Орны бөлек орталық

Орны бөлек орталық Қазақстанның апаттар медицинасы орталығына 20 жыл толды. Ал орталық бүгінгі күнде немен айналысады, азаматтардың күнделікті өміріне қатысы бар орталық жайлы жұртшылық не біледі? Қандай жұмыстар істелінуде?
 
Біз осыған орай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті «Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры Ержан Сағиұлы Ысқақовпен ой бөліскен едік.
– Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің қаулысымен 1994 қыркүйекте республикада шұғыл медициналық көмек қызметін құру туралы шешім қабылданды. Аталған қаулыны орындау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 1994 жылы желтоқсанда Республикалық экстремалды және медициналық биологиялық мәселелердің ғылыми-практикалық орталығы құрылды, 1997 жылы оның атауы Апаттар медицинасы орталығы болып өзгертілді. Елімізде халықтың өмірі мен денсаулығын құтқару жүйесін одан ары дамыту, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының ТЖ-да әрекет етуге дайындығын жоғарылату мақсатында, 2007 жылғы тамыз айында орталық Төтенше жағдайлар министрлігінің басқаруына берілді.
Жиырма жыл ішінде апаттар медицинасы қызметі шын мәнінде, республикалық қызметке айналды. Республиканың барлық әкімшілік-аймақтық орталығында қазір аумақтық Апаттар медицинасы құрылып, қызмет етуде.  
Біз демалыссыз жұмыс істейміз. Орталықта шұғыл әрекет ету бригадалары жедел кезекшілік атқарады. Олардың апат, өрт, жол-көлік оқиғалары мен басқа төтенше жағдайларға баруға дайындық уақыты 3-5 минутты құрайды. Барлық жұмыс жасаған мерзімі ішінде Апаттар медицинасы орталығының бөлімшелері Қазақстан мен шетелдерде 40-тан аса ірі төтенше жағдайдың медициналық-санитарлық салдарларын жоюға қатысты, 7 мыңға жуық оқиға орнына шығуды іске асырды, бұл ретте 8 мыңнан аса зардап шегушіге білікті медициналық көмек көрсетілді.  
Орталықтың негізгі құралымының бірі – бұл автономды далалық госпиталі. Госпиталь дәрігерлері қазіргі Қазақстан тарихында орын алған 43 адамның өліміне әкелген ең жойқын су тасқыны – Қызылағаш кентінде бөгеттің бұзылуы кезінде баға жетпес көмек көрсетті, онда 300 адам жарақат алды, 146 үйді су шайып, 200 аса үй қирап қалды. Тасқын су нәтижесінде барлық медициналық мекемелердің жұмысы бұзылды, ал госпиталь ТЖ аумағында қызмет еткен жалғыз емдеу мекемесі болды.  
Біздің мамандар шетелде зардап шеккен Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға да қатысады. Мысалы, 2009 жылы Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлері Қазақстан азаматтарын Ауғанстаннан эвакуациялау кезінде жәрдем көрсетті, онда отын құю көлігінің тұтануынан 6 біздің отандасымыз күйік алғаны белгілі, 2011 жылы – Мысырдағы жанжал аумағынан және Жапониядағы жер сілкінісі кезінде эвакуациялауға атсалысты.  
Апаттар медицинасы орталығының психологиялық қызметі – төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде зардап шеккен халыққа және құтқарушыларға психологиялық қолдау көрсету. Біздің психологтар 2013 жылғы қаңтар айында Көкшетау – Алматы рейсі бойынша әуе апатында қайтыс болған адамдардың туыстары мен жақындарына, сол жылдың көктемінде Көкпекті су қоймасы бөгетінің бұзылуы кезінде зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетті.
Бүгінгі күні біздің психологтар 500-ден аса төтенше жағдайға араласты, 1000-нан аса зардап шегушіге шұғыл психологиялық көмек көрсетті..  
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес бүгінде көліктік медицина дами үстінде. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында қазір 40 күре жолдық медициналық құтқару пунктін (КМҚП) құру қарастырылуда, олардың ішінде 26-сы 2012 –2013 жылдары құрылды, 2014 жылы тағы 14 күре жолдық пункт енгізілетін болады, осылайша, жол бойындағы 40 медициналық құтқару пунктін құру бойынша мемлекеттік бағдарлама мерзімінен бір жыл бұрын жүзеге асырылмақ. КМҚП құрылған сәтінен бастап бүгінгі уақытқа дейін 1,5 мыңнан жол-көлік оқиғаларына аса шұғыл көмек көрсетілді, 5 мың дерлік зардап шегушіге жәрдем алды, 1,5 мыңға жуық адам ауруханаға жатқызылды, 3 мыңнан аса азамат медициналық көмекке өздері жүгінді, олардың ішінде 150 адам емдеу мекемелеріне жеткізілді.  
Бригаданың жол-көлік оқиғаларында зардап шеккендерге жету уақыты 20-25 минутты құрайды, осылайша «алтын уақыт» ережесі сақталады: емделуші медициналық көмекті неғұрлым ертерек алатын болса, соғұрлым оны аман сақтау мүмкіндігі жоғарырақ болады.  
Жол-көлік апаты салдарынан қайтыс болғандардың санын 2009 жылы 26%-дан 2015 жылы 16%-ға азайту міндеті алға қойылып отыр. 2012 жылы күре жолдық пункттердің жауапты аумағында өлім-жітім көрсеткіші – 17,8%, 2013 жылы 15,3%-ды құрады. Осылайша, 26 күре жолдық пунктінің жұмысы КМҚП-нің жауапты аумағында жол-көлік оқиғалары кезіндегі өліммен аяқталған оқиғалар санын азайтуға мүмкіндік берді. Бұл күре жолдық медициналық құтқару пункттері жұмысының тиімділігін айғақтайды. Қорытындылай айтқанда, Апаттар медицинасы қызметі өзін еліміздегі денсаулық сақтаудың өз қызмет нысаны және оған тән жұмыс тәсілдері бар жеке-дара сала ретінде көрсете білді. Бүгінгі күні орталық ұжымы алдында одан ары дамудың келешегі мен басымды бағыттары белгіленді. Қазіргі таңда халықты қорғау және террорлық акт, қарулы қақтығыстарда, табиғи және техногенді апаттарда зардап шеккендерге медициналық көмекті ұйымдастыру міндеті өзекті болып тұр. Бұл міндеттерді барлық мүдделі министрліктер мен ведомстволармен өзара байланыс арқылы ғана бірлесіп орындауға болады.  

Еркін ҚАЛДАН
http://aikyn.kz/articles/view/60766
6-11-2014, 22:50
1 695 просмотров
Нашли ошибку?