауіпсіздігі шараларын ұйымдастыруда. Оның ішінде тұрғын үйлердегі тұрмыстық жағдайдағы от жағу пешінің қауіпсіздігі мен көмірқышқыл газына уланудың алдын алу насихатталуда. Әраптаның сенбісінде аталмыш Департамент «Өрт қауіпсіздігі күнін» жариялап, өрттің себептерін талдай отыра облыс көлемінде 66 мың 616 тұрғын үйді аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ, мектеп жасындағы балаларға өрт қауіпсіздігіне байланысты білімін арттыру үшін білім беру мекемелерімен бірлесіп, кездесу, интерактивті сабақ өткізілген. Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА Cурет Московская медицина сайтынан алынды. http://halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=8199:2017-11-21-09-26-23&catid=2:2011-11-18-08-59-27&Itemid=2 |