Екпе салдыру енжарлықты көтермейдіДәрігер – адам жанының арашашысы. Мұндай халыққа қадірлі мамандық иелерінің қатарында есімі құрметпен аталып жүрген санитар дәрігер Сержанқожа Берденов. Санитарлық эпидемиология бағытына жарты ғұмырын арнап, абырой биігіне көтерілген азаматқа арнайы барып, жолыққан едік. – Еңбек жолыңыз Қазалы медицинасымен бірге өрлеп, дамыды. Дәрігерлікке қашан келдіңіз? – Жалпы өткен ғасырдың ортасына дейін Қазалыда қазақ ұлтты дәрігерлер болмаған. 1960 жылдардан бастап жаңа буын қосылды. Бірінші болып ауданға Байзырахман Жұмағұлов деген дәрігер келген. Мен 1965 жылы санэпидстанцияға басшы боп тағайындалдым. Оған дейін Нағима Омарова деген қыз болған еді. 1965 жылдан бастап Мақат Жансейітов, Қызыл Жексенұлы, Нұрқасым Сейітбаев, Нұрсұлтан Мұратбаев сынды дәрігерлер ауданда тұңғыш болып осы салаға келді. Бұл кісілердің барлығы да Қазалы медицинасының гүлденуіне өзінше үлес қосты.Қазіргі кезде де жақсы қызметімен көзге түсіп жүрген Көбек Наршабаев, Бақытгүл Әлішова есімдерін ерекше атағым келеді. – СЭС деп атап жүрміз. Байқасам, бұл мамандық “қоғамдық денсаулық сақтау” деп аталады. Коронавирус әлемді шарпыған кезде осы мамандыққа сұраныс артқандай... – Өткен жылы әлемді каронавирус басталғанда маман табылмады. Оның ішінде адамды емдеймін деп қанша дәрігер ауруханаға қонып, өзіне вирус жұққанын байқамай қалды. Олардың қатарында білікті дәрігер Іскендір Жұмағазиев те бар. Күнделікті көзге көрінетін аурулар жоғалғалы бұл мамандық керек емес сияқты көрінгенімен, адамның туғаннан-өлгенге дейін сапалы өмір сүруіне не ішіп, не кию керек, ауасы, суы қандай болу керек болса, осының бәрін зерттейтін біздің сала. Мамандыққа сұраныс артқан шақта жақсы кадрлар тапшылығы байқалды. – Әңгімеміздің ауаны пандемияға ауысты. Бұл бағытта ел ішінде екпеге күмән көп. Аурулардың алдын алушы маман ретінде бұл туралы пікіріңіз қандай? – Халық әлеуметтік желіден алған неше түрлі жалған ақпараттарға сеніп, вакцинадан бас тартуда. Шын мәнінде, оны жай адам емес, медициналық білімі барлар ойлап тапқан. Ол ауру туғызбайтын, өлген микробтардан жасалады. Осы жағынан ауданда санитарлық түсіндірме жұмыстарын кеңейту керектігі уақыт талабы. Вирус жұқпалы болғандықтан, екпе салдыруда енжарлық танытау керек. Яғни, адам өзінің, одан кейін айналасының амандығы үшін екпе салдыруы тиіс. Мұндай тәжірибе бізде бұрыннан бар. – Ертеректе Қазалыда осындай эпидемиялар жиі орын алатын еді? – Әрине, бұрын медицина саласы цифрланбаған, екпе жайлы күнделікті ақпараттанбаған кезде де дифтерия, шешек, оба, қызылша, тырыспай, холера сияқты вирустық аурулар көп болған. Тәжірибемнен айтсам, соның ішіндегі дифтерияны тек екпе арқылы жоя алдық. Өткен ғасырдың 70-жылдары жаппай сары ауру эпидемиясы жүрді. Сол уақытта Қазалыда 60 мындай халық болса, олардың үштен бірі аталмыш аурумен ауырды. Санға шаққанда 20 мың тұрғын. Ол тұста сары аурудың екпесі жоқ болатын. Бірақ су, қол арқылы жұғатындығын ескеріп, жұмысшы топты бөліп, барлық суды тексеріп, тазаладық. Іш сүзегі де сонымен қатар келіп, кішкентай балалардан айырылдық. Сондықтан ел болашағы үшін екпе салдыруға тиіспіз. – Тәуелсіздік алғаннан кейін санитарлы эпидемиологиялық станцияның жұмыстары қалай өзгерді? – Алғаш 1966 жылы басшы боп келгенімде мұнда кәсіби база жоқ еді. Екі кабинеттен тұратын станциямыз болды. Кадр жетіспеушілігі айқын білінетін. Кейіннен мемлекеттен көңіл бөлініп, жұмысшы топ құрамы 50-60 адамға жетті. 1984 жылға дейін осында бас дәрігер боп қызмет атқардым. Одан ары қарай санитар врач болып, 2008 жылы зейнеткерлікке шықтым. Тәуелсіздік жылдары экономика нашарлап, барлық жерде емхана, кадр қысқарды.Эпидемиолог мамандығы керек емес деп табылып, ЖОО-да жабылып қалды. Әдетте санэпидстанцияның жұмысы көзге көрінбейді. Дәрігерлер науқастанған адамды емдесе, біздің міндет аурудың алдын алу. Ішіп жатқан тамақ, су, балабақшадағы тазалық барлығы да тұрақты тексерісімізде болатын. Шыны керек, сол кездері санэпидстанцияға үкіметтің көзқарасы дұрыс болмады. СЭС-тің құқықтары азайып, түрлі тексеріске, салық салуға тікелей прокуратураның бақылауымен ғана бара алатын болды. Яғни, бұрынғыдай өздері барып тексермейді.Тек белгілі бір тұрғын дүкендегі затқа шағым түсірсе, соны ғана қарайды. Жұмыс істеп жатыр деген аты болмаса, кадрлық тұрғыдан нашарлап кеткен-ді. Қазір қайтадан көңіл бөлінуде. – Тексеріс қандай бағытта болатын? – Бізде төрт сала бар. Олар: тамақ құрамы, ас ішу орындары, дүкендерге қарайтын тамақтану гигиенасы, халыққа ортақ су, моншаға жауапты коммуналдық гигиена, балалар және еңбек гигиенасы болатын. Адам өмірінің ұзақтығы мен сапасы – біздің саладағы басты тақырып. – Бір тарапында Арал, келесісінде Байқоңырмен шектесетін біздің ауданның экологиялық жайы мәз емес. Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығына экологиялық фактор қалай әсер етеді? – Тәуелсіздікке табан тіремей тұрып, Байқоңырдың лас кәріз жүйесінің суын ішкенбіз. Жиі-жиі министрлікке шағымданып, тексеріп отыру арқылы тоқтаттық. Ол суды ішу жалғасқанда, қазалылықтар азайып қалар еді. Қазіргі Сарбұлақтан ішіп отырған судың санитарлық тазалығы жақсы. Экологиялық факторға келсек, біздің адамдардың иммунитеті мықты. Бұл төрт түліктің ағын ішіп, табиғи тағамды тұтынуға тікелей байланысты. Өмір сүру ұзақтығы, негізінен, адамның өмір сүру салтының көрінісі. Қазір дүкенде неше түрлі бояу, қоспа қосылған тағам көп. Жоғарыда айтқан құқықтық шектеулерге байланысты оны күн сайын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Меніңше, дұрыс тамақтану мен осы судың өзгеруі бізді құтқарып қалды. Әлі де экологияның қармағындамыз. Бірақ ұзақ өмір сүремін деген адам дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстануы керек. Бұл жақсы нәрсе ойлап, көңілді жүруге де байланысты. Уақытылы ұйқы, тамақтанудың адам өміріндегі маңызы зор. – Сұқбатыңызға рақмет! Әңгімелескен Дина БӨКЕБАЙ https://qazaly.kz/zanalyk/suhbat/20190-ekpe-saldyru-enzharlyty-ktermeyd.html |